Шексіздік, ең алдымен адамның ой-қиялына тән. Ал терең ойдың жемісі – жазу. Жақсы жазу. Ол дегеніңіз әдебиет. Кез келген ақын-жазушының жан түкпірінде бүлкілдеп жүрген бір ойы болады. Бәрін түгесіп, тауысқан классик жоқ. Бәрінің де, әйтеуір жазары бар. Әлқисса.
Бүгін Әдебиет бетінде «Не жазып жүрсіз? Һәм не жаза алмай жүрсіз?» деген әдеби сауалдама бастап отырмыз. Қазіргі қазақ авторларының шығармашыл өміріне барлау жасай отырып, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанованың не жазып һәм не жаза алмай жүргенін сұрап көрдік.
– Жазу – қаламнан бұрын санада бастау алады. Күнде қолыңа қалам ұстап, жазу үстеліне 10-12 сағат таңылып отыруға уақыт та тапшы. Бірақ санамда, сезім түйсігінде, жазу әлемімдегі кеңістігімде бос жатқан орын жоқ. Аялап, армандап жүрген тақырыптарым бар. Жазсам деген кейіпкерлерім бар. Негізінен адамның жанына үңілгенді жақсы көремін. Адам табиғатындағы ерекшеліктер қызықтырады. Адамға жаның ашиды, «дүниеге келерінде ешкім одан рұқсат сұрамаған, кетерінде де ешкім одан рұқсат сұрамайды». Тағдыры солай. Өз иелігі өзінде сияқты көрінгенмен, ылғи алдында тосқауылдар мен кедергілер, жеңістер мен жеңілістен тұратын асу-асу белдері бар. Ол жанын жарылыстардан сақтаумен өмір кешеді. Бірақ ақыр түбінде жан жарылысынан қопарылып түседі. Осындай ойлар ширықтырып, кейіпкер таңдап, жұмбағына үңіліп жүргенде болашақ шығармаға жан бітеді, жаңа бір дүниең жарыққа шыққысы келіп бұлқынып жатады.
Сергей Довлатовтың күнделігінде: «Тағдырыма ауыр сынақ келген сәттерде жүрегім қан жылайды. Бірақ сол сәтте жанымның түкпірінен бүлкілдеп, бірдеңе қуантып жатады. Бұл сынақ түбінде бір шығармаға арқау болатынын сезіп шаттанып, қайғы үстінде қуанып тұрамын» дегені бар еді. Бұл шын суреткердің табиғаты. Ойы оқшау, жұмбақ. Осындай табиғатымен өз ортасына «түсініксіз» болуы да ықтимал.
Суреткерде ішкі үн болады. Ол өзіне де, қоғамға да қатерлі болуы мүмкін. Жалпы ішкі дүниенің сыртқа шығып кетуі жынның азаттық алып кеткеніндей қауіпті. Суреткер «жынын» ішіне жасыра білгені жөн. Әйтпесе А.П.Чеховтың «Палата №6» шығармасындағы Рагин сияқты трагедияға ұшырауы бек мүмкін. Ішкі ойыңды адам ретінде айту – қауіпке, ал суреткер ретінде – табысқа әкеледі.
Дәрігер Рагин – жасырын жүрген ішкі үнін, өзіне тән құпияны қоғамда ашық айтып қалады. Өзінің қоғамдағы сыйлы орны бола тұра ішкі үнін сыртқа шығара салды. Ол жындыханадағы жындыларды түсіне бастап еді. Тіпті жындыларға қамқор бола бастаған еді. Ақыры осы ашық әрекеті өзіне сор болып жабысқан Рагинді қоғам жындыханаға қамады.
Ішкі үн – адам тағдырын, қоғам көрінісін әдебиетке айналдыра алады, ал әдебиетті өмірге айналдыра алмайсыз. Өмір – ақиқат, әдебиет – өнер. Шығарма жазудың қиындығы да, даралығы да осында. «Қиыннан қиыстыра» білмеген адам суреткер емес.
Біздің қоғамда оқырман аз, «жазғыш» графомандар көп. Кейде қалам ұстап, ақынбыз деп жүргендер пьеса мен спектакльдің айырмашылығын білмейді. Тіпті кейіпкер дегеннің не екенін білмейді. Кейіпкер мен өмірде болған адамды шатастырып жатады. Адамды Алла жаратса, кейіпкерді жазушы жаратады. Оның қоғам таныған өмірдегі адамнан айырмашылығы сонда екенін білмейтіндер де бар.
Мысалы, әлемге әйгілі «Амадей» фильмі әр номинация бойынша Оскар сыйлығын сегіз рет алған туынды. Драматургиясын британдық әйгілі драматург Питер Шеффер жазған. «Амадейде» Моцарттың биографиялық өмірі ойдан құралған. Тек күлкісін ғана замандастарының айтуымен шындықтан алған. Драматург сол күлкінің өзін ақиқат пен жалғанның тайталасында ерекше күлкі ретінде пайдаланады. Міне, бұл автордың көркемдік тапқырлығы һәм көркемдік шешімі.
Сынды сауатты сыншы жазса іштей қуанасың, себебі сын суреткерді де, оқырманды да жетілдіріп, өсіріп отырады. Сын да, драматургия да әумесер бір шөпжелкенің қолындағы ойыншығы емес. Спектакльді көрмей, драматургиясын оқымай сын жазу – қазақ қоғамының мәдениетінде бұрын-соңды болмаған «жаңалық» жанрдың заңдылығын білмейтін, сауатсыздың «ауыз – өзімдікі» деуге әсте хақысы жоқ.
Мен өз басым шығарма жазғанда «сын не айтады?» деп ешқашан ойлаған емеспін. Әдеби сын – ұзақ зерттеуді талап ететін, жанкешті ғылым. Марқұм Бақытжан Майтанов, Рафат Әбдіғұлов, Қанипаш Мәдібаева, Гүлжаһан Орда, Ермек Қайнікей, т.б. әдебиет сыншыларын іздеп жүріп оқимын. Ал қазақ қоғамында әдеби сынға да, театр сынына да еш қатысы жоқтар сын жазуға әуес. Жалаң, сынның жауапкершілігін, салмағын көтере алмайтын, жеке көзқарасын әдеби сынға балайтындар пайда болды. Көп жағдайда олар өзінің менменшілдігі мен амбициясынан аса алмайтын, бас араздығымен, қызғаныш, пендешілігімен, кекшілдігімен ғана пікірін «тиянақтап» жатады. Қазір де солай!
Мынау әлемді жайлаған індеттің өз қиындығы болғаны рас. Осы аласапыран кезде де жазуға мүмкіндігім болды. Қазақтың талантты қызы, танымал актрисамыз Ләйла Бекназар-Ханинганың ұсынысымен, Қ.Қуанышбаев театрының сол кездегі басшысы болған А.Маемировтің қолдауымен, «Бопай ханымның» драматургиясын жазуға ұсыныс алдым. Қазір жұмыс үстіндеміз. Ләйла Бекназар-Ханинга менің барлық пьесаларымда ойнаған сүйікті актрисам. «Мәңгілік бала бейне», «Сарра», «Фариза». Осы жолы Әбілқайыр ханның сүйікті жары Бопай ханымның бейнесін сомдамақ.
– Шығармашылық құпияңызбен бөліскеніңізге рахмет.
Дайындаған
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»