• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Желтоқсан, 2020

Орталықтандырылған қойма оңтайлы болмақ

282 рет
көрсетілді

Қызылжар қаласында азық-түліктерді сақтау, сұ­рыптау және көтерме сау­­дамен бөліп сату орта­лығы ашылды.

Толық қуатында жұмыс іс­тегенде 60 адамдық жұ­мыс орнын ашатын алып қой­ма­ны жасауға 1,9 млрд теңге қа­ражат жұмсалған. Жұ­мыс­шылардың демалыс орындары ұйымдастырылған қоймада 2 мың тонна көкөніс және 10 мың тонна басқа да азық-үлік түрлерін сақтайтын орындар бар. Кешеннің сыйым­дылық аумағы 7 мың тоннаны құрайды. Температуралық және ылғалдылық режімдерді қамтамасыз ететін құрал-жаб­дықтары да толық. Сонымен қатар қоймаға келген жүктерді түсіру және қайта тиеп жіберу мерзімі де озық техникалар ар­қылы азайтылған. Мұндай қоймалар әлемдік стандарттарда В категориясында екен, одан жоғары тек А категориясы ғана.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қойманы аралап көріп, облыс халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ететініне сенім білдірді. «Енді біздің азық-түлік таратушы бизнесмендеріміз оны көтерме бағамен бір-ақ жерден алады. Алыстан келген көкөністер мен жемістер де алушысын күтіп көп жатып қалмай, тезірек өтетін болады. Бұл тауардың сапасын жоғалтпай тұрып тұрғындарға тезірек жеткізілуіне қолайлы жағдай туғызады. Сайып келгенде бұл тұрғындарымыз үшін де қолайлы», деді Қ.Ақсақалов.

Азық-түлік саудасындағы тағы бір жетістік – енді облыс­та ұсақ саудагерлер мен дел­далдар азайып, «Радуга», «Солтүстік» СКК сияқты компаниялар тауарды бір жерден сатып алып, бірден сауда орындарына түсіреді. Сөйтіп азық-түліктің бір қоймадан екінші қоймаға көшуі барынша азайтылды. Осының өзі бизнестің шығынын азайтып, бағаның түсуіне де ықпал етуде. Жаңа орталықтандырылған қойма өңірді жылдың барлық мезгілінде азық-түлікпен толық қамтамасыз ететін болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы