• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Желтоқсан, 2020

Айыртаулықтар да шошқа фермасын салуға қарсы

389 рет
көрсетілді

«Доңыз бағып, байымай-ақ қояйық» деген айыртаулық тұрғындар ауылдың орталық көшесіне жиналды. Осыдан екі апта бұрын Ұлан ауданы, Айыртау ауылында шошқа фермасын салу туралы инвестициялық жоба ұсынылған болатын. Бұл бастамаға жергілікті тұрғындар үзілді-кесілді қарсылық білдірген.

Пайдасы былай тұрсын, жуықта ғана Ақтөбе облысының Бестамақ ауы­­­лында доңыздың қалдықтары өзен суын ластап, экологияға едәуір зиян келтірілгенінен халық хабардар. Ол ол ма, екі жыл бұрын Өскеменнің іргесіндегі Степное, Лесхоз, Шмелев ауылдарының тұрғындары да маңай­да­ғы шошқа шаруашылығының күлімсі иісінен жыл он екі ай арыла алмай отырғандарын айтып шағым­дан­ған. Шағымданғанда да жергілікті басшылыққа емес, хатты Президент әкімшілігіне тура жазған. Ақыр соңы қожалық иесіне қылмыстық іс қоз­ғалып барып тынышталды-ау. Сөйтсе, доңыздың тезегі көктем мен жаңбырлы күндері сумен араласып, тұрғындардың бақшасына жайылады екен. Тіпті құдықтан шыққан судың дәміне дейін бұзылып, ішуге жарамай қалған. Сол жылдары шошқа шаруашылығына қатысты мәселе осы Ұлан ауданының Восточное ауылында да көтерілген. Ол жерде қолқаны жарар иіс қана емес, ауыл маңындағы шұңқырларда өлген торайлар көмусіз жайрап жатқан. Әйтеуір эколог мамандар мен жергілікті әкімдік араласып жүріп, санитарлық тазалықты қалыпқа келтіріскен.

Содан бері екі жыл өтті. Қар жауып, із басылған соң Айыртау ауылының тұсына 400 гектар жерге шошқа фермасын салу туралы инвесторлар ұсыныс білдірген. Аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаны құп алмас бұрын төрт ауылдың тұрғындарымен кездесіп, ақылдасқан. Айыртау ауылының орталық көше­сіне наразылықтарын білдіру үшін жиналған тұрғындардың айтуынша, аудан әкімі «өзім білемдікке» салып, қажет болса, доңыз фермасын ашатынын айтып кеткен көрінеді. Сондықтан да жұрт бұқаралық ақпарат құ­ралдары өкілдерінің көмегіне жү­гін­ген.

– Жақында ауданның әкімі келіп, тұрғындарға жиналыс ашты. Сонда Айыртау ауылының батыс жағына шош­қа фермасын салу жөнінде ұсы­ныс айтты. Әсіресе пайдалы жағын түсіндірді. Жылқы, қойға субсидия берілмейді деді. Бірақ біз бір ауыздан қарсы екенімізді жеткіздік. Өйткені соққан желмен ауылға иісі келеді. Бұл – бір. Екіншіден, шошқа тері тастайтын хайуан. Одан малға ауру тарауы мүмкін. Оның үстіне ағынды судың бойына, құдықтың басына шошқа өсіру ақылға қонымсыз. Доңыз фермасын салса, ауызсу да ластана ма деп алаңдаймыз. Малды Ұлан өзенінен суа­рамыз. Шындығына келгенде, ферма салғанды қойып, ауылдың төңі­регінде жайылым жер таппаймыз. Бұрынғыдай одақтас елде немесе тар босағада отырған жоқпыз. Өз еркіндігіміз өзімізде, – дейді ауылдың қариясы Оразбек Ақыш.

Иә, айыртаулықтардың жайы­лым­дық жерден таршылық көріп отыр­ға­ны тағы рас. Мыңғыртып мал ұстау­ға қолайсыз. Жайылым тар, шабын­дық жоқ. Шөпті өзен бойын қуалап ша­­­­­уып алса алады, әйтпесе сатып алуға мәжбүр. Ауылдық азаматтардың дені құс фабрикасында, темір жолда жұ­мыс істейді.

– Қазір 30 басқа таяу ірі қара, 30 бастай ұсақ мал ұстап отырмын. Бірақ соған жайылым жер жоқ. Сөйте тұрып шошқа фермасын салмақшы, – дейді ауыл тұрғыны Жақсылық Әзірбай.

Ауыл тұрғындары жиналған көше­ге доңыз фермасын ашу туралы ұсыныс білдіріп жүрген аудан әкімі Нұрымбет Сақтағановтың өзі де келе қалды.

– Жаңа Қанай, Шымқора, Ұлан, осы Айыртау ауылдарында болып, тұрғындармен кездестім, ақылдастым. Біздің өңір ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Экономикамызды дамыту үшін жақсы жобалар сүт пен шошқа ғана. Сүт фермасы енді салынып жатыр. Ал доңыз фер­ма­­сын ашуға инвес­торлар табы­лып отыр. Олар қомақты қаржы құя­тын­­дықтан кез келген жерге сала бермейді. Алдын ала жерді зерт­­тейді, зерделейді. Санитарлық-эпи­де­миялық стансасының, экология сала­сының мамандары, құзырлы органдар жергілікті халыққа зияны бар-жоғын анықтайды. Екінші жағынан ауылдың қаншама жері бос жатыр, егін еккендердің өнімі де өтімді болар еді. Халықты жұмыспен қамтимыз, ауылды көркейту үшін қор ашамыз деген соң халықпен ақылдастым. Егер тұрғындар қарсы болса, доңыз фермасы салынбайды. Маған халықтың пікірі маңызды, – деп кесіп айтты аудан басшысы.

Демек ауылдықтарға алаңдауға негіз жоқ енді. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, шошқа фермасын салуға ниетті инвесторлар бірінші этапқа 250 млн доллар қаржы бөлетінін мәлімдеген. Сондай-ақ 2100 жұмыс орнын ашып, кемі 150 мың теңгеден жалақы төлейтіндерін айтқан. Сөйтіп аудан халқының әлеуметтік әл-ауқатын көтермек болған. Халық қарсылық білдірген соң мәселе жабылды. Аудан басшысының айтуынша, шошқа фермасының құрылысына орынды енді басқа ауылдардың ма­ңайын іздестірілуі мүмкін.

Ауылшаруашылық мамандарының пікірінше, жылқы, сиыр еті тек ішкі нарыққа бағытталса, шошқа етіне сұраныс шетелден бар. Былтырдың өзінде республикадан шошқа етінің 800 тоннасы шетелге экспортталған. Соған қарағанда кіріс ұшан-теңіз сияқты. Оның үстіне шошқалардың аналық және асылдандыру мақ­са­тын­да жұмыс жүргізілсе, мемлекеттен шошқа басына 140 мың теңгедей субсидия қарастырылған.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы