Биыл барша адамзат болмысы сынға түскен күрмеулі де күрделі жыл болды. Ауру кірді – әлек кірді.
Сырқат – тән жарасы болса, қайғы – жан жарасы болып, қос қапталдан қолтықты сөге қақырата соқты. Қос ішектен шертілген шертер күйдей – шырғалаңы көп болғанымен, шығар мұңдай халықтың бірлігі мен бекемдігі шыңыраудың құламасына құлатқан жоқ. «Қайғың қара көже болсын» деп бұрынғылар бекер айтпағанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Қара суға семіріп жүрген қайғысыз күндерге қайырыла зер салдық. Күн түскен жерге көлеңке де түсетінін бағамдадық. Елемеген ауру есіркемейтінін ескере бастадық. Екі дүниенің арасы бір қадам болған бұл жылы тән де ауырмасын, жан да ауырмасын деген жүрегі ізгі жандар жұрт болып жұмылудың нәзира үлгісін көрсетті.
Наурыз мерекесін қарсы алып жатқан кезде нәубеттің дүйім дүниеге тарағанын бағамдаған мемлекет басшылығы дер кезінде елдің етек-жеңін қымтап, карантиндік шаралар қабылдады, шекаралар жабылды, қалаларға блок-бекеттер қойылды, халықтың қалыпты қарым-қатынасы шектелді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа бірнеше мәрте үндеу жолдап, төтеннен келген тұмауға қарсы төтенше жағдай жариялады. Бұл шаралардың барлығы Қазақстан халқының коронавирус індетіне қарсы алғашқы қуатты иммунитеті болғанын атап айтуымыз керек. Әрине, аталған шектеулер алып елдердің де экономикасын шайқалтып жіберді. Десе де, елімізде халықты әлеуметтік қорғауға ерекше назар аударылғаны мәлім. Қазір қашықтан жұмыс істеу, қашықтан оқу, қашықтан сауда жасау қалыпты іске айналды. Осылайша, бір жылға жетер-жетпес қысқа ғана мерзімде дөңгеленген дүниенің дидары өзгергеніне куә болдық. Осы сындарлы кезеңде сынақтан жеке тұлға ретінде де, жалпы қоғам ретінде де шыңдалып шығатынымызды сезіндік.
«Egemen Qazaqstan» газетінің өтіп бара жатқан жылдың негізгі қорытындыларына арналған материалдарын 3-15 беттерден оқи аласыздар