• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Парламент 21 Желтоқсан, 2020

Сенат экономикалық өсуді қалпына келтіруге қатысты құжатты Мәжіліске қайтарды

133 рет
көрсетілді

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа толықтырулар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Заң жобасы ел экономикасының сапалы және тұрақты дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Аталған заң жобасымен Қазақстан Республикасының 85 заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Құжатта салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу үшін бірыңғай зейнетақы жинақтау қорындағы міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен біржолғы зейнетақы төлемдеріне құқығы көзделеді.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің қорытындысына қарағанда, заң жобасында бейрезидент-банк филиалын ашуға рұқсат беруді, лицензиялау, депозиттерге кепілдік беру және сақтандыру төлемдері, сондай-ақ қызметін тоқтату мәселелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасындағы бейрезидент-банктердің филиалдарын, бейрезидент сақтандыруұйымдарының филиалдарын құру және олардың қызметін жүзеге асыру тәртібі регламенттеледі.

Заң жобасында жер заңнамасына ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру тәртібіне қатысты өзгерістер енгізіледі, мұндай ауыстыру үшін ерекше жағдайлардың тізбесі кеңейтіледі. Бұдан басқа, автомобиль көлігі саласындағы тасымалдау қызметіне байланысты құжаттарды тіркеуді, есепке алуды, өңдеуді және сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған тасымалдау саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу, сондай-ақ зияткерлік көлік жүйесін құру және оның жұмыс істеу тәртібі көзделеді. Құжат аясында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды шет мемлекеттердің қор биржаларында өткізу мүмкіндігі беріледі.

Заң жобасында «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету және «электрондық үкімет» шлюзінде орналасқан сервистермен интеграцияланған ақпараттандыру объектілерінің қызметі регламенттеледі. Заң жобасымен жұмыс барысында ҚР Парламенті Сенаты комитеттерінің бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Сенатор Еділ Мамытбеков құжатты қарау кезіндегі талқылау барысында нақтылаушы сипаттағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі болғанын атап өтті. Осы орайда ішкі қарама-қайшылықты болдырмау және заң жобасының нормаларын қолданысқа енгізу ескерілген. Өз кезегінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған зағ жобасына қатысты пікір білдірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауы үшін қолдану құқығы белгіленеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге өзі бірлесіп жұмыс істейтін тараптың жағдайын анықтауға және іс-әрекетінің тәуекелін азайтуға мүмкіндік беретін бизнес-серіктестердің тізілімін дайындау қарастырылған», деді М. Әшімбаев.

Сенат Төрағасы «Бірыңғай терезе» қағидасы бойынша «Бизнеске арналған Үкімет» қызметін іске қосу көзделіп отырғанын атап өтті. Заң жобасы микроқаржы ұйымдары мен басшыларға қойылатын талаптарды арттыруды да көздейді. Бұл қарыз алушылардың мүдделерін қорғауға және қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сенаторлар заң жобасын пысықтап, Мәжіліске қайтарды.