• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 23 Желтоқсан, 2020

Елорда әкімі медицина қызметкерлеріне алғыс айтты

432 рет
көрсетілді

Елорда әкімі Алтай Көлгінов медицина қызметкерлерімен кездесіп, карантин кезіндегі орасан еңбектері үшін алғыс білдірді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі өзінің «Инстаграм» парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

«Медицина қызметкерлері – бүгінгінің батырлары. Олардың әрқайсы адам өмірі үшін күреседі. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіне түсер салмақ артты. Біздің дәрігерлер он айдан бері коронавируспен күресте күндіз-түні аянбай, алдыңғы шепте жұмыс істеп келеді. Бұл дегеніміз – ауыр жағдайдағы көпсағаттық жұмыстар, жақындарынан жырақта, үнемі тағып жүргендіктен, әлпетіндегі бетперденің ізі мен дағы.

Осы уақыт ішінде медицина қызметкерлері коронавирус жұқтырған 16 мыңнан аса адамды құтқарды. Жұмысын жанын салып істейтіндіктен әр науқас олардың жүрегінде десек болады. Өйткені өміріне қатер төнген уақытта, жасанды желдеткіш аппараттарынан алғаш оянып, көзін ашқан кезде қасында солар болады. Пандемия кезінде медина қызметкерлері өздерінің кәсіби және адамгершілік қырларын көрсетті. Олар бірінші инфекциялық стационарлардағы жұмысқа кірісіп, шетелден ұшып келген жолаушыларды қабылдап, блокаостарда кезекшілік атқарды. Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері, волонтерлер көмекке келді.

Президенттің тапсырмасы бойынша, мемлекет тарапынан медицина қызметкерлеріне тиісті қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, әкімдік қорынан қосымша сыйақылар бірнеше мәрте берілді. Медицина мекемелері қосымша жабдықтармен, қорғаныс заттарымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Жедел жәрдем станциясының жұмысы күшейтілді. Көлік қозғалысы қауырт кездерде ахуал орталығы науқастарды стационарларға бөлу жұмысын дер кезінде ұйымдастырып отырды.

Індет күшейген уақытта қоңыраулар саны 3-4 есеге дейін көбейді. Қазір шұғыл жағдай болса, бір уақытта 18 нысанды жұмылдыра аламыз. Бұл – шамамен 7 мың орын. Ондай ауыр жүктемені бірден артуға болмайтынын түсіну керек. Оларды қай науқасқа бұрын көмектесу керегі жөнінде таңдау жасайтын жағдайға жеткізбеу қажет. Сол санаулы минут тек науқастың денсаулығына емес, өзінің өміріне де қауіп төндіруі мүмкін.

Тек санитарлық норманы сақтау арқылы ғана коронавирустың таралуына жол бермеуге болады. Алдағы мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы салдарынан - денсаулыққа байланысты демалыс күнге айналмасын. Қала тұрғындары санитария нормаларын қатаң сақтаса, медицина қызметкерлеріне айтқан алғыстың үлкені сол болар еді», деп жазды Алтай Көлгінов.