• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Технология 20 Желтоқсан, 2020

Қазақстанда сыртқы саудаға шолу жасайтын сараптамалық портал іске қосылды

196 рет
көрсетілді

Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ сыртқы сауда бойынша статистикалық ақпаратты талдаудың жаңа құралын әзірлеп, іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz

Интерактивті аналитикалық портал Қазақстанның және оның өңірлерінің сауда серіктестері, тауар позициялары (санаттар мен қайта бөліністер бойынша) бөлінісінде ақшалай көріністе де, физикалық көлемде де сауда ағындары туралы мәліметтерді жедел режимде алуға мүмкіндік береді. Ресурс сыртқы сауда туралы статистикалық ақпаратқа толассыз талдау жүргізу, сондай-ақ ресми көздерден порталға деректерді автоматты түрде түсіру және құрылымдау бөлігінде жоғары икемділікпен ерекшеленеді.

Аналитикалық портал Microsoft Power BI негізінде жұмыс істейді. Даму банкі инвестициялау үшін перспективалы салалар мен тауарлық тауашаларды айқындау жүйесін құру үшін тиісті бағдарламалау білімі және үлкен деректерді талдау (big data) және машиналық оқытуды енгізу (machine learning) бойынша жұмыс тәжірибесі бар маманды тартты.

Болашақта порталдың функционалын кеңейту және әлемнің түрлі елдеріне түрлі өнімдердің импорты мен экспорты туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін халықаралық сауда статистикасының базасын қосу жоспарлануда. Банк үшін Қазақстанның экономикадағы шикізаттық емес секторларындағы негізгі сауда серіктестері туралы ақпарат қолжетімді болады. Бұл қазақстандық өнімнің жекелеген топтарының елден тыс жерлердегі сұранысы мен сауда перспективаларын ұтымды бағалауға мүмкіндік береді.

«Бұл портал әлеуетін арттыруға болатын экономикадағы қажетті салаларды анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, егер Қазақстанда белгілі бір өнімдердің импорты жыл сайын өсетін болса, онда бұл өнімді өзімізде шығарудың  амалын ойластыру қажет деген сөз. Экспортқа қатысты жағдай да осындай. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, порталдың функцияларын кеңейтуге және біздің нарықтағы шетелдік инвесторлардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік беретін басқа да дерекқорларды қосатын боламыз. Кәсіпкер осы порталға кірген кезде, ол тауарларды жеткізу бойынша ішкі нарықтың перспективаларын, әрбір өңірдегі қандай да бір саланың даму серпінін айқындауға қандай импорт/экспорт мүмкіндік беретінін көретін болады. Порталды біздің серіктес банктер, ресейлік, түрік, пәкістандық әріптестер және т.б. белсенді пайдалануда», деп атап өтті «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.

Қазақстанның және өңірлердің сыртқы саудасы туралы статистикалық ақпаратты талдаудың қолжетімді және қолайлы құралы қазірдің өзінде кәсіпкерлерге белгілі бір тауарларды жеткізу бойынша ішкі нарықтың даму перспективаларын, сыртқы сауда қызметі призмасы арқылы сол немесе өзге саланың даму серпінін айқындауға мүмкіндік береді.

Ресурстың міндеті тұлғалардың кең ауқымын, оның ішінде бизнес қоғамдастықты, мемлекеттік органдарды, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды, салалық сарапшыларды және басқа да мүдделі тұлғаларды Қазақстанның өңірлеріндегі сыртқы сауда туралы тегін жедел статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету.

«Нарықта сыртқы сауданың физикалық көлемі бойынша ақпаратқа үлкен сұраныс бар, оның ішінде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішін (ЭҚЖЖ) қолдана отырып, сыртқы саудаға талдау жүргізуге сұраныс бар. Қазіргі қарқынды дамып келе жатқан экономикалық жағдайда, оның ішінде коронавирустық пандемияға байланысты, порталдың бизнес-қауымдастықтар үшін маңыздылығы, пайдасы мен өзектілігі артып келеді. Сондықтан біздің құрал мақсатты аудиторияда сұранысқа ие болатынына сенімдіміз», деді ҚДБ Басқарушы директоры Рахымжан Сатаев.

Аналитикалық портал Банктің ресми сайтында үш тілде орналастырылған. Статистикалық деректер ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті мен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сауда статистикасының жаңартылуына қарай автоматты түрде жаңартылады.