Өмірі өнермен біте қайнасып жатқан Семей қаласының халқы жаңа 2021 жылды қарсы алуға ерекше дайындалып жатыр. Әрине, елдегі жағдайға байланысты мерекелік концерттердің болмайтыны анық. Бірақ Ф.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музейде «Былтырғы қар-2020» атты көрме ашылды.
Тарихи музейде ұйымдастырылған көрмеге 200-ден астам әртүрлі жаңажылдық атрибут қойылған. Көрме сөрелері заманауи шырша ойыншықтарымен қатар, кеңестік кезеңнің көзіндей антиквариат дүниелермен толықтырылған.
Бұрын-соңды ұйымдастырылмаған көрмеге келушілер жаңа жыл қарсаңында жазылған көне хаттарды, XIX ғасырдың аяғынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі шыршаны безендіруге арналған заттарды көре алады.
– Ерекше әсердемін. Бейнебір балалық шағыма қайта оралғандай сезімде тұрмын. Ол заманның салты бойынша туған-туыстарға, жора-жолдастарға ақ параққа ақ тілегімізді ақтарып отырып хат жазушы едік. Міне, көрмеде сол заманның ашықхаттарын, шыршаға ілетін кеңестік ойыншықтарды көріп, бала күнім еске түсті, – дейді мектеп мұғалімі Лаура Қажанова.
Көрмені ұйымдастырушы Владимира Соловьеваның айтуынша, жаңажылдық сарғайған хаттардың, ойыншықтардың өз тарихы бар екен.
Сонымен қатар «Былтырғы қар-2020» атты көрмеден жергілікті қолөнершілер жасаған жаңажылдық заттар да орын тапқан. Өткен ғасыр мен бүгінгі заманды ұштастыра ұйымдастырылған көрме 2021 жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасады. Көрмені тамашалаймын деушілер, шектеу шараларына орай алдын ала телефон арқылы жазылып, белгіленген уақытта ғана келулеріне рұқсат.
СЕМЕЙ