• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Желтоқсан, 2020

Жамбылда биыл 5 мыңнан астам адам коронавируспен ауырған

299 рет
көрсетілді

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жамбыл облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева брифинг өткізіп, облыстың эпидемиялық жағдайы туралы баяндады. Ол өз сөзінде биылғы жылы өңірде коронавирус індетімен 5 мыңға жуық адамның ауырғанын айтты.

Соңғы 2 аптаның өзінде облыс бойынша қауіпті індет жұқтырудың 235 жағдайы тіркелген. Oның ішінде симптомдық ағымы бар 125 науқас, симптомсыз ағымы бар 110 науқас анықталған. Шектеу шаралары әлсіреген сәттен бастап, яғни 17 тамыздан бүгінгі күнге дейін 2802  рейд жүргізіліп,14317 нысан тексерумен қамтылған. Сондай-ақ, 906 нысанда құқықбұзушылықтар анықталған. Бұл ретте медициналық бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты, жұмыс режимін сақтамағаны және бұқаралық іс-шараларды өткізгені үшін 490 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

 Сонымен қатар, бүгінде облыс бойынша анықталмаған пневмонияның 478 жағдайы тіркелген. Салтанат Әлібаева барлық науқастар пневмония диагнозымен облыстың медициналық ұйымдарына жүгінген кезде анықталғанын мәліумдеді. Ал, еліміздегі эпидемиялық жағдайды бағалау бойынша Жамбыл облысы жасыл аймақта орналасқан. Өңір бойынша жағдай тұрақты. Сондай-ақ, ол Қордай ауданындағы «Қарасу», «Аухатты», Мерке ауданындағы «Сыпатай батыр» және Жамбыл ауданындағы «Айша бибі» өткізу пункттері жұмыс істеп тұрғанын, аймаққа айырқалпақты елден келетін азаматтар 2 күндік карантиндік стационарға жатқызылатынын, шетел азаматтары тек теріс нәтижелі ПТР тесті жасалған анықтамамен ғана шекарадан өте алатынын да айтты. Мәселен, ағымдағы жылғы 6 қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін 63206 адам шекарадан өткен. Оның ішінде 2267 адам 2 күндік карантиндік стационарға жатқызылып, ПТР әдісімен тексеруге алынған. Тексерілгендер арасынан коронавирус індетімен ауыратын 28 науқас анықталыпты. Алайда, анықталған науқастар оқшауланған. «Эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп, науқастар және олармен жақын байланыстағы адамдар медициналық бақылауға алынды. Ал, 1339 шетел азаматтарына теріс нәтижелі ПТР тесті болмағандықтан, елімізге кіруге рұқсат берілмеген», деді Салтанат Әлібаева.

 

Жамбыл облысы