• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Әдебиет 30 Желтоқсан, 2020

Серік Ақсұңқарұлының жыр әлемі

544 рет
көрсетілді

Бір мезгілде 2-3 кітапты қатар оқи беретін әдет студенттік кезден қалыптасты. Әдеби жанрлар бірінен бірі өтеді, шедевр шығармалар көздің құрты, мен үшін мәңгілік аңсар. «Төбемнен жауһар жауып тұр» атты жасыл кітапты («Қазығұрт» баспасы, 2005 ж.) қайталап оқыдым. Авторы Ақсұңқарұлы, мұқабаға тек ақынның фамилиясы жазылғаны тартымды көрінді. Автор маған 2007 жылы қарашада жыр жинағын қолтаңбасымен берген еді. Оқу үстінде ежелден барлық кітапты белгілеп қоятын әдетім бар. Кітаптың артында бұрыннан өзім таңбалап қойған нұсқау көп екен. Сондықтан оны қозғамай, тосын талдауға кірістім.

«Даламыз – кітап.

Беттерін ашқанда кілең,

Терең ол, ерен ғажайып

дастандарымен.

Эпосы,

Эпопеясы қыраттарының

Тұяқтарымен жазылған

пырақтарымның.

Ат тұяқтарының даламда

азан сапты әні,

Ата-бабамның сол еді қаламсаптары.

Сол жазған ерлік эпосын Отырарыма,

Ұлытауымның сандық тас

шоқыларына».

Серік Ақсұңқарұлы жазушы Сәуірбек Бақбергеновке арнаған «Арғымақтар» атты өлеңінде көшпелі халықтың өткені мен бүгінін салыстырады, бұл расында Ілияс Жансүгіров жоқтаған ұлт жады-Құлагер-рухқа қайырыла беруден туған реквием. Ірі ұғымдар, кесек мінез, ұлттық қасиет, этнопсихологиялық менталитет­ке негізделетін дүниетанымдық-фило­софиялық ерекшеліктен айрылу зары – жоқтау әр ұлттың жаны болып табылатын өнердің көкжиегін шалмай қалмайды.

Серік ақын Төлеужан Ысмаилов, Өте­жан Нұрғалиев, Кеңшілік Мырзабеков, Дәуітәлі Стамбеков сияқты дара талант­тардың тұлғалық болмысын ардақтап, аруақтарын қастерлеп, рухтарын шынайы өлеңге аманат қылғаны азаматтық парызы және бекзаттық мінезден. Шын асылды бағалауда біздің халық шабан. Жас балаға әліппе жаттатқандай айта бермек артықтық етпейді.

«Уа, Тарих!

Айтсаңшы айқайлап

Өте ме ел осылай, жаным-ай,

Өңшең бір пасыққа жаутаңдап,

Өз ұлын – өздері танымай?!

Қайда сол бұла Ақын?»;

«Халтурщиктер қара құрттай

қаптап бір,

Жұматайың жалғыз

қалды жалғанда...».

Әдебиет бітпес майданның ордасы, оның қаруы алабөтен екенін тек қалам ұстағандар біледі.

Серік Ақсұңқарұлының ««Қызыл­арай» колхозы 40 әйел...4 еркек» атты балладасы қысқа метражды фильм тү­сі­руге сұранып тұр, оқиға және образдар көз алдыңа елестеп отырады. Дәуір шындығы, соғыс қасіреті, күллі адамзат портреті, оның мәңгі трагикомедиясы, боямасыз жан әлемі, қазақ әйелдеріне біткен рух қандай! Ақын жүрегін жарып шыққан құнарлы жырда реализм айқын.

Негізі бір кітапты түстеп атау неме­се бір автор екінші авторды екшеп айту өте маңызды. Қазіргі физикалық дүниеде жарнама қаншалық құдіретті рөл атқарса, «Мен оқып жүрген кітап» аталған айдардың маңызы содан кем емес. Мұның оқырман тартары даусыз. Мысалы, бұрын оқылған көркем туындыны зейін қоя қайталап оқуға ынтықтырудың қас үлгісі міне: «Менің жаныма жақыны – Блоктың «Скифтері». Поэма деген, міне, осындай болса керек-ті! Не деген кең кеңістік! Түбіне өлең ғана бойлайтын тереңдік! Әрі қысқа, әрі нұсқа. Поэманың қазақша атауы – Жыр ғой?», (Серік Ақсұңқар, ғұмырбаяндық эссе. «Барыс жылы туған асау балықпын...». «Адырна» журналы, №8.2020.).

Шығармашылық иесінің ақындық қуатын айғақтар шынайы қолтаңбасы аударма жанрында ерекше анық танылады. Александр Блок өлеңдерін Фариза ақын аудармасында оқып, түпнұсқамен рухы, сарыны өз алдына, тіпті энергетикасына шейін дөп түскеніне қайран қалғаным бар. Серік ақын классикалық поэзияны сол кеңістікте бергені (Пушкиннен) сүйіндірді:

Керуен көшті бастайтын бүгін

келді сәт,

Лирамның шегі –

қайғының легі неліктен?

Қатал ғасырдың қабағын бақпай

ел құсап,

Азаттық!

 Сені жырладым азап шегіп мен!

Талақ қыл бәрін...

Тәңірің – көкте,

Ал, асық!

Тәлкекке түспе тәж бенен таққа

таласып,

Мадаққа мәз боп, мазаққа көніп,

санасып,

Қайтесің, Музам,

тантық тобырмен таласып?!

Ақын-жазушының туа дарын екенін айқындайтын бір өлшемім бар. Кітапта эпиграфқа лайық гауһардай жарқыраған сөз кеніші жиі кездессе, менің түйсігімде, сол автор нағыз талант. Бұл қисынмен алса Серік Ақсұңқарұлының қазынасы әбден мол екен. Метафоралар, фольклор­лық сарын, мифологиялық өрнектер, діни астар, тарихи жад, романтика, мис­тика, ғарыштық сана, биіктікке құш­тар­лық, жан тазалығы, жыраулармен үндес­тік, шалықтау, бақсылық, абыздық, сөз өнерінде не қастерлі, соның бәрі Алаштың азуын айға білеген таңдаулы ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Серік Ақсұңқардың шығармашылығында тұнып тұр. Кө­лемі шектеулі мына айдарға ақын шығар­ма­шылығы сыя қоймас.

Қарапайым тіршілікке көп қабыс­пай­тын артықшылықты – өмірдің жан те­бірентер көркем бейнесін айнытпай кес­кіндеуге жаралған суреткерлікті ен­ші­­леген адамдардың бағы артық екені сүйінішті.

 

Айгүл Кемелбаева,

жазушы