Қазіргі қазақ қоғамында бәрімізді толғандыратын мәселелер жеткілікті. Оларды күнкөріс қамынан бастап рухани құндылықтарға дейін тізбелей беруге болады. Осы қоғамда өмір сүріп жатқан біз күнделікті түйткілдерді шешуге қандай үлес қоса аламыз? Әлде барлық мәселені үкіметке және жергілікті билікке ысырып тастап, тек сын тағып, талап қойып қана жүрміз бе?
Жақында Иманғали ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында «Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі ұлттық ұранға айналуы керек» деп еді. Егер бұл сөзге құлақ қоятын болсақ, ұлтқа қызмет етуді әркім өзінен бастауы керек. Өз болашағымызды, ел ертеңін ойласақ, қол қусырып қарап отырмай, өз шамамызға қарай әлеуетімізді көтеру үшін әрекет жасағанымыз жөн. Осы тұста үлгі боларлық мысалдар баршылық.
Жалпы, жомарт жандар өз бастамасымен ауыл тұрғындарына мешіт не мұқтаж жандарға үй салып беріпті дегенді бұрыннан құлағымыз шалып жүр. Ал «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген қанатты сөзді ұстанған ауыл халқы бірігіп, өздеріне кітапхана салып алыпты дегенді алғаш рет естідік.
Сауыр-Тарбағатай тауының етегінде, Зайсанның жағасында, Қара Ертістің бойында жетпіске жуық түтіні бар Шалқар атты аядай ғана ауыл орналасқан. Бұл – Шығыс Қазақстанның шалғай елді мекендерінің бірі. Шағын болғанымен береке-бірлігі жарасқан, қаймағы бұзылмаған қазақи орта ретінде танылған ауыл.
Бұрынғы мәдениет үйі мен кітапхана өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тоқырауда жабылып қалып, ауылда бастауыш мектептен басқа қоғамдық орын қалмаған еді. Сондықтан осыдан төрт жыл бұрын ақсақалдардың бастамасымен ауыл тұрғындары асарлатып, жиын өткізетін тілеухана және оның қасынан кітапхана салуды қолға алды. Сол кітапхана құрылысы мен оған кітап қорын жинау жұмысы сәтімен аяқталып, бір ай бұрын ауыл тұрғындарының пайдалануына берілді.
Ел болашағы – жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында салынған құрылыс мемлекеттің қаражатынсыз, толықтай халық қарекетінің арқасында бой көтерді. Кітапхана ашу үшін жұртшылықты жұмылдырып, құрылыс салуды ұйымдастыру міндетін ауыл ағалары Ақынбек Төлемісов, Оразбек Жақыпбаев пен Қайрат Мұхаметқалиевтер абыроймен атқарды. Бұл игі істен ірі баспалар, белгілі ақын-жазушылар және ел ертеңін ойлаған жанашыр жандар тыс қалмай, кітап қорын жинауға атсалысты. Әсіресе «Атамұра», «Фолиант», «Арна-В», «Арда» баспалары, Ұлттық кітап палатасы және Ғылыми кітапхана ұжымдары ауыл тұрғындарына өлшеусіз көмек көрсеткенін айтуға тиіспіз. Атқарылған жұмыс нәтижесінде төрт мың кітаптан асатын қор жиналды. Бұл – шағын ауыл үшін ауқымды рухани азық.
Тағы бір айта кететін жайт, осындай игі істі шалқарлықтар ерекше шарамен атап өтті. Жүрегі «Шалқарым – шабытым» деп соғатын ұл-қыздар арасында Абай туындыларын оқудан онлайн байқау ұйымдастырылды. Байқауға талабы таудай қырықтан астам бала қатысып, ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан сайысқа түсті. Қатысушылардың өнерін бағалайтын әділ қазылар алқасының құрамы да ерекше болды. Оның құрамына тек ауданның білікті мамандары ғана емес, Абай ауданында, елордада тұратын, республикалық дәрежедегі мекемелерде қызмет атқарып жүрген майталмандар да қосылды. Ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында байқаудың қорытындысы шығарылып, жүлделі орын алған өрендерге кітапхана атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Демек республика көлемінде аталып өтіп жатқан Абайдың 175-жылдық мерейтойын ауыл халқы биліктің нұсқауынсыз, жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоя беретін Ұлы мейрамның қарсаңында есте қаларлықтай етіп ұйымдастырды. Осы тектес шараларды нағыз «Рухани жаңғырудың» көрінісі деп бағалау керек. Мұндай қамқоршылары бар өнерлі де өрелі өрендер келешекте ұлт мүддесін қорғай білетініне сеніміміз мол.
Егер қазақтың әр ауылы ел ертеңі үшін алаңдап, осындай игі істерге мұрындық бола берсе, еліміздің болашағы жарқын, азаматтарының алар асуы биік болар еді.
Бұл – ауылды кітаппен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау болмауы керек деген сөз емес. Әрине Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде енді ғана талқыланып жатқан кітапханаларды қайта жандандыру ісі жүзеге асып, алыс ауылдарға тиісті әдебиеттер жеткенше қаншама уақыт өтетіні белгісіз. Сол көмекті күтіп отырғанда қазіргі бүлдіршін соқталдай азамат болуы әбден мүмкін. Ал енді көгілдір экран мен смартфонға телміріп отырған баланы болашақта Елбасы айтқандай, өз кітапханасынан күнделікті білім нәрімен сусындап жүрген ауыл баласы басқармасына кім кепіл?
Қаршыға АХМЕТ-ЗӘКИ