• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Желтоқсан, 2020

2020: Кібісе жылының «тартуы»

299 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың кім-кімді болсын әуре-сарсаңға салғаны белгілі. 2020-ның адамзат тарихында дүние жүзін жаппай әбігерге түсірген жыл ретінде есте қалатыны анық. Әлемді жаулаған белгісіз індет­ке байланысты оқиғалардан бөлек, Жер шарының тұрғындары сая­си, әлеуметтік, экологиялық апат­тардан да көз ашқан жоқ. Кібісе жылының соңғы күндерінде солардың бірқатарын шолып шығуды жөн көрдік.

Биылғы оқиғалардың бір-бірін жылдам ауыстырғаны соншалық, көбіміз жыл басында не болғанын да ұмытып барамыз. Есте болса, қаңтар айында назар Аустралиядағы тілсіз жаумен күреске ауған еді. Әлеуметтік желілерде тараған өртке оранған орманда жан бағуға тырысқан кенгуру мен аман қалған коаланың суреттері ешкімді бей-жай қалдырмаған-ды. Ол кезде алда әлі талай табиғаттың тосын сыйы күтіп тұрғанын кім білген. Осылайша тілсіз жаумен айқасқан Аустралияға өзге де елдер көмекке келе бастады. Дегенмен бұл апаттың құрлық табиғаты мен экожүйесіне, жануарлар әлеміне тигізген теріс әсері бір жылда қайтпайтыны мәлім.

Одан бөлек қаңтар айында АҚШ пен Иран арасындағы кикілжің қайта тұтанды. АҚШ-тың Иранның жоғарғы генералы Касем Солейманиді өлтіруі екі ел арасындағы онсыз да күрделі қарым-қатынастың қайта өршуіне әкелді. Таяу Шығыс тағы тұрақсыздыққа беттеді. Екі ортада украиналық жолаушылар ұшағы құлап, борттағы 176 адам қаза тапты. Апаттан бірер сағат бұрын Иран АҚШ әскерилері мен коалиция күштері шоғырланған Ирактағы бірнеше нысанды ондаған зымыранмен атқылаған еді. Басында ұшақ техникалық ақау кесірінен құлады делінген. Кейіннен Иран ұшақты байқаусызда атып алғанын мойындады. Осылайша үлкен шығынға әкелген жанжалдың қанша уақытқа тоқтағаны белгісіз. Өткен ғасырда басталған қос ел арасындағы күрделі жағдай ара-тұра шиеленісе түсетіні бар. Бәлкім АҚШ-тың жаңа президенті әкімшілігінің ұстанымы өзгерек болар.

Қаңтар ұзақ уақытқа созылған тағы бір ірі саяси оқиғаның нүктесін қойды. Ұлыбритания ресми түрде Еуропалық Одақтың құрамынан шықты. Brexit деп айдарлаған саяси үрдіс жүзеге асты. Дегенмен сауда-саттық, кеден және өзге де маңызды мәселелер бойынша келіссөздер жыл соңына дейін жүрді. Жақында ғана тараптар келісімге келіп, соңғы шешімге келісті. Мың беттен тұратын құжат әлі жарияланған жоқ. Онда Ұлыбритания мен ЕО-ның алдағы қарым-қатынасы көрсетілген. 2016 жылы басталған бұл айтулы оқиға да 2020-ның еншісінде кететін болды.

Жыл басындағы алғашқы айлардың өзі осындай маңызды оқиғаларға толы болды. Біреу бірнеше айда күнделікті тіршілігіміз адам танымастай өзгереді десе ешкім сенбес те еді. Адамның айтқаны бола бер­мей­тініне тағы көз жетті. Жыл басынан бері Қытайда бірнеше адамның белгісіз ви­рус жұқтырғаны жайлы бірлі-екілі хабар­ға ешкім назар аудара қойған жоқ. Кейіннен таңнан кешке дейін тек осы вирус жайлы ақпарат іздеп таусылатынымызды қайдан білейік? Ал бұл уақытта Қытайдың Ухан қаласында шыққан індетті адамдар дүние жүзінің түкпір-түкпіріне таси бастады. Таяу Шығыста жағдай ушықты, одан кейін Еуропа індет құрсауында қалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда індетті COVID-19 пандемия­сы деп жариялады. Одан бері індеттің бірнеше толқыны болып, әр ел қолынан келгенше күресіп бақты. Біреулері жеңіл құтылса, кейбірі дағдарысқа ұшырап, талай адамның өмірін құтқарып қала алмады. Қазір коронавирусты әлемде 80 млн-нан астам адам жұқтырып, 1,7 млн науқас қайтыс болды.

Кезінде ДДҰ басшысының «Бұл – денсаулық сақтау саласының дағдарысы емес, пандемия барлық секторға әсер етеді» деген сөзі анық келді. Экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, кедейлік, білім беру саласындағы қиындықтар әлем елдерін әбігерге салды. Мемлекеттердің ғана емес, адамдардың да құндылықтары өзгеріп, басқа мәселелер күн тәртібіне шықты. Мемлекеттік дағдарыстан бөлек, пандемияның адам өміріне, әл-ауқатына, психикалық күйіне, қарым-қатынасына қалай әсер еткенін әлі де зерттеу маңызды.

Пандемия салдарынан жоспарлардың тас-талқаны шықты. Биыл өтуге тиіс болған Жазғы Олимпия ойындары келесі жылға шегерілді. Тарихта осыған дейін кейінге қалған үш ойын да I және II Дүниежүзілік соғыстың кесірінен болған еді. Алғаш рет індеттің кесірі Олимпия ойындарына тиді. Одан бөлек әдетте аста-төк өтетін ашылу және жабылу салтанатының қарапайым өтетіні белгілі болды. Бұл жылды «даңғазашылдықпен күрес» деп те атаса болар ма еді?!

Тамыз айы да оңай басталмады. Бұл жолғы суыт хабар Таяу Шығыстан келді. Ливан астанасы Бейрут портында жойқын жарылыстан 200-ден астам адам қайтыс болды. Әлеуметтік желі мен БАҚ-та тараған суреттер мен видеоларда апокалипсис келгендей жермен жексен болған ғимараттардың бейнесін көргенде жан түршікті. Індет аз болғандай, Бейруттың ауруханалары жарақат алған 5 мыңнан астам адамға толды.

Бірнеше күннен кейін әлем назары Беларуське ауды. Бұл саяси дағ­дарыс­қа халықтың президент сайлауы­ның нәти­жесімен келіспеуі себеп болды. Бела­русь Республикасындағы наразы­лықтар ел­дегі саяси мәселелердің шие­леніс­кенін көр­сетті. Басында бейбіт шеру ретін­де бас­т­алған акция кейіннен күш көр­сету­ге көшті. Наразы топтың талабымен келіс­­пеген қайта сайланған президент Лука­шенко жағдайды тұрақтандырып, ми­тинг­ке шыққандарды үйлеріне тарату­ға тырысты. Бұл тұрақсыздықтың сал­дары Беларусь билігінің беделіне, эконо­мика­лық жағдайының ушығуына алып келгені белгілі. Елдегі наразылық көңіл күй толы­ғымен жойылды деуге тағы болмас.

Посткеңестік елдердің тағы біреуінде саяси ахуал күрделене түсті. Көршілес қырғыз еліндегі Парламент сайлауына қарсы наразылық аз уақытта жанжалға ұласып кетті. Қазанда болған Қырғыз төң­керісі атанған даудың соңы ел прези­денті Сооронбай Жээнбековтің орнынан кетуімен бір-ақ аяқталды. Тәртіпсіздік салдары ел экономикасына ауыр соққы болғаны белгілі.

Жалпы, биыл наразылықтан көз аш­паған елдер қатары көп болды. Халық­тың неге көңілі толмайтыны да түсінікті. Латын Америкасы мен Африка­ның кей елдерінде де биліктің пандемияға қарсы күрес шараларына көңілі толмағандар көп болды. Індет көп елдің онсыз да күрделі жағдайын одан сайын қиындата түсті. Халықтың ақша табуға, отбасын асырауға мүмкіндігі болмай, ертеңгі күніне сенімсіз болуы осындай әрекетке алып келді.

Одан бөлек жақында түйіні шешілген Таулы Қарабақтағы қақтығысты тағы айтпай кетпеуге болмайды. Бұрыннан шиеленіскен жағдайдың бәрі дәл биылғы жылды күткендей кезек-кезек жарыла бас­тады емес пе? Шешімін тапқанға дейін екі мың сарбаз бен бейбіт тұрғынның өмірін қиған даудың салдары одан да көп.

Саяси оқиғалар жайлы сөз қозғағанда АҚШ-та өткен президент сайлауы міндетті түрде айтылады. Алдағы жылдан бастап АҚШ-ты Дональд Трамп емес, демократ Джо Байден басқарады. Дегенмен халық назары қатар сайланған вице-президент Камала Харриске ауды. Ол тарихтағы алғашқы әйел вице-президент, оның үстіне өзге нәсілден. Батыс елдерінде нәсілдік теңдік мәселесі аса маңызды тақырыптардың бірі екенін жасырын емес. АҚШ-тың алдағы жылдар­дағы сыртқы саясаты жаңа президент әкім­шілігіне байланысты болмақ.

Жыл соңы бір жыл бойы әуреге салған коронавирустың емі табылғаны туралы сүйінші хабармен қатар келді. Бар үмітін вакцинаға артқан халықтың көкейінде енді үмітпен қатар күдік пайда болды. Аз уақытта вакцина жарысында үздік болуға талпынған елдердің өнімдері қаншалықты қауіпсіз әрі тиімді?

Төрт жылда бір келетін кібісе жылында болған оқиғаларға қысқаша шолу осындай. Келер жылы жақсы жаңалықтардың жаршысы болуды жазсын.