Қалалық мәслихат отырысында Амурская көшесін ұлағатты ұстаз, КСРО мемлекеттік сыйлығының лаураеты, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Бітібаева көшесі деп өзгерту туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты, деп хабарлайды Egemen.kz
Естеріңізде болса, газетіміздің 30 қарашадағы нөміріне «Бітібаеваның атына бір көше бұйырмай тұр» атты мақала шыққан-тұғын. Сондай-ақ, онамастика мәселесі Шығыс Қазақстандағы «Алтай асу» қоғамдық бірлестігінің үнемі назарында.
«Қанекең дүниеден озғалы 6 жылдан асты. Ол кемеңгеріміздің есімін мәңгіліктеу мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовке, қала әкіміне Жазушылар Одағының облыстағы филиалы, «Алтай асу» ҚБ-і, қаладағы зиялылардың, ұсатаздың шәкірттері атынан бірнеше мәрте сұраныс-хаттарын жаздық. Ол талап-тілектердің мазмұны жалқы: Бітібаеваға өзі ғұмыр бойы қызмет еткен Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның атын, өзі тұрған көшенің атауын беру. Жолданған хаттардың кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ» – деп жазған Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев.
Көп тілегі көл. Енді Өскемендегі Амурская көшесі Қанипа ұстаздың атымен аталады.
Өскемен қаласы