Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұқаралық спортқа және дене тәрбиесіне басымдық беру қажет екенін ерекше атап өткен болатын. Соған сәйкес депутаттар бүгінгі отырыс барысында «Мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.
«Бұл заң балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін спорт және шығармашылық бағыттағы мемлекеттік тапсырыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұдан былай мемлекет қаржыландыратын спорттық және шығармашылық үйірмелер мемлекеттік сатып алудың қорытындысына байланысты емес, олардың рейтингіне, сондай-ақ, халықтың сұранысына қарай анықталады. Осы заңға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тұрғылықты жерде және демалыс орындарында спортпен шұғылдануға жағдай жасау нормалары да енгізілді. Соған сәйкес бұл жұмыс енді жергілікті атқарушы органдардың міндеті болып есептеледі. Сонымен қатар бұл құжатта ұлттық спорт түрлерін дамыту, оларды жас буынға мектеп кезінен бастап насихаттау мәселелеріне де ерекше назар аударылған», деді Мәулен Әшімбаев.Отырыс кезінде сенаторлар «Техникалық реттеу туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат отандық тауар өндірушілердің бәсекелестік басымдығын іске асыруға арналған. Сондай-ақ депутаттар «Техникалық реттеу, кәсіпкерлік, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және төлемдер мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады.«Ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұлттық сертификаттау жүйесін дамыту қажет. Ұлттық стандарттардың беделі мен оларға деген сенімді арттыру мәселесі де маңызды. Бүгін қабылданған заңдар осы мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған. Олар техникалық реттеу саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Сол арқылы өнімнің тиісті сапасына және оның тұтынушылар үшін қауіпсіз болуына ықпал етеді», деді Сенат Төрағасы.Одан бөлек, Сенат депутаттары «Кедендік реттеу және кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өткен жөн. Сенат Спикерінің айтуынша, қабылданған заң кедендік рәсімдерді өткізу мерзімдері мен тәртібін оңтайландыруға, кедендік реттеуді жетілдіруге және бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған.«Осы заң адамның қатысуын барынша азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және құжат айналымын азайту үшін кедендік ақпараттық базаның қызметі мен «Бірыңғай терезе» жүйесі жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өтініштерін қарау және сол бойынша шешім қабылдау мерзімдерін қысқартуға жағдай жасайды. Сонымен қатар камералық және көшпелі кедендік тексеріс жүргізу рәсімі қайта қаралады. Алдағы уақытта заң кедендік реттеуді жетілдіруге үлесін қосады деп сенеміз», деді Палата Спикері.Сонымен қатар бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.Ал «Қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сенаторлар түзетулер енгізіп, Мәжіліске жіберді.