Өскемен – Алтай – Катонқарағай бағытындағы күре жолдың 56 шақырымындағы Осинов асуын ел «Серпантин» десіп кеткен. Тау асып тетін тар жолға таяғанда жолаушылар артық-ауыс әңгімені сап тияды. Жеті-сегіз шақырымдық жол аумағының қауіпті бұрылыстары мен ірі, ылдиы бар. Биігінен төменге көз тастасаң бас айналардай шыңырау.
Шапшыма биікке салынған жолдың тарихына назар аударсақ, серпантин жолдың құрылысы 1940 жылдың 16 шілдесінде аяқталған екен. Өткен ғасырдың басында Шығыста көлік жолдары тым аз болған соң жүктің көбі Ертіс өзені арқылы баржалармен тасымалданатын. Сол уақытта өңірде өндіріс орындары ашылып, автокөлік жолдарына деген сұраныс арта түседі. Сондықтан 30-шы жылдары Шығыс Қазақстанда жол құрылысы жұмыстары қолға алынған. «Шығыс айналма жолы» деген атаумен басталған жоба аясында төселген күре жолдардың бірі – облыс орталығынан Бұқтырма кентіне, одан әрі кенді Алтай қаласына қатынайтын трасса еді.
Атқарушы органдар тарапынан әзірленген жол құрылысының жобасында қаржыландырудан басқаның бәрі ескерілген. Бүге-шігесіне дейін жоспарланып, 1940 жылдың 29 қаңтарында жергілікті тұрғындар «Қызыл партизан» ауылшаруашылық серіктестігінде үлкен жиналыс өткізеді. Онда өз күштерімен жол салуға шешім қабылданады. Бұл үндеу маңайдағы колхоздардың бәріне таратылыпты.
Сол жылы жазға салым құрылысқа Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған адам жиналған. Олар тау қопаратындай техникаларсыз-ақ күн сайынғы жоспарды 200-300 пайызға асыра орындап отырған. Тіпті қарапайым күрек-қайланың өзі тапшы болған. Күректер төменгі Тагильден, балта-қайла секілді құралдар Алматы облысынан жеткізілген. Ал құрылысқа Кеңес Одағының үздік инженерлері жетекшілік еткен.
Өлкетанушылардың жазбаларына үңілсек, жұмысшылар іске таңғы сағат төрттен тұрып кірісетін. Онымен қоймай, жол салу НКВД жендеттерінің толық бақылауымен жүргізіліпті. Жартастарды динамитпен жарып, үйіндіні арбамен тасып отырған. Сөйтіп, 72 күн ішінде-ақ жол құрылысы аяқталған.
Ел арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелерге сенсек, дәл осы жолды салу кезінде жұмыс істеп жүрген ленинградтық Аустра Бирзе есімді қыз жарылыстардың бірінде үлкен тастың астында қалып қойған екен. Жұмысшылар қанша талпынғанымен әлгі тасты көтере алмаған. Сол қыздың сүйегі әлі күнге дейін үлкен тастың астында жатыр. Кейін жұмысшылар бригадасының көркемдік жетекшісі жол шетіндегі әлгі жартастың биігіне белгі де қойған көрінеді.
Сексен жыл ішінде қауіпті аумақта көптеген жол-көлік апаттары орын алып, қаншама жолаушының өмірі қиылды?! Бүгінде Осинов асуын жанай өтетін айналма күре жол құрылысы жүріп жатыр. Бұл құрылыс аяқталған соң серпантин тек туристік нысан ретінде ғана қолданылады.
Шығыс Қазақстан облысы