Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Айыртау ауылында доңыз фермасын салу туралы инвестициялық жоба ұсынылған болатын. Бұл бастамаға жергілікті тұрғындар қарсы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Шошқа бағып байымай-ақ қояйық» деп наразылық білдірген айыртаулықтар ауылдың орталық көшесіне жиналды.
«Біраз уақыт бұрын ауданның әкімі Айыртау ауылының батыс жағына шошқа фермасын салу туралы айтқан. Бірақ, біз бірауыздан қарсымыз. Онсыз да жайылым жер жоқтың қасы. Одан бұрын доңыздың иісі бар, ауыру таратуы мүмкін. Екіншіден суағардың басына салуға болмайды. Доңыз фермасын салса ауыз су да ластана ма деп алаңдаймыз», дейді ауылдың қариясы Оразбек Ақыш.
Ауыл тұрғындары жиналған көшеге аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов та келді.
«Маған халықтың пікірі маңызды. Егер тұрғындар қарсы болса, доңыз фермасы салынбайды», - деді аудан басшысы.
Демек, Айыртау ауылының халқына алаңдауға негіз жоқ.