Тағы бір жылды тарих қойнына сүңгітіп, күнтізбенің жаңа парағын аштық. Өткен 2020 жыл адамзат тарихы үшін өте ауыр жыл болды. Әлбетте, бұл ойымыздың өзегінде әлемді әбігерге салып, миллиондаған адамның өмірін жалмаған пандемия тұр. Әлемдік саясаткерлер ғаламдық нәубеттің алдын алу үшін халықаралық қатынастарда түсіністік танытайық деген ұрандар тастады.
Сөздің ашығы керек, бұл ой кемеріне жете алған жоқ. Керісінше, қиындық қыспаққа алғанда көптеген мемлекеттер арасындағы кикілжіңдер одан әрі ушыға түсті. Ливиядағы соғыс, Сириядағы азаматтық соғыс, Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуі, Қытай мен АҚШ арасындағы экономикалық майдан, Әзербайжан мен Арменияның қанды қақтығысы сөзімізге дәлел. Бұл қиындықтар айналасындағы мемлекеттерге де салқынын тигізгені айдан анық. Айталық, Беларусьтағы президенттік сайлаудан кейін биліктің әлсіреуі, көршілес Ресейдің өз ішіндегі түрлі жағдайлар жақын мемлекеттердің саяси-экономикалық ауанына әсер етті.
Осындай түйткілдерді шешетін, орнықтыратын тетіктердің, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық одақ секілді институттардың әлсіздігі жекелеген мемлекеттердің күшке салынуын туындатып отыр. Оның ішінде Қазақстанға да тәуекел келтіретін жағдайлар жоқ емес. Жыл соңында кейбір ресейлік саясаткерлердің қатқыл мәлімдемелері Қазақстанның аймақтық тұтастығына қол сұққандай әсер қалдырғаны қоғам наразылығын туғызды. Биыл да осындай келеңсіз үдерістердің жалғасын көруіміз ықтимал. Пандемияның екінші, үшінші толқыны болады деген пікірлер де толастаған жоқ. Бұл мәселелерге қырағылықпен, дайындықпен келуіміз керек.
Жаһандану дәуірінде Қазақстан сырт әлеммен, жақын көршілермен, шалғай мемлекеттермен кең көлемде саяси-экономикалық, әскери ынтымақтастық байланыс орнатып отыр. Әлемде болып жатқан оқиғалар бізге де тікелей әсерін тигізеді. Пандемияның қауіп-қатеріне дайын болған бірде-бір мемлекет табылған жоқ. Қазақстан секілді, қаншама мемлекет аты жаман тажалдан жапа шекті. Індеттің әлеуметтік, экономикалық, қаржылық салдарына көңіл бөлу үшін мемлекеттің беріктігі маңызды. Кез келген халықаралық саясат ішкі саясаттың жалғасы деген тұжырым бар. Осы тұрғыдан алғанда көп нәрсе Қазақстанның ішкі саясатына байланысты. Мемлекет неғұрлым іштей мықты болса, билік пен қоғам арасындағы түсіністік пен сенім ойдағыдай дәрежеде іске асса, тиісінше мемлекеттің сыртқы саясаты да ел үшін дұрыс ыңғайда өрбиді.
Халықаралық саясаттағы үлкен оқиғаның бірі – Джо Байденнің АҚШ Президенті болып сайлануы. Джо Байден демократтардың өкілі болғандықтан, әлдеқайда белсенді халықаралық саясат жүргізуге дағдыланған адам. Оның әлемдік мәселелерге араласатыны анық. Әсіресе Ресейге қатысты қысымын күшейтетіні үлкен саясаткерлердің аузымен айтылып жүр. Меніңше, Қазақстанның жағдайы үшін бұл ыңғайлы. Себебі АҚШ Ресейге қысымын күшейтетін болса, Ресейдің көрші мемлекеттердің ішкі істеріне араласып, арандатуы тежеле түседі. Бәлкім, 2021-2022 жылдары ғаламдық кеңістіктегі осындай үдерістерді Қазақстан тиімді пайдаланып қалуы керек. Әзербайжан мен Армения арасындағы соғысты ескеретін болсақ, бұған дейінгі келісімдерге тоқмейілсіп жүре бермей, қауіпсіздік, тұрақтылық мәселелеріне жіті көңіл бөлуіміз керек. Бұл тұрғыда Түркітілдес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайта берудің маңызы зор. Орталық Азиядағы бес мемлекеттің аймақтық ынтымақтастықтығын жандандыруға да көп көңіл бөлген абзал.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы