• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 31 Желтоқсан, 2020

Шетелдік БАҚ назарындағы ел

176 рет
көрсетілді

Коронавирус пандемиясы жер-жаһанды әбігерге салғандықтан, шартараптың түкпір-түкпіріндегі бұқаралық ақпарат құралдары негізінен індетке қатысты жаңалық таратты. Дегенмен, Батыстың беделді басылымдары ара-тұра болса да әлемнің «тоғызыншы территориясы» саналатын Қазақстандағы ахуалдан ақпарат беруді ұмытқан жоқ. Осы орайда, 2020 жылы әлемнің медиа өкілдері елімізге қатысты жазғандарына шолу жасап көрген едік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясындағы панельдік пікірталасқа қатысуы шар­та­раптың назарын Қазақстанға аударды.

The Economic Times газетінің хабарлауынша, аталған панельдік пікірталас­та көтерілген мәселелердің өзектілігін уақыт көрсетіп отыр. Ауғанстанда тұрақ­тылық орнату жөніндегі Қазақстан бастамаларына тоқталған басылым еліміздің өз еркімен ядролық қарудан бас тартуын да жоғары бағалады. The Economic Times газетінің пайымдауынша, мұндай қадам қазақ халқының даналығы мен көрегендігін анық аңғартады.

Euractiv агенттігі Мемлекет басшы­сының Еуразиялық интеграцияны іл­гер­і­летудегі Қазақстанның рөлі жөніндегі сөзіне екпін берді. Пікірталас кезінде Қ.Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ­тың саяси астары жоқ, экономикалық жоба екенін айтты. Сондай-ақ 182 миллионнан астам тұрғыны бар аймақты қам­тыған бұл ұйымның шетелден инвестиция тартудағы әлеуеті жөнінде әңгімелеп берді.

Жыл басында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео елордаға ат басын бұрғаны белгілі. М.Помпео мыр­заның осы сапары кезінде әлемнің барша бұқаралық ақпарат құралдарының назары Ұлы далаға ауды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуі барысында М.Помпео екіжақты ынтымақтастық мәселесін талқылай келе, Қытайдағы эт­ностық қазақтардың жағдайын айтып өткен еді.

«Рейтерс» агенттігі М.Помпеоның Қытайдағы мұсылмандарды қудалауына қатысты сөзіне екпін берді. «Помпео әңгіме барысында Қазақстан шекарасына таяу маңдағы Шыңжаң автономиялық ауданында (Қытай) мұсылман ұйғыр­лар мен этностық қазақтарға Қытай­дың коммунистік партиясының қысым көрсетуі туралы айтты. М.Помпео АҚШ бүкіл мемлекетті Қытайдың қудалауын тоқ­­татуын талап етуге қосылуға шақы­ра­тынын, осы елден қашқандарға сая­си пана ұсынып, босқын мәртебесін беру­ді сұрайтынын жеткізді» деп хабар­лады «Рейтерс» агенттігі. Бұдан бөлек, Deutsche Welle, Синьхуа секілді агент­тіктер де осы сапар туралы, АҚШ пен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынас жөнінде жарыса жазды.

The Diplomat порталы елімізге қа­тысты көптеген сараптамалық мақала жариялады. Соның бірі – латын қарпіне ауысуға арналды. «Қазақстан латын әліпбиіне көшудің ұзақ жолына түсті» деп аталатын мақалада автор қазақ халқының әліпби таңдауына тарихи, мәдени және практикалық жағдайлар әсер етті деп ой түйеді.

«Қазақ халқы тұтынған әліпбилер ғасырлар бойы саяси жағдайларға бай­ланысты түрлі өзгерістерді бастан өт­керді. Қазақ тілі түркі тілдер тобына жатады. Қазақ тілі негізінен Орталық Азия, Қытай, Ауғанстан, Иранды мекен­деген қазақтар мен әлемдегі қазақ диас­пораларының ана тілі», дейді автор.

Аталған порталдағы тағы бір сараптама Қазақстанның бітімгерлік мис­­сиясына арналған. Қазіргі таңда еліміз­дің сарбаздары Ливандағы UNIFIL миссиясы аясында бітімгерлік операция­ларына қатысып жүр.

Мақала авторы – Қорғаныс және геосаяси мәселелерді зерттеп жүрген амери­калық сарапшы Уильдер Алехандро Санчес Қазақстанның UNIFIL аясында Ливанға жүзден аса сарбаз жіберуі кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстың бел­сенді атқарылып жатқанын көрсе­тетінін жеткізген.

«БҰҰ деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның 128 әскери қыз­меткері бітімгерлік миссиялары­мен ай­­­­­­на­лысады. Яғни осы салаға үлес қос­қан мемлекеттер арасында 66-орын­­да тұр. Қазақстанның бітім­гер­­­­лік ми­ссиясына қатысып жүрген әске­ри қыз­меткерлерінің саны БҰҰ бітім­­герлік миссиясына ең көп үлес қо­сушы ел – Эфиопияға (6650 сарбаз) қа­рағанда әлдеқайда аз. Әйтсе де Қазақ­стан – Орталық Азиядағы басқа елдер­ге қа­рағанда бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет. Мәсе­лен, Қырғызстан небәрі 12 адам ғана жіберген. Соған қарамастан қазақ сарбаздары UNIFIL аясындағы миссиясын сәтті орындады деуге толық негіз бар», дейді ол.

The Guardian газеті Қазақстанның тұмса табиғаты туралы жазып, турис­тер­ге керекті құнды мәлімет ұсынады. «Әлем­нің ашық теңізге шыға ал­май­тын ең үлкен мемлекеті санала­тын Қазақ­стан солтүстігінде Ресеймен, шығы­сын­да Қытаймен шектесіп жатыр. Елде клас­си­калық құрлықтық климат қалып­тасқан. Қысы суық, жазы жанға жайлы жылы.

Қазақстанның солтүстігі оңтүстігіне қарағанда суықтау болғандықтан, көктем мен күз салқын. Бірақ қоңырсалқын сәттері көп. Сондықтан, бұл елге сәуір мен маусым, қыркүйек пен қазан арасында баруға кеңес береміз», дейді The Guardian.

Forbes журналы биылғы індет пен мұнай бағасының құлдырауы Қазақ­станға оңай тимегенін, бірақ сенім ар­туға болатын бір мекеме бар екенін жазады. Ол – Астана халықаралық қаржы орталығы.

«Архитектуралық дизайны Epcot Center-ге ұқсағанымен, бұл орталық Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы. Астана халықаралық қаржы ор­талығы елде де, шетелде де Қазақ­стан­ның заманауи келбеті саналады», дей­ді Forbes.