• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Желтоқсан, 2020

Алматы облысында оныншы спорттық-сауықтыру кешені ашылды

261 рет
көрсетілді

Бүгін Алматы облысының Қарабұлақ ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, каратэден Әлем чемпионы Мерей Сүйінов және аудан жұртшылығы қатысты. Бұл - облыста ашылып отырған 10-шы спорт кешені, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

А.Баталов бұл нысанның Елбасының 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы және Президенттің Жолдауындағы барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмаларына сәйкес ашылып отырғанын тілге тиек етті.

- Заманға сай дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы -  көптен күткен қуанышты жаңалық. Бұрын Қарабұлақтың спортшы жастары арнайы орын болмағандықтан, спорттық ойындарды тұрмыстық залдарда, жертөледе өткізіп жүретін. Бұл өңірдің, әсіресе, волейбол ойнаудағы шеберлігі маған жақсы таныс. Енді, міне, осындай зәулім, кең, барлық жағдайы жасалған спорттық кешенде жаттығып, жастарды тәрбиелейтін боласыздар. Күні ертең бұл жерден біздің мақтаныштарымыз Жақсылық Үшкемпіровтей, жанымызда тұрған белгілі спортшылар - Мерей, Мәулен мен Нұрбақыт сияқты мықты азаматтар тәрбиеленіп шығады. Бүгінгі күні Бақанаста, Нарынқолда, Балпық биде осындай кешендер іске қосуға дайын тұр. Ескелді ауданында ашылып отырған бұл нысан - облыста салынған 10-шы спорттық кешен, деді ол.

Қарабұлақтықтар атынан ардагер спортшы Манат Рақымшалов сөз алып, бүгін аудан спортшылары үшін үлкен мүмкіндік жасалып отырғанын атап өтіп, ел басшыларына шынайы ризашылығын білдірді. Мұнан соң кешенді тұрғызған «Құрылыс ТБС» мердігер компаниясының басшысы Батырхан Тоқтаев нысанның символикалық кілтін кешен басшылығына тапсырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бимұрат Көпбайұлының ақ батасынан кейін кешеннің лентасы қиылып, шашу шашылды.

Көпшілік спорт кешенінің ішін аралап, жаттығу залдарында болды. Облыс әкімі Амандық Баталов бокс, күрес, тренажерлық залдарға кіріп, спортты серік еткен балалармен тілдесті, оларға бокс қолғаптары, күреске арналған спорттық киімдер үлестірілді. Ардагер споршылар волейболдан жолдастық кездесу өткізіп, ойын көрігін қыздырды.

Жалпы Қарабұлақтағы бұл кешен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынды. Оның құрылысына жергілікті бюджет есебінен 1,3 млрд. теңге жұмсалған. Мұнда барлық қажетті спорттық заманауи құралдар бар. Жекпе жек және күш қолданылатын спорт түрлеріне арналған бұл әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бокспен, күреспен, дзюдомен, таеквондомен, ауыр атлетикамен футболмен және волейболмен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған.

Кешеннің құрылысына негізінен жергілікті жұмысшылар тартылған. Солардың бірі Мұрат Нұсқабаев.

- Спорт кешенінің құрылысын жүргізуге жергілікті құрылысшылар бастан аяқ қатыстық. Құрылыста негізінен Қарабұлақ, Ешкіөлмес, Абай ауылдарының жігіттері жұмыс істеді. Кешенді барынша сапалы салдық деп ойлаймын. Енді мұнда өзіміздің балаларымыз, немерелеріміз келіп спортпен шұғылданады, деді ол.

Бүгінгі күні облыста 10 ДСО іске қосылса, осындай тағы 7 нысанның құрылысы аяқталуға жақын, соның 1-і -  Талдықорғандағы теңдесі жоқ Олимпиадалық стандартқа сай «Талдықорған» орталық бассейні.

Атап өтсек, Алматы облысында 2020 жылы дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға жергілікті  бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтуға, спорттық нысандарды жарақтандыруға жұмсалды.