• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Желтоқсан, 2020

Табиғатта түйсік бар

820 рет
көрсетілді

Бала кезде әжемнен естіген аңыз, ерте­гілердің әсері ме екен, кейде адамзат мекен етіп отырған жұмыр жерді алып қара өгіз бей­несінде елестетемін. Кәдімгі жаны бар, сезі­мі мен түйсігі бар қара өгіз.

Біз адам баласы соңғы жүз жылдықта қара өгіз – қара жердің терісіне қара құртша қаптап, басқа тіршілік иелерін табиғи ортадан ығыстырып шығарып, хайуанаттар бағына қамадық. Ал қызмет бағыты миллион жылдар бойы өзгермей келе жатқан жануарлар мен жәндіктер әлемі бір жағынан алғанда табиғатқа емшілік қызмет көрсететін еді. Мәселен, қазақ даласының көркі болған ақбөкендер мен киіктерді алайық. Сайын даламыздың бетінде мың-мыңдап бұлтша көшіп жүретін жануарлар құмалақтарымен топы­рақты құнарландырып, тұяқтары ар­қылы жер қыртысын нығайтатын. Бұл жел эрозиясына қарсы бірден-бір ем болатын. Жүз жыл бұрынғы жағдаймен салыс­тырғанда сайғақтар саны қазір аз қалды. Оның қызметін алмастыруға жәрдемі тиеді деп үміт артуға болатын қой малының са­ны да мәз емес. Мұның өзі, егер жағдай өз­гермесе, алдымыздағы жүз жылдықта байтақ өлкемізде жаңа экологиялық қатер түрлерінің бас көтеруі мүмкін екенін саналы адам баласына ептеп те болсын сездіреді. Өйткені біз киіктерді қырғанымызбен, олардың орнын алмастыра алатындай қызмет түрлерін атқарғанды былай қойып, бұл мәселе туралы бас қатырып та жатқанымыз жоқ.

Шіркін, табиғат қандай әділ де дана еді! Біз Еуразияның орталық бөлігінде әлемдік мұхиттардан жырақ жатқандықтан алыс­тан бұлт, яғни ылғал қуып әкелу және санитарлық қызмет атқару үшін алып Арқа төсінде жел екпінін күшейткен. Енді осы ызыңдаған сары желдің жер қыртысына төндіретін қатерін төмендету үшін желден де жүйрік киіктерді жаратқан. Киіктің қасиеті – тұяғының беріктігі мен жүйріктігінде. Қара бұлттай қаптай жайылып, алып даламызды аз уақыттың ішінде кезіп шыға алады. Қолымыздағы қой малы мұндай қызметті атқара алмайды. Өкінішке қарай, табиғат ананың миллиондаған жылдарға арнап бекіткен теңгерімін қазір өрескел бұзып отырмыз. Ал мұндай қателіктер мен қатерлер ешуақытта ізсіз кетпейді. Мұның кесірін біз тартпасақ, кейін ұрпақтарымыз тартады. Коронавирус қайдан шықты? Торғайдан бас­тап шыбын шіркейге дейін қырып, тамақ қылған қытайдан шықты емес пе?! Ендеше, қазірден бастап киіктердің киесіне қалмауды ойланғанымыз жөн секілді.

Жалпы, кие дегеніміз не? Мұны әркім әр­түрлі түсінеді. Менің ойымша, бұл – таби­ғат­тың барша тіршілік иелері үшін бекіткен ортақ тәртібі. Осы тәртіп тәрк етілген жерде, табиғат ананың құшағында өсіп келе жатқан кез келген жан-жануар түрінің теңгерімі бұзылған, оған қарсы зорлық-зомбылық орын алған жерде өз перзентін қорғау үшін табиғат ана бас көтереді. Мұның болмай қоймайтын процесс екені қазіргі дүниенің шайқала бас­тауы­нан көрініп отыр. Жұмыр жердің әр түк­пірінде бұрын-сонды болмаған апатты дауылдар, жиілеп кеткен су тасқындары мен жер сілкіністері, күн қызуының артуы, бұрын болмаған ауру түрлерінің бас көтеруі, қазіргі адам қоғамының психологиялық жағ­­дайының қиындауы, мұның бәрі қосыла кел­­генде табиғат ананың адамзатқа қарсы бас көтеруінің жекелеген белгілері емес пе екен?!

Менің ойымша, 2015 жылы қабылданған климат жөніндегі Париж келісімі – адамзатты жер бетінде сақтап қалудың бірден-бір дұрыс жолы. Оны америкалық компаниялардың мүддесін ескерген бизнесмен Дональд Трамп бұзып, АҚШ-тың осы келісімнен шығуына түрткі болды. Бизнесменнің билік басына келуінің бір қатері осыдан көрінді. Бірақ АҚШ президенттігіне кандидат Джо Байден бұл елді осы келісімге қайта қосады деген үміт бар. Өйткені ықтимал техногендік апаттардың арты қайда апарып соғатынын адамзат қоғамының алдыңғы қатарлы өкілдері – көптеген саясаткер мен ғалымдар айқын көріп отыр.

Ал экология мәселесінде Қазақстан жағ­дайына келсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оның талаптарын сақтап отырудың мүм­кіндігі болмағаны анық. Өйткені негізгі назар­ды экономикаға ғана аудара отырып, ел­ді қиыншылықтан алып шығу қажет болды.

Мемлекет басшысы, оқыған-тоқығаны көп зиялы азамат Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қызметінде қоршаған орта жағдайын жақсартуға бірінші кезекте мән беруі бекер емес. Жуықта қабылдануға тиісті жа­ңа Экологиялық кодекс бойынша енді кәсіп­орындар табиғатқа келтірген залалы үшін бұрынғыдай айып төлеумен ғана құтылып кете алмайды. Өздері келтірген залалды өздері өтейді. Бұл да болса, үлкен жетістік.