Биыл даңқты батыр, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Кесек бітімді күрделі тұлға оқ пен оттың ортасында жүріп те қазақтың қайсар мінезін, ұлттық болмысын көрсетті. Ұлттың ұстыны болған батырдың торқалы тойы Әулиеата топырағында лайықты деңгейде аталып өтті.
Бауыржан Момышұлы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында дүниеге келген. Қаруын қаламға айырбастаған шағында да қазақтың сөз өнеріне сүбелі үлес қосқан ол «Ұшқан ұя» кітабында өзінің ата-тегін, өмір жолын кеңінен баяндайды. Ұлт қайраткерінің туғанына 110 жылдығына арналған шаралар легі де батырдың туған жері Жуалы ауданынан басталды. Әскери ғылымдар докторы, профессор Ким Серікбайұлы, батырдың келіні, жазушы Зейнеп Ахметова бастаған құрметті қонақтар әуелі Жуалы ауданында жергілікті халықпен жүздесті. Батырдың көзін көріп, батасын алған азаматтар қызықты естеліктер айтып, көпшілікпен ой бөлісті. Бұдан кейінгі шара Тараз қаласындағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалғасты. Мұнда да жастар үшін тағылымы мол тарихи естеліктер айтылды.
Тараз қаласындағы бір кездегі «Жеңіс» саябағы бұл күнде Бауыржан Момышұлы есімімен аталады. Өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өтіп, сәулеттік жағынан өзгерген саябақтың ортасында хас батырдың еңселі ескерткіші тұр. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған бірқатар азамат батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Бұдан кейін Бауыржан Момышұлының өлеңдері қамтылған «Сардардың жыр сарбаздары» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сондай-ақ Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының ішінен салынған «Даңқ» залында Бауыржан Момышұлын еске алу мақсатында «Тұлғасы тұнған тәлім» атты кездесу кеші өтті. Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Әкім өз сөзінде биылғы жыл ұлт руханияты үшін керемет жыл болғанын, Әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 және Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы екенін, батыр Бауыржанның ерлігін де, еңбегін де қалың қазақтың білетінін, оның әрбір сөзі жастарға әрдайым үлгі болатынын атап өтті. Бұдан кейін Ким Серікбайұлы сөз алып, батырмен алғаш рет 1975 жылы Орта Азия Әскери округі және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған конференцияда кездескенін айтты. «Бауыржан Момышұлы қазақтың кім екенін соғыс кезінде-ақ көрсеткен тұлға. Ол кісі менің келешегіме де себеп болды. Ол сөз жоқ дарынды әскери ойшыл, қарымды қаламгер, тағылымды тәрбиеші», деді.
«Ғалымдар сөнген жұлдыздардың жарығы миллион жылдарға жететінін айтады ғой. Ата да сол сияқты жасай береді деп ойлаймын. Ата ұят, ар-намыс деген ұлы ұғымды ту етіп көтерген адам еді. Қандай қоғамда, қандай заманда болса да атаның орны зор. «Момышұлының келіні» деген атақтың өзі маған үлкен жауапкершілік жүктейді», деді Зейнеп Ахметова. Сондай-ақ ол балабақшалардан бастап батыр рухындағы әңгімелердің айтылуы керек екенін де жеткізді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл Бауыржан Момышұлы хақында тебірене сөйлеп, өлең оқып, «Даңқ» залына Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісі мен өзінің шығармалар жинағын тарту етті. Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков батыр Баукеңмен үш рет кездескенін, ол кісімен кездесу үшін оның жазған барлық шығармаларын зерттеп, оқығанын айтып берді. Жиын барысында Бауыржан Момышұлының немере інісі, ардагер журналист Бекет Момынқұл батыр туралы естелігімен бөліссе, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы Бауыржан Момышұлына арналған «Сұңқардың соры» атты өлеңін оқып берді.
Бұл күнде Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылы деп аталады. Сол ауылда батыр атында үлкен музей бар. Ауданның Талапты ауылында Шерхан Мұртаза салдырған мектепке де ер Баукеңнің аты берілген. Кезінде тұғырлы тұлғаның шығармалары, соғыстан жазған хаттары, жалпы батырға қатысты дүниелер топтастырылып, 30 томдық кітап болып шыққан еді. Бауыржан Момышұлы есімін ұлықтау мұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Аты ғасырдан ғасырға жалғаса беретін тұлғаның тағылымды ғұмыры ұрпақтың есінде мәңгілікке сақталады.
Жамбыл облысы