Ұлы Абайдың өлеңдері жүз жасқа таяп қалған кейуананың өзіне рухани азық, күш-қуат береді. «Абай атамыздың ойлы сөздері, өнегелі жырлары оқыған сайын жанды жадырата түседі», дейді Балқаш қаласында тұратын 96 жастағы Рахила Ержанова. Бір қызығы, жүзге қадам басқан қария хакімнің өлеңдерін кез келген жерінен үзіп алып, жатқа оқи береді екен.
Рахила Ержанова әжей 1924 жылы Балқаш көлінің жағасындағы балықшылар ауылы Тасаралда дүниеге келген. Аумалы-төкпелі заманда бес-ақ сыныптық білім алыпты. Тұрмыс құрғаннан кейін күйеуімен бірге балық аулау шаруашылығында еңбек еткен. Екі баланы дүниеге әкеліп, оларға өнегелі тәрбие береді. Жұмысының тығыздығына, оқуының аздығына қарамастан бар күшін балаларының білім алуына жұмсап, олардың бойындағы әдебиетке деген сүйіспеншілікті оята білген.
Кейуананың қызы Баян Аяшбекова анасының Абай шығармаларына ерекше құнт қоятынын мақтанышпен айтады.
– Ол заманда оқи алатын әйелдер аз болған ғой. Көбі тек қана үй шаруашылығымен айналысты. Бірақ менің анам жұрттан жасырса да, өз бетімен оқуға тырысып, білімін жетілдіріп отырған. Қазақ ақындарының шығармаларын, әсіресе Абайды сүйіп оқиды, – дейді ол.
Бүгінгі күнде Рахила әжейдің 9 немересі мен 16 шөбересі бар. Олардың барлығы да өнерлі, көбі өлеңге құмар, ән салғанды ұнатады. Ал кейуананың өзі көз жанарының көмескі тартқанына қарамастан, Абайдың кітабын қолынан тастамай, үзбей оқып отырады.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы