Түтінге тұнып тұр Өскемен. Әсіресе тұман шөккен, бұлт көшкен күндері будақ-будақ түтін болып жағаласа жөңкіледі. Өндірістік өңір болған соң бұл көрініске тұрғындардың көзі үйренісіп кеткелі қашан?! Алайда ақ халаттылардың айтуынша, тыныс аурулары, өкпенің қабынуы өңірде аз емес. Диагноз «экология салдарынан» деп дөп басып қойылмаған соң нақты цифр айту да қиынға соғады...
Жылына 27 мың тонна лас шығарындыларды ауаға жайып жатқан зауыттың мұржалары тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізбей қойсын ба?! Бұл – бір ғана «Қазцинктің» көрсеткіші. Дейтұрғанмен, кәсіпорын күкірт диоксидінен 99%-ға тазартатын қондырғы орнатқан. Нәтижесінде, күкірт көлемі бір жыл ішінде 80 мың тоннадан 18 мың тоннаға дейін төмендепті. Алайда жергілікті Экология департаменті жүргізген тексеріс арқылы компанияның бірқатар цехында күкірт диоксиді және шаңның көрсеткіші шекті көлемнен асып кеткені анықталған.
Демек, қолданыстағы фильтрлік қондырғылардың бәлендей пайдасы жоқ.
Осы мәселелерді назарға алған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорын басшылығымен кездесіп, үш ай ішінде тазалау құрылғыларының ақауын анықтау жөнінде келісімшарт жасасты. Бұл жұмыстарға компания 360 млн теңге бөледі. Бұдан бөлек «Қазцинк» Шығыс Қазақстан облыстық Экология департаментімен қолайсыз ауа райы кезінде, яғни желсіз күндері экологтерге кедергісіз цехтарға кіріп, жұмыс режімін тексеруге мүмкіндік беретін шартқа да қол қояды. Себебі қолайсыз ауа райы кезінде кәсіпорындар өндіріс көлемін төмендетіп, шығарындыларды белгілі бір мөлшерге төмендету қажет. Өскемен қазаншұңқырда орналасқандықтан, желсіз күні түтін мен шаң ауада тұрып қалатыны қарусыз көзге көрінеді. Мамандардың пікірінше, «Қазцинк» компаниясы комбинатының қуаты қолайсыз ауа райы кезінде шығарындыларды арттырмай, 20%-ға штаттық режімде жұмыс істеуге мүмкіндігі жетеді.
Жақында Сенат мақұлдаған Жаңа экологиялық кодексте қолайсыз ауа райы жағдайында экология департаменттерінің қызметкерлері кәсіпорындарға кедергісіз кіріп, тексеру жүргізуіне болатындығы көрсетілген. 2021 жылы Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексі қабылданғаннан кейін «Қазцинк» ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге көшеді. Бұл әдіс атмосфералық ауаға шығатын лас заттар көлемін едәуір азайтатын көрінеді. Егер өндірістік кәсіпорындар озық үлгідегі қолжетімді технологияларға бүгіннен бастап көшіп, қоршаған ортаға тигізіп жатқан зиянын азайта бастаса, эмиссиялық төлемдерден босатылады. Бұл туралы Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты. Мысалы, Өскемендегі жылу электр орталығы 2014 жылдан бастап өндіріске ең озық заманауи технологияларды енгізген. Атап айтсақ, күл өткізбейтін қондырғыларды орнатқан соң ауаға шығатын қатты бөлшектер 51,3%-ға, күкірт диоксиді 17%-ға, азот диоксиді 35%-ға төмендеген. Сондай-ақ су бассейнін қорғау жұмысына енгізілген ең үздік технологиялар 2016 жылдан бастап Үлбі өзеніне түсетін ағындыларды тоқтатқан.
– Өскеменнің ауасын ластаушы кәсіпорынның бірі – «Казцинк» компаниясы болса, екіншісі – жылу электр орталығы. Әсіресе қыс мезгіліндегі желсіз күндері ластаушы заттың көп бөлігі жылу электр стансасынан шығады. Қалдықтардың көлемі жылына 16 мың тоннаға дейін жетеді. Бірақ бұл кәсіпорынның жасыл технология бойынша ауқымды жұмыс жүргізгені көрініп тұр. Қалдық көлемін тағы да азайта түсу үшін қосымша бағдарлама әзірлеп, халық оның нәтижесіне көз жеткізуі тиіс, – деді М.Мырзағалиев.
Бұдан бөлек экологиялық ахуалдың нашарлауын тоқтату үшін жұмыс істеп тұрған қазандық агрегаттарын жаңартып, тазалау құрылғыларын толығымен ауыстыру керектігі сөз болды. Сондай-ақ «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының зертханасына бас сұққан министр атмосфералық ауа сапасын бақылайтын бекеттердің бәрін автоматтандыруды тапсырды. Кім біледі, айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар орындалып жатса, түтінге тұншыққан Өскеменнің тұрғындарының тынысы кеңейіп қалар.
Жаңа кен орындары ашылады
Сонымен қатар министр Мағзұм Мырзағалиев Шығыстың минералды шикізат базасының жағдайы мен оны дамыту мәселелеріне де назар аударды. Шығыс Қазақстан облысында қазба байлығының барлық түрі кездеседі. Мұнда мыстың – 39, мырыштың – 30, қорғасынның – 34, алтынның – 122, күмістің – 48, қалайының 11 кен орны бар. Халық игілігіне жарап жатса, байлық емей немене?!
Жер қойнауын пайдалануға құйылатын инвестиция тұрақты болғанымен, соңғы 10 жылда Шемонайха, Юбилейный-Снегирево, Зырянь сынды қорғасын-мырыш кен орындары игеріліп болған екен. Ал жақын он жылдықта өңір экономикасына әсер етіп отырған тағы бірнеше кен орнындағы қазба байлық түгелдей таусылады. Атап айтсақ, Орлов, Белоусовка, Ертіс, Малеевка, Тишин, Шубинск, Долинное. Жер қойнауын пайдаланушы компания өкілдерінің айтуынша, өңірде пайдалы қазбалардың 17-20 жылға жететін ғана қоры қалған. Ал жаңа кен орнын ашып, оны қолданысқа беру үшін кемі 10-15 жыл уақыт кетеді. Мамандар 2019 жылы министрлік Белсу, Арғымбай учаскелеріндегі алтынның, Шірікаяқ, Өскемен және тағы басқа учаскелердегі сирек кездесетін металл қорын болжаған. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарға инвестиция тартылып, жаңа кен орындарын ашу жоспарланған. Министрдің айтуынша, ресурстар қорын толықтыру үшін барлаудың заманауи геофизикалық, геохимиялық және басқа әдістерін қолданып, инвесторларға қолайлы жағдай туғызу қажет.
Бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы бекітіліп, мемлекеттік бюджеттен жер қойнауын геологиялық зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын күшейту мәселесімен және қосымша қаражат тарту жұмыстарымен айналысатын жұмыс тобы құрылып, оған осы салада зерттеулер жүргізетін ғалымдар, қызығушылық танытқан мамандар тартылмақ. Сол үшін де «Қазгеология» компаниясы облыстағы жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатпақ ниетте.
Алайда кен шикізатын өңдеу облыс орталығында жүргізілетіндіктен Өскеменнің өкпесі қабынып тұр. Мұны ең лас қалалардың ішінде алдыңғы орынды босатпайтын Өскеменнің рейтингтердегі көрсеткіштерінен де байқайсыз. Сондықтан жергілікті тұрғындардың денсаулығын сақтаудың және қорғаудың арнаулы бағдарламасы қажет-ақ. Бұл бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен бөлек қазба ресурстарын игеріп жатқан кәсіпорындардың да әлеуметтік жауапкершілігін кеңейте түсу қажет.
Керек дерек
Шығыс Қазақстан облысында мыстың – 39, мырыштың – 30, қорғасынның – 34, алтынның – 122, күмістің – 48, қалайының 11 кен орны бар.
ӨСКЕМЕН