• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Желтоқсан, 2020

Қаржы пирамидасын құрғандар енді сот алдында жауап береді

248 рет
көрсетілді

Қаржы пирамидасын ұйым­дастырды деген кү­дік­пен «Гарант 24 Лом­бард», «Estate Ломбард», «Выгодный займ» ЖШС-ның басшыларына қатыс­ты Қылмыстық кодекстің «Ұйымдасқан топ, қыл­мыс­­тық ұйым құру және олар­ға басшылық ету, сол­ сияқты оларға қаты­су» бабымен қозғалған іс бойынша тергеу аяқ­та­лып, жақын күндері сот­қа жолданатын бол­ды. Осы іс бойынша 56 адам қыл­мыстық жауап­кер­ші­лік­ке тартылды.

«Тергеу барысында 17 мың­нан астам жәбірленуші анық­талса, оның 3 мыңнан астамы Ақтөбе облысының тұрғындары болып шықты. Осы азаматтар 30 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Тергеу барысында 56 күдікті анықталды. Оның алтауы халықаралық іздеуде жүр. Қалған 50 адамның 33-і уақытша ұстау изоляторында, бесеуі үйқамақ­та, 12 күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Тергеу барысында бірнеше сот-медициналық сараптама та­ғайындалды. Күдіктілердің қыл­мыстық жолмен сатып алған мүл­кі анықталып, бәріне тыйым салынды», деді ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жан­болат Абдраемов.

Қаржы пирамидасы 2019 жылдың желтоқсан айының басында «Gold» компаниясының әлеуметтік желілерде белсен­ді жарнама жүргізуінен бастал­ды. Ұйымдастырушылар «Са­лым­­­шылар қаржысы Кана­да­да­ғы алтын өндіретін компа­ния­­ның инвестициясына жұм­салады. Қаржы құйғандар әлем­­­дік нарықтағы алтын ба­ға­­­сының өсуімен бір айдың ішін­­де 50-60 пайыздық үстем­ақы­­­мен өсім алады» деп сен­ді­реді. Қабылданатын ең тө­мен­гі бастапқы салым мөлше­рі – 300 мың теңгеден бастал­ған. Жарнамаға сенген жұрт қа­ланың 12-шағын ауданын­да орналасқан «Gold» ком­па­ниясының кеңсесіне қолма-қол ақшаларын әкеліп тапсырған.

Екі ай өтер-өтпестен, қаң­тар­дың алғашқы онкүндігінде бір айда уәде етілген пайыздық мөл­шерлеме түспегесін жұрт алаңдай бастайды. Бұл кезде «Gold» кеңсесі жабық тұрды. Содан олар облыстық ішкі істер департаментіне келіп, алаяқтық құрбаны болдық деп арыз жазуды бастаған. 8 ақпанда компанияның 12-шағын аудандағы кең­сесіне полиция тінту жүргізіп, ком­пьютерлік техника, ноутбук, салымшылармен келісім-шарт қа­ғаздары мен сейфтегі бар қар­жы­ны тәркіледі. Осы кезде бұл құ­рылымның ешбір банкте есеп­шоттары болмағаны, ұстал­ған екі ресейлік азаматтың да жеке есепшоттары жоқ екендігі анықталды. Шетелдіктер Ақтө­бе­де қонақүйде тұрған және бір пәтерді жалға алған. 10 ақпанда Ақтөбе облыстық Ішкі істер де­­­­партаментінің тергеу бөлімі «Gold» ЖШС-на қатысты ҚК 217-бабымен «Қаржылық (ин­вестициялық) пирамиданы құру және басқару» бойынша қыл­мыстық іс қозғады. Облыстық Ішкі істер департаменті басты­ғы­ның орынбасары Самат Аисов брифингте «Гольд» ЖШС-ы бас кеңсесі Алматы қа­ла­сында тіркелгенін, оның құ­рыл­тай­шы­сы Черняев деген Ресей Фе­дерациясының азаматы екенін мәлімдеді. Желтоқсанның бас кезінде Ақтөбеде жұмысын бас­таған серіктестіктің екі ме­нед­же­рі бір ай ішінде еліміздің алты облысында өкілдіктерін ашып үлгеріпті. Самат Аисов кеңсеге қолма-қол ақша әкеліп берген тұрғындар келісім-шартқа мүлде назар аудармағанын хабарлады. Жұрт Канададағы алтын өнді­ре­тін компанияға инвестиция тү­рінде құйылған қаржыларынан көл-көсір пайда табатындарына сеніп қалған. «Гольд» кеңсесінен тәркіленген келісім-шарттарда «Қымбат зергерлік бұйымдарды сату бойынша кеңес береді, зергерлік бұйымдарға сервистік қызмет көрсетеді және оларды бағалайды» деп қана жазылған. Яғни заңды тұлға ретінде тір­келгенде ломбард қызметімен айна­лысатындарын жариялаған.

– «Гольд» ЖШС-ның құрыл­тай­шысы Черняев деген Қазақ­станда жоқ. Ол өмірде бар адам ба, жоқ па оны анықтау үшін Ресей Федерациясына сұрау жібердік. Жұрттан ақша қабылдаған түбір­­тектерде Черняевтың қолы қойыл­­ған жерде факстің көшір­месі тұр, мұнда Ақтөбедегі өкіл­дік­тің басқарушылары болған екі азаматтың қолдары жоқ. Тұрғындар келісім-шартқа мүл­де назар аудармаған, кімнің қолы қойылғанын да тексермей, ақшаларын қолма-қол әкелген. Полиция кеңсеге тінту жүргізіп жатқанын көріп тұрса да, үл­кен соманы өз қолдарымен әке­ліп жатқандар да болды, – деген С.Аисов. Компанияның банк­тер­де есепшоты ашылмағаны, бухгалтерлік есеп жүргізбегені белгілі болды.

«Алаяқтық белгілері болып тұрса да, неге құқық қорғау органдары дер кезінде бақылауға алмады?» деген сұрағымызға Самат Аисов: «Қымбат зергерлік бұйымдарды бағалайтын компа­ния ретінде бас кеңсесі Алма­ты­да тіркелген, атқаратын қыз­меті ломбард жұмысымен ты­ғыз байланысты. Тіркеу құжат­тарын­да заңбұзушылық жоқ. Оларды бірден құрықтауға ша­ғын және орта бизнесті тек­серуге 3 жыл мораторий жария­ла­нуы да кедергі болды. Әрі жұрт­шылықтан арыз түспесе, тек­­серуші органдар бақылай ал­май­ды. Оның үстіне, еліміздің бір қаласында тіркелсе, басқа қа­ла­ларда кедергісіз жұмыс істеуге болатыны тағы бар», деп жауап берді.

Ақпан айының орта тұсында алаяқтардан алданған Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қара­ғанды облыстарының тұр­ғын­дары да шыға бастады. Тергеу басталғанда, «Gold» жал­ғыз емес, басқа қалалардан ашыл­ған филиалдарында дәл осын­дай әрекет еткендері белгілі болды. Өңірлерде алданған азамат­тар­дың саны өсе бастағанда, Бас прокуратура осы қылмыстық істің жүргізілуін өз бақылауына алды. Ақпан айында алты облыс­тың ішкі істер департаменті бір мезгілде алаяқтық, қаржылық пирамидасын құру бойынша алты қылмыстық іс қозғады. Көп кешікпей, ірі көлемдегі алаяқ­тық ісі ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ құру бабына ауыс­тырылып, тергеуді Ішкі істер министрлігінің Тергеу депар­та­менті жүргізді.

Алаяқтық әрекеттері ең бірін­ші әшкере болған «Gold» ЖШС-ы мен «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Выгодный займ» ЖШС-ы басшыларының қандай байланыстары бар, жұрттың 30 миллиард теңгесі қайда деген сұ­рақтардың әлі күнге дейін басы ашық. Қылмыстық жауап­кершілікке тартылған күдіктілерден тәркіленген мүлік құны 2 миллиард теңгеден асқан.

Ұйымдасқан қылмыстық топ­тың шетелде қашып жүрген бас­шылары кімдер, оларды елге қалай қайтаратыны туралы әзірге еш мәлімет жоқ. Дегенмен қаржы пирамидасын құрып, ұйымдасқан қылмыс жасады деп айыпталған басты күдіктілердің Ақтөбе облысының азаматтары екендігі белгілі болды. Сот та осы қалада өтеді.

 

Ақтөбе облысы