Еңбек нарығында көптеген қызметтің цифрлануы біршама мамандық иелерінің жұмыссыз қалуына әсер етіп жатыр. Бұл үрдіс соңғы жылдары тіпті қарқынды жүре бастады. «Қазақстанның жаңа мамандықтар мен қызметтер атласы» қандай мамандықтардың сұранысқа ие болып, қандай мамандықтардың нарықтан ығысатынына қатысты болжам жасаған.
Болжам 9 негізгі сала бойынша қарастырылған. Яғни энергетика, тау-металлургиялық кешені, мұнай және газ, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, транспорт және логистика, машина жөндеу, құрылыс салаларын қамтиды.
Энергетика саласында жаңа мамандық – 32 болса, өзгеретін мамандық – 5, ал жойылатын мамандық – 10. 2025 жылдан кейін call-орталық операторы, кассир, диспетчер, менеджер секілді мамандар қызметі қажетсіз болып қалса, жасанды интеллект құру және енгізу инженері, биоэнергетик, қалалық модератор, автономды энергожүйелерді жобалаушы, энергоменеджер, энергетика нарығы бойынша маркетолог, өндірістік психолог сияқты мамандар сұранысқа ие бола бастайды екен.
Тау-металлургия саласында жаңа мамандық – 47, өзгеретін мамандық – 20, сондай-ақ жойылатын мамандық саны 31 көрінеді. Кеншілер мен металлургтердің еңбегі жүздеген жыл бойы ең ауыр және қауіпті деп саналды. Кеншілер жер астында жұмыс істеп, өмірін үнемі қатерге тігіп отырды: метанның жарылуы, тау жыныстарының құлауы, кенет су басу жүздеген кеншінің өмірін қиды. Ал келешекте жоғары температура, ылғалдылық, жазатайым оқиғалар қаупі жағдайындағы жұмыс істеу артта қалады.
Ауыр және қауіпті учаскелерде роботтар мен машиналар жұмыс істейді, оларды операторлар қауіпсіз кеңседе басқарады. Жақын болашақта бұл салада 3D басып шығару шебері, аналитик-технолог, big-data архитекторы, блокчейн желілерінің администраторы, қалдықтар мен екінші ресурстарды пайдалану және ауыстыру профилінің конструкторы сияқты мамандықтар пайда болмақ. Ал аккумуляторшы, ұста, бульдозер машинисі, бункерші, концентраторшы, контроллер технологы секілді мамандар келешекте қажетсіз болуы мүмкін.
Сол сияқты мұнай-газ бойынша 37 жаңа мамандық пайда болса, 7 мамандық өзгеріске ұшырауы, 13 мамандық жойылуы ықтимал. Болашақта мұнай-газ саласындағы өндірістік процестер айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. 10-15 жылдан кейін мұнай өндіру үшін шалғай даладағы вахталық ауылда тұрудың қажеті болмайды. Кен орындары қаңырап бос қалады. Жұмыстың көп бөлігін қалада басқаруға болатын машиналар немесе оларға енгізілген басқару бағдарламасы бар роботтар орындайды. Мұнай-газ қызметкері каска мен күртеше киген адамға қарағанда геймерлерге ұқсайды. Мұнай-газ саласының инженері ең алдымен ұңғымалардың, кәсіпорындардың, өндіріс процестерінің цифрлы модельдерін құрастыратын IT-маман болады. Ол көптеген ақпаратты өңдейді және басқару орталығынан өрісте орналасқан объектіге қарағанда көбірек басқарады. Кен орындарын құру жөніндегі инженер-дизайнер, ІТ-диспетчер, Big-Data архитектор, дрондарды басқару жөніндегі мамандар (геология, геодезия, маркшейдерия) пайда болып, бұл сала есепші, маркшейдер, өндіру операторы, сынама алушы, ауысым басшысы сияқты мамандар көмегінен бас тартуы мүмкін.
Ал ауыл шаруашылығында 18 жаңа мамандық пайда болуы, 19 мамандық өзгеруі, 10 мамандық жойылуы әбден мүмкін. Ел экономикасының басты драйверіне айналуы тиіс салада келешекте агрогенетик, агроном-экономист, синтетикалық биология саласындағы биотехнолог, акважүйелердің биотехнолог-микробиологы, цифрлы агроном, экожүйелерді басқару жөніндегі технолог, экотехнолог, жер ресурстарын басқару жөніндегі АТ-инженер іспетті мамандар пайда болады. Ал автоматты жүйе жуық арада жем беруші, жұмыртқа қабылдаушы, жүк тиеуші, жинаушы-ораушы, сұрыптаушы сияқты мамандар міндетін өзіне алмақ.
Ақпараттық технологиялар саласында жаңа мамандық – 40, өзгеретін мамандық – 6, жойылатын мамандық 9 кәсіп түрі болмақ. АТ саласындағы технологиялық және жұмыс процестері жедел ғылыми-техникалық прогресс аясында күрделене түседі. Оларды құрылымдау және ұйымдастыру маңызды қызмет саласына айналады. Келешекте кванттық компьютинг талдаушысы, экожүйенің АТ сәулетшісі, блокчейн-технолог, кибер тергеуші мамандары сұранысқа ие болса, веб-парақ жасаушы, цифрлы ақпаратты өңдеуші, web-сайттар әкімшісі секілді мамандардың жұмыстары өтімділігін жоғалта бастайды.
Туризм бойынша да жаңа сынақтар күтіп тұр. Бұл салада жаңа мамандық – 17, өзгеретін мамандық – 8, жойылатын мамандық 17 кәсіп түрін құрауы мүмкін. Қазір туризм Big Data технологиясын ауқымды пайдаланудың, саланың ландшафтын түрлендіретін және жаңа мүмкіндіктер ашатын жасанды интеллектіні енгізу салаларын кеңейтудің әсерінен белсенді дамып жатыр. Келешекте бұл салада агротуризм менеджері, иммерсивті дизайнер, туристік дестинациялардың бренд-менеджері, инновация менеджері (қонақүй бизнесі) секілді мамандықтар пайда болады. Керісінше, билетке тапсырыс қабылдаушы агент, қонақүй тазалықшысы, консьерж, күзетшілердің қажетсіздігі жыл сайын байқалып жатыр.
Транспорт және логистика бойынша 20 жаңа мамандық пайда болып, 9 мамандық өзгеріске ұшырауы және 16 мамандық қажет болмай қалуы ықтимал деген болжам бар. Болашақта трафикті, логистикалық тізбектерді және тіпті көлік құралдарын басқару толығымен цифрландырылады. Соған орай аддитивті техникалық қызмет көрсету инженері, баламалы және экокөлік технигі, биометриялық бақылау технологы, ұшқышсыз трафикті оңтайландырушы, экологист мамандықтары нарыққа енеді. Ал багаж сұрыптаушы, кондуктор, бункерші, байланыс операторы секілді мамандар қызметі автоматтанып жатыр.
Бүгінде сұранысқа ие машина жөндеу қызметінде де 11 жаңа мамандық түрі пайда болып, 13 бұрыннан келе жатқан мамандық трансформациялануы, ал 7 мамандық санаттан сызылуы мүмкін. Машина жасау кешенінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі төртінші өнеркәсіптік революцияның серпінді технологияларын икемді пайдалану мүмкіндіктерінің болуымен сипатталады. Болашақта бұл салаға 3D-басылымының материалтанушысы, нанотехнология маманы, big data сарапшысы, киберқауіпсіздік маманы, тұрмыстық роботтардың инженер-конструкторы сияқты мамандар қажет бола бастайды. Мұндай жаңа сипатты мамандарға есепшілер мен бухгалтерлердің көмекшілері, жүргізуші (цех ішіндегі және қоймадағы), түгелдеу жөніндегі қызметкер, таңбалаушы және қойманың есепке алушысы сияқты маман иелері орын босатады.
Құрылыс саласында 17 мамандықтың жаңа түрі қолданысқа енсе, 8 мамандық қажетке жарамай қалуы, ал 16 мамандық түбегейлі жойылуы ықтимал. Біз ХХІ ғасырда құрылыс жобасында және жалпы құрылыс индустриясында қалай тез, сапалы, тиімді жұмыс жасау керектігін білдік. Айналаңызға қарап, қораптан тыс ойлана бастайтын уақыт келді. Біз нені меңзейміз? Өнеркәсіптің экологиялық тазалығы. Саланың тұрақты дамуы. Бұл салада жақын арада генеративті дизайнды қолдану шеберлігі бар жобалаушы, Big Data талдаушысы, инновациялар жөніндегі менеджер, реновация жөніндегі маман, қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі инженер-технолог секілді мамандар жұмысқа араласуы мүмкін. Сонымен қатар тас қалаушылар және ұқсас қызметтегі жұмысшылар, бетоншылар және соған ұқсас жұмысшылар, құрылыс суретшілері, еден төсеушілер, оқшаулағыштар біртіндеп нарықтан ығысып қалады деген болжам бар.