Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов «ҚазАвтоЖол», «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» және «Қазақавтожолдың» Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы филиалдарының ұжымдарымен кездесті.
Жиын барысында 2020 жылдың құрылыс маусымы бойынша қорытынды шығарылды. Мәселен, Павлодар облысындағы «Нұр-Сұлтан – Павлодар» республикалық тас жолында реконструкциялау жүргізілді. Аталған облыста күрделі жөндеу 44 шақырым жолда іске асқан. Ал 76,5 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ облыстағы жергілікті жолдарда да ауқымды жұмыс атқарылуда.
Шығыс Қазақстан облысында биыл «Қалбатау-Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Осин асуы» автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асты. Бұдан бөлек, «Ащысу арқылы», «Семей – Қайнар», «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары», «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз» тас жолдары да жөндеуден өтті.
Комитет төрағасы биыл жолшылар үлкен жұмыс атқарғанын, келесі жылы да өңірлерде ауқымды жобалар іске асатынын алға тартты. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір өткелін салу жоспарланған. Сондай-ақ «Шар – Бақыршық», «Омбы – Майқапшағай – Шілікті – Ақжар», «Октябрь өткелі – Алтай – Ново-Хайрузов» және «Манат ауылына барар жол» автожолдарына орташа жөндеу жүргізу көзделіп отыр.
Комитет жетекшілігінің ел аймақтарындағы ведомстволық бағынысты және аумақтық бөлімшелер ұжымдарымен кездесулері жалғасады.