Қазақ даласын ән бесігінде тербеткен Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойы Түркістан облысында кең көлемде атап өтілуде.
Шәмші әлемін кеңінен насихаттау мақсатында Алматы қаласынан арнайы Түркістан өңіріне келген зиялы қауым алдымен Арыс қаласына аялдады. Құрамында мәдениет және өнер қайраткерлері, танымал журналистер, Шәмшінің замандастары мен туыстары бар рухани керуенді Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек күтіп алып, Шәмші әнге қосқан Арыс жағасындағы ажарлы қаланың бүгінгі келбетімен таныстырды. Одан кейін Көпен Әмірбек, Тілеуберді Бинаш, Әселхан Қалыбекова, Қазыбек Иса, Құрманбек Оңалбек, Әлібек Шегебай сынды өнер майталмандары бастаған делегация Шәмшінің туған ауылында болды. Қонақтар алдымен Ш.Қалдаяқов ауылындағы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Отырар» халық театры әртістерінің орындауындағы «Шәмші» қойылымын тамашалады. Композитордың мерейтойына орай ашылған Ш.Қалдаяқовтың музейінде болған қонақтар Шәмші жайлы естеліктері мен әсерлі әңгімелерімен бөлісті.
Сондай-ақ Арыстан баб кесенесіне зиярат жасаған делегация өкілдері Түркістанда Ш.Қалдаяқов ескерткішінің ашылуына қатысты. Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінің алдында орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысы қазақ даласына қаншама дарынды сыйлаған киелі мекен екенін атап өтті. «Әнімен кең даланы тербетіп, Қазақ вальсінің королі атанған, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың биыл туғанына 90 жыл толып отыр. Отырарда туып, ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет. Түркістан қаласының жаңа орталығында бой көтерген композитордың ескерткіші – облыс жұртшылығына, қазақ еліне мереке қарсаңында тамаша тарту болып отыр», деді облыс әкімі.
Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,5, ұзындығы – 3,5 метр. Авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Тілеуберді Бинаш. Ескерткіш демеушілер есебінен жасалған. Шығармашылық ой үстінде отырған композитор бейнесінің жас жеткіншектерді өнерге, мәдениетке баулитын «Ақжайық» музыка мектебінің ауласында бой көтеруі – заңдылық. Қазақ руханиятының жандануына өлшеусіз үлес қосып, бүкіл қазақ жерін тербеткен Шәмші бейнесі жас өнерпаздарды ізгілікке, өнерге, рухани байлыққа бағыттары анық.
Түркістан облысы