Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік талаптарын қайта-қайта бұзып жасалған ескертулерді елемеген «Артист» («Bm Trade Company» ЖШС) барының қызметі тоқтатылды,деп хабарлайды Egemen.kz
Мониторингтік топтар жүргізетін тексеру іс-шараларының нәтижесінде бұрын мекемеде бірнеше рет жұмыс кестесін сақтамау және адамдардың жаппай жиналуына жол беру сияқты бұзушылықтар анықталды. Мониторингтік топ келген кезде «Артист» барында 300-ден 500-ге дейін адам болған, бұл адамдардың жаппай жұқтыруына әкелуі мүмкін еді.
Соңғы деректер бойынша, Алматы қаласында коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың 18 мыңнан астам жағдайы тіркелген, оның ішінде 389-ы өліммен аяқталған.
Биылғы 8 қазан мен 28 желтоқсан аралығында заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 79,2 млн теңгеге ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша шектеу іс-шараларын сақтамағаны үшін 981 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. 16 материал сотқа берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін күшейтілген шектеу шаралары қолданылады. Осы кезеңде жаппай жұқтыруға ықпал ететін ойын-сауық, спорттық және басқа да іс-шараларды, соның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге рұқсат етілмейді.
Алматы әкімдігі қала тұрғындарын коронавирустық инфекция бойынша тұрақты жағдайды сақтау мақсатында мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырады.