Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары биыл із-түзсіз жоғалған 67 адамды тапты, деп хабарлайды Egemen.kz
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, адамдардың хабар-ошарсыз кетуінің екі себебі бар. Ең біріншісі – маскүнемдік. Араққа салынған адам өзі сияқты спирттік ішімдік ішетіндерді жағалайды. Олар үшін отбасы, туған-туыс екінші орында.
«Тағы бір жиі кездесетін сценарий – адамдар жақындарын ескертпей, табыс табуға кетеді. Бұл – жауапсыздық. Оны ата-анасы, туған-туыстары іздеп, алаңдайтынына мән бермейді», дейді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Полицейлердің айтуынша, маскүнемдікке салынып, жоғалатындардың қатарында әйелдер де бар. Жақында тәртіп сақшылары Ғабит Мүсірепов атындағы аудан тұрғынының өтініші бойынша отбасын тастап кеткен әйелді іздестірді. 27 жастағы келіншек Қостанай облысынан табылды. Ол бұрын алкогольдік ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапқа тартылған екен.
«Із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру – криминалдық полиция жұмысының бір бағыты. Іздестіру іс-шарасына көп адам тартылады: жедел уәкілдер, волонтерлер ұйымдарымен бірлесе фактілерді тексереді. 11 айдың ішінде СҚО-да хабар-ошарсыз кеткен 90 адам іздестірілді. Оның 67-сінің жүрген жері анықталды», дейді Петр Климов.