• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 30 Желтоқсан, 2020

Жазу – қаламнан бұрын санада бастау алады

398 рет
көрсетілді

Шексіздік, ең алдымен адамның ой-қиялына тән. Ал терең ойдың жемісі – жазу. Жақсы жазу. Ол дегеніңіз әдебиет. Кез келген ақын-жазушының жан түкпірінде бүлкілдеп жүрген бір ойы болады. Бәрін түгесіп, тауысқан классик жоқ. Бәрінің де, әйтеуір жазары бар. Әлқисса.

Бүгін Әдебиет бетінде «Не жазып жүр­сіз? Һәм не жаза алмай жүрсіз?» деген әде­би сауалдама бастап отырмыз. Қазіргі қазақ авторларының шығармашыл өміріне барлау жасай отырып, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, жазушы-драматург Роза Мұқанованың не жазып һәм не жаза алмай жүргенін сұрап көрдік.

 

– Жазу – қаламнан бұрын санада бастау алады. Күнде қолыңа қалам ұстап, жазу үстеліне 10-12 сағат таңылып оты­руға уақыт та тапшы. Бірақ санамда, сезім түй­сігінде, жазу әлемімдегі кеңістігімде бос жатқан орын жоқ. Аялап, армандап жүрген тақырыптарым бар. Жазсам де­ген кейіпкерлерім бар. Негізінен адам­ның жанына үңілгенді жақсы көремін. Адам табиғатындағы ерекшеліктер қы­зық­тырады. Адамға жа­ның ашиды, «дү­ниеге келерінде еш­кім одан рұқсат сұра­маған, кетерінде де ешкім одан рұқсат сұ­рамайды». Тағ­дыры солай. Өз иелігі өзінде сияқты көрінгенмен, ылғи алдында тосқауылдар мен кедергілер, жеңістер мен жеңілістен тұратын асу-асу белдері бар. Ол жанын жарылыстардан сақтаумен өмір кешеді. Бірақ ақыр түбінде жан жарылысынан қопарылып түседі. Осындай ойлар ширықтырып, кейіпкер таңдап, жұмбағына үңіліп жүргенде болашақ шығармаға жан бітеді, жаңа бір дүниең жарыққа шыққысы келіп бұлқынып жатады.

Сергей Довлатовтың күнделігінде: «Тағ­дырыма ауыр сынақ келген сәттерде жүрегім қан жылайды. Бірақ сол сәтте жанымның түкпірінен бүлкілдеп, бірдеңе қуантып жатады. Бұл сынақ түбінде бір шығармаға арқау болатынын сезіп шаттанып, қайғы үстінде қуанып тұрамын» дегені бар еді. Бұл шын суреткердің табиғаты. Ойы оқшау, жұмбақ. Осындай табиғатымен өз ортасына «түсініксіз» болуы да ықтимал.

Суреткерде ішкі үн болады. Ол өзіне де, қоғамға да қатерлі болуы мүмкін. Жал­пы ішкі дүниенің сыртқа шығып кетуі жын­ның азаттық алып кеткеніндей қауіпті. Суреткер «жынын» ішіне жасыра білгені жөн. Әйтпесе А.П.Чеховтың «Палата №6» шығармасындағы Рагин сияқты трагедия­ға ұшырауы бек мүмкін. Ішкі ойыңды адам ретінде айту – қауіпке, ал суреткер ретінде – табысқа әкеледі.

Дәрігер Рагин – жасырын жүрген ішкі үнін, өзіне тән құпияны қоғамда ашық айтып қалады. Өзінің қоғамдағы сыйлы орны бола тұра ішкі үнін сыртқа шығара салды. Ол жындыханадағы жындыларды түсіне бастап еді. Тіпті жындыларға қамқор бола бастаған еді. Ақыры осы ашық әрекеті өзіне сор болып жабысқан Рагинді қоғам жындыханаға қамады.

Ішкі үн – адам тағдырын, қоғам көрі­нісін әдебиетке айналдыра алады, ал әде­биетті өмірге айналдыра алмайсыз. Өмір – ақиқат, әдебиет – өнер. Шығарма жазудың қиындығы да, даралығы да осында. «Қиыннан қиыстыра» білмеген адам суреткер емес.

Біздің қоғамда оқырман аз, «жазғыш» графомандар көп. Кейде қалам ұстап, ақынбыз деп жүргендер пьеса мен спек­такльдің айырмашылығын білмейді. Тіпті кейіпкер дегеннің не екенін білмейді. Кейіпкер мен өмірде болған адамды шатастырып жатады. Адамды Алла жаратса, кейіпкерді жазушы жаратады. Оның қоғам таныған өмірдегі адамнан айырмашылығы сонда екенін білмейтін­дер де бар.

Мысалы, әлемге әйгілі «Амадей» филь­мі әр номинация бойынша Оскар сыйлығын сегіз рет алған туынды. Драматургиясын британдық әйгілі дра­матург Питер Шеф­фер жазған. «Амадейде» Моцарттың био­графиялық өмірі ойдан құралған. Тек күл­кісін ғана за­мандастарының айтуымен шын­дық­тан алған. Драматург сол күлкінің өзін ақиқат пен жалғанның тайталасында ерекше күлкі ретінде пайдаланады. Міне, бұл автордың көркемдік тапқырлығы һәм көркемдік шешімі.

Сынды сауатты сыншы жазса іштей қуанасың, себебі сын суреткерді де, оқыр­манды да жетілдіріп, өсіріп отырады. Сын да, драматургия да әумесер бір шөп­желкенің қолындағы ойыншығы емес. Спек­такльді көрмей, драматургиясын оқымай сын жазу – қазақ қоғамы­ның мәдениетінде бұрын-соңды болмаған «жаңалық» жанрдың заңдылығын біл­мейтін, сауатсыздың «ауыз – өзімдікі» деуге әсте хақысы жоқ.

Мен өз басым шығарма жазғанда «сын не айтады?» деп ешқашан ойлаған емес­пін. Әдеби сын – ұзақ зерттеуді талап ететін, жанкешті ғылым. Марқұм Ба­қытжан Майтанов, Рафат Әбдіғұлов, Қа­нипаш Мәдібаева, Гүлжаһан Орда, Ермек Қайнікей, т.б. әдебиет сыншыларын іздеп жүріп оқимын. Ал қазақ қоғамында әдеби сынға да, театр сынына да еш қатысы жоқтар сын жазуға әуес. Жалаң, сынның жауапкершілігін, салмағын кө­тере алмайтын, жеке көзқарасын әдеби сынға балайтындар пайда болды. Көп жағ­дайда олар өзінің менменшілдігі мен амбиция­сынан аса алмайтын, бас араздығымен, қызғаныш, пендешілігімен, кекшілдігімен ғана пікірін «тиянақтап» жатады. Қазір де солай!

Мынау әлемді жайлаған індеттің өз қиындығы болғаны рас. Осы аласа­пы­ран кезде де жазуға мүмкіндігім бол­ды. Қа­зақ­тың талантты қызы, таны­мал актри­самыз Ләйла Бекназар-Ханин­га­ның ұсы­нысымен, Қ.Қуанышбаев теат­ры­ның сол кездегі басшысы болған А.Мае­миров­тің қолдауымен, «Бопай ханым­ның» дра­матургиясын жазуға ұсыныс алдым. Қа­зір жұмыс үстіндеміз. Ләйла Бекназар-Ханинга менің барлық пьесаларымда ойна­ған сүйікті актрисам. «Мәңгілік бала бей­не», «Сарра», «Фариза». Осы жолы Әбіл­қайыр ханның сүйікті жары Бопай ха­нымның бейнесін сомдамақ.

– Шығармашылық құпияңызбен бөліскеніңізге рахмет.

 

Дайындаған

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»