• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 26 Желтоқсан, 2020

Батыс Қазақстанда педагогтардың цифрлы форумы өтті

342 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Әдістемелік лайфхак» атты цифрлы форум өтті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Білімді трансформациялау, мектептегі цифрлы орта, оқушы белсенділігін арттыру, заманауи мұғалімге қойылатын жаңа талап секілді мәселелерді талқылаған жиынға отандық және шетелдік мамандар онлайн режімде қатысты.

«Бұл форум қашықтан оқыту кезінде мұғалімдерді қолдау бойынша жүйелі жұмыс нәтижесін көрсетті. Оның үстіне біздің мектеп бастамасымен жүзеге асқан «Жаңа заман мұғаліміне арналған цифрлы гайд» жобасы кезеңдерінің бірі болды. Цифрлы құралдар педагогтер үшін оқу процесін тиімді ұйымдастыру және оқушылардың бойында ХХІ ғасыр дағдыларын дамытудың заманауи әдісіне айналып отыр», дейді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев.

Форумда «Назарбаев қорының» білім беру саласындағы бас сарапшысы Нәзипа Аюбаева қашықтан оқыту кезеңінде мұғалімнің рефлексиялық практикасының маңызын атап өтті. Сонымен қатар педагогтердің мектеп ішіндегі кәсіби дамуы оқушылардың білім алуына тиімді әсер ететінін жеткізді. EdCrunch University НИТУ «МИСиС» орталығының директоры Нұрлан Қиясов цифрлы алшақтықты қайта қарастыру, технологияны пассив қолданудан белсенді пайдалануға көшу және мектептегі цифрлы білім беру ортасын қалыптастыру ерекшеліктерін ескеруге шақырды.

Білім беруді трансформациялау тақырыбындағы панельді пікірталаста Қазан қаласындағы А.Н.Туполев атындағы ҚҰЗТУ жанындағы инженерлік лицей директорының орынбасары Индир Халиков, Оралдағы педагогикалық шеберлік Орталығы менеджер-әдіскері Гүлнара Есмағұлова және Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж директорының орынбасары Зинур Мұхтар баяндама жасады. Форумға қатысушылар әртүрлі заманауи ресурстардың ішінен тиімді цифрлы құралды қалай таңдауға болады, еңбек нарығы алдағы жылдарда қалай өзгереді, виртуалды әлем шынайы әлемге қалай әсер етеді, табысты офлайн жобаны табысты онлайнға қалай  айналдыруға болады және қазіргі таңдағы мұғалімдердің практикасындағы басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

«Цифрлы гайд» лайфхактар павильонында Зияткерлік мектептің үздік мұғалімдері Pear Deck, LINOIT онлайн тақтасы, CLASSTIME, WORDWALL, Mindmeister сервистері сияқты онлайн-платформалар, пайдалы веб-сайттар, лайфхактар мен ұтымды шешімдерді таныстырып, олардың сабақта тиімді қолданылуын көрсетті. «Сандық сабақ» сессиясында облыстық жалпы орта мектеп мұғалімдері постер түрінде  зерттеулерін ұсынды.

Форум соңында NIS мұғалімдерінің АКТ дағдыларын дамыту, қашықтан оқытудың озық тәжірибесін тарату және мұғалімдердің шығармашылық бастамасын дамыту мақсатында ұйымдастырылған  «Үздік онлайн-сабақ» кәсіби шеберлік байқауының  қорытындысы белгілі болды.

«Қазіргі заман сабағы – мұғалімнің монологы емес, пікірталас, зерттеу мен тәжірибе алаңы. Мұғалім жетекшілік етеді, ынталандырады, белсенді оқуға жағдай жасайды. Сол себепті мұғалімдердің кәсібилігіне қойылатын талаптар да артып келеді. Сондықтан олар заманауи оқыту әдістерін қолдана білуі керек. Бүгінгі форумға қатысушылар осындай ортақ пікірге келді», дейді Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілі Айдана Хамидуллина.