Заманында заңғар жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезов алған (1949) Сталиндік сыйлық (бірінші дәрежелі) кейін КСРО Мемлекеттік сыйлығы болып аталды.
Соған сәйкес Одақ құрамындағы басқа да республикалар өз Мемлекеттік сыйлығын тағайындаған еді. Қазақстан Абай атындағы әдебиет және өнер саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық деп белгіледі. Алғашқы лауреаттары Т. Ахтанов, Х. Есенжанов, С. Мұқановтар болған Мемлекеттік сыйлық тәуелсіздік алғаннан кейін Абай атындағы деген мәртебесінен айырылған еді.
Хакімнің 175 жылдығы аясында сыйлық қайта Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық атанды. Мерейлі мезет, мәртебелі жылдың әсерінен бе, биыл бұл сыйлыққа шығармасын ұсынушылар көп-ақ болды. Комиссияның екі отырысынан (ашық және жабық дауыс беру) кейін ресми мәлімдеме жарияланбастан жеті шығармашылық тұлғаның сыйлыққа лайықты деп танылғаны анықталды. Осы тұста көзі тірісінде классик атанған жазушыларымыздың бірі – Тынымбай Нұрмағамбетовтің есімі тізім ішінен табылмағаны қоғамдық пікір тудырған еді. Ал оқырман және қаламгерлер қауымы өзінің сүйікті жазушысын сыйлық иелерінің арасынан көргісі келетінін ашық айтты. Соңғы сөзді ел басшысынан күтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов кандидатурасын қолдап, сыйлық алған сегіз қаламгердің бірі етуі – әдеби жылдың ең әділетті шешімі ретінде бағаланды. Бұл – шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының анықтығын тағы айшықтаған қадам болды.
Жыл заңы
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бекітіліп, 2017 жылдан бастап іске асқан «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары» бағдарламасы бойынша автор құқығы 70 жылға шектелетін. Бұл қағидаға қоғамда түрлі наразы пікірлер туындаған болатын.
Осы бір күрмеулі мәселенің түйіні 2020 жылдың соңындағы Мәдениет туралы заңға енгізілген бірқатар өзгеріс арқылы шешіліп, авторлық құқықты сатып алу мерзімі 70 жылдан 5 жылға қысқарды.
Яғни жаңа заң бойынша енді автордың құқы шектелмейді. Бастысы, автор баспамен келісімге келуі керек. Демек, баспа белгілі бір уақытқа автордан кітабын сатып алып, шығару құқына ие болады. Ол мерзім біткен соң автордың қайта шығаруға құқы бар. Бұл ең алдымен бекітілген мерзімге байланысты.
Жомарт жазушылар бір жылда бір том ұсынса, бүкіл ғұмырында бір ғана кітаптық шығарма беретін қаламгерлер де аз емес. Қазақ әдебиеті классиктерінің дерлігі осындай. Абайдың өзі бір томдық өлең қалдырса, Махамбеттен бас-аяғы сексен өлең аманат. Арғы-бергі әдеби кезеңдерде бұл тақылеттес мысалдар жетіп артылады. Төгіліп түскен Төлегеннен де қалғаны осы шама. Осыны ойлағанда, бір ғұмырында бір ғана кітап жазатын қаламгерлердің көбі бар байлығын азын-аулақ ақы үшін 70 жылға мемлекетке беруі арқаға аяздай бататын жағдай еді. Осыны шешкен заң, шын мәнінде «жыл заңы» атануға әбден лайық.
Сонымен сатып алынатын әдебиеттердің авторлық құқығына байланысты енгізілген бірқатар өзгерістер 2020 жылдың 16 қарашасында күшіне енді.
Жыл ұсынысы
Балалар тақырыбына қалам тартатындарды «данышпандардың ақыны», «данышпандардың жазушысы» дейтін сөз әуелде-ақ қалыптасқан.
Оның мәні – бала жанының сонша нәзік, бала қиялының шексіз, бала әлемінің тұнық әрі таңғажайып болатынында жатыр. Оқырман орта жолдан шықпайды, ғайыптан пайда болмайды, ол бесіктен қалыптасады. Бесік жыры, ана әлдиі, ата мен әже ертегісі, халықтық рухани қайнар бастаулар, балалар әдебиеті классикасы арқылы оқырман жетіледі. Кітап оқитын балалар кітап оқитын қоғамды құрады. Ал өз кезегінде оқырман қоғам – ең ізгі, рухани кемел, санасы жетілген, адамгершілік құндылықтары берік орнаған қоғам болады.
Кейінгі жылдары балалар әдебиетінің кенжелеп қалғаны, балаларға арнап жазатын жазушы қаламгерлердің сиреп бара жатқаны анық болды. Оның сан алуан себебі де жоқ емес. Мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс осы мәселе күн тәртібінде тұр. Кезек күттірмес кең тақырыпқа айналды. Парламент сенатының депутаттары Үкімет басшысына балалар әдебиетін дамыту бойынша депутаттық сауал жолдады. Сенатор Нұртөре Жүсіп «Тиісті бағдарламалар аясында балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді ұсынамыз. Балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажет» деп ұсынысын айтты. Әдебиетке қатысты мәселеде осы ұсынысты «жыл ұсынысы» деп тапқанды жөн санадық.
Жыл тақырыбы
Әлем әдебиетінде бас-аяғы 36 драмалық сюжет бар дейді Жорж Польти. Барлық сюжет Гілгәмеш, яғни бәрін көрген батыр жайлы дастанда, ғұлама Гомердің жыр-аңыздарында, қасиетті кітаптарда тасқа басқандай таңбаланып, сан алуан ситуациялар жазылған, айтылған, жетер жеріне жеткен. Бірақ әрбір дәуір өзінің жаңа идеяларымен, жаңа тақырыптарымен келеді. Мысалы, біздің заманның маңдайына жазылған жаңа тақырып жаһандық пандемия, жануар-жәндіктен жұғатын вирус.
Өткен ғасырлардың да өзегін талдырған обалар, індеттер, дерттер болды. Әр жүз жыл сайын қайыра соғып, қабырға сөккендей болған сол індеттер де өз кезеңінің қаламына азық еді. Дүниежүзі әдебиетінде сол зауалдар жайлы біршама шығармалар жазылды. Солардың жаңғырығы, адамзат қиялында дамып, жетіліп, өсіп, өркен жайған нұсқалары – жер бетіндегі тіршілік иелерін жойып, я болмаса өзгертіп, құбылтып, мутацияға ұшыратып, зомбиге айналдырып барынша талданды, талқыға түсті, жазушы мен сценарийшілерге талғажау болды.
Ақпарат алмасудың асып дамыған уақытында адамзат баласының әлемдік эпидемия, жаһандық пандемия дерлік вируспен бетпе-бет жолығып отырғаны жаңа. Сондықтан да осы бір жылдың ең басты тақырыбы – коронавирус індеті болуы таңғалатын жайт емес. Бірінші дүниежүзілік соғыстың тұсындағы испан тұмауынан кейінгі жойқын жау да осы болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары, кино өндірісі, әлеуметтік желі, қаламгерлер қауымын біріктірген, бір идея төңірегіне ұйыстырып, бір тақырып ауанында айналсоқтатқан да осы індет.
Біз әлі соғыстың ішіндеміз, біз әлі жолдамыз, тәңірі қалап осы дерт тыйылған соң да әдебиетте берісі – елу жыл, әрісі – ғасырға азық болар тақырыбыңыз да осы шығар. Сол тоқсан тараулы тақырыпты кім ашып, кім осы кезеңге сөзден ең ұлы ескерткіш тұрғызады екен?! Мәселе – сонда.
Жыл кітабы
Хакім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында елімізде көптеген мәдени-рухани іс-шаралар өтті. Солардың ең ауқымдысы, жөні де, жолы да бөлек іргелі еңбек ретінде ауыз толтырып айтатынымыз – Абай шығармаларының академиялық толық жинағы.
Бұл басылымды даярлап басып шығару ісі қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары жұмыс. Сондықтан да мұндай рухани маңызы зор іске жылдар өткізіп барып оралатыны да содан. Аталған жинақ та 1995 жылғы екі томдықтан кейін 25 жылдан соң жарық көріп отыр.
Айта кетейік, күні бүгінге дейін Абай шығармаларының толық жинағы он мәрте (1909, 1922(24), 1933, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 ) жарық көрген екен. Солардың басым көпшілігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қабырғасында (М.Әуезовтің басшылығымен) дайындалған.
Жаңа жинақты даярлауда, ең алдымен осы уақытқа дейін жарық көрген басылымдар салыстырылып, түгел қайта қаралыпты. Және ондағы М.Әуезов қалыптастырған ұстанымдар негізге алынған. Әсіресе 1933, 1957, 1961 жылдардағы жинақтарға бас абайтанушы қолымен енгізілген жаңа шығармалар мен оған берілген түсініктер пайдаланылды. Ал жаңа жинақтың мазмұны мен құрылымын жүйелеуде Абай шығармаларының ең соңғы толық басылымы және тарихи-мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО қорғауына алынған 1995 жылғы нұсқаның құрылымы мен негізгі арқауын сақтауға тырысқан.
Айта кетейік, үш томдық «Жазушы» баспасынан 3000 данамен басылып шығып, кітапханаларға таратылды.
Жыл поэмасы
Қазақтың қабырғалы ақыны Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерін оқи бастағанда арқаның теңіздей толқып, тебіреніп жатқан ақселеулі даласы, сол даладағы көктем нөсері, күркіреген күннен өре жөнелген бөкен лағы, бір сәт қалықтау күйінде қанатын кере тұрып қалған дала қыраны көз алдыңызға келеді.
Енді бірде қараңғы түнді жарып шығып, тау ішін күңірентіп Сәкен салған ән алыстан еміс-еміс естілетіндей.
Ғалым Жайлыбай жүйтки аққан жылдарға ен салғандай жемісті еңбек етіп жүрген ақын. Оқырмандар ақынның толғақты, толайым поэмаларын асыға күтіп, ақын салған енінен танығандай өз кітап сөрелеріне еншілеп алып отырады. Дүниежүзілік пандемия, әлемдегі, еліміздегі карантин, үрей мен үміт, қауіп пен қатер қалам ұстаған қай жанды да қамсыз, уайымсыз қалдырған жоқ. Соның бір белгісі – шер толқытып шығарған ой уытындай, ащы көз жасындай осы поэма. «Сұрақ белгісі» – адамның өзіне, қоғамға, әлемге, заманға даты, соның бәрінің адамға даты. Мәңгілік сауал, мәңгілік сауға. Ақынның сауалы, ақынның сауғасы. Осының бәрінің жауабын кім береді? Кім бере алады?..
Дүниені дендеген дерттің дауасын іздеген дүдәмал шақта жазылған «Сұрақ белгісі» поэмасын дер шағында жазылған туынды деп таныдық. Ақынның ішкі толқынысы қоғам тынысымен үйлесім тапқандай.
Айта кетейік, поэма «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланып, оқырман қауым арасында көп талқыланған еді.
Жыл әңгімесі
Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлының «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Үрейлі үш күн» атты әңгімесі оқырман қауымның назарын аударып, біршама уақыт бойы әлеуметтік желіде талқыланды.
Қазақ әдебиетіне жаңа бір тыныс болып сезілген бұл шығарма антиутопия жанрында жазылған. Мазмұны да, формасы да өзгеше стильдегі һәм болашақты болжаған әңгіменің ауаны ерек, оқиғасы ауыр. Бұл туралы автордың өзі: «Үрейлі үш күн» әңгімесінің бірнеше астары бар, оны толық көрсету үшін арнайы талдау жасау керек болады. Әсілі, антиутопия (немесе дистопия) жанры – шетел әдебиетінде сұранысқа ие жанр. Бұл жанр қисық айна сияқты, оқырманға қазір кім екенімізді немесе келешекте қайда барып ат шалдыратынымызды көрсетіп кетеді. Әлемдік классика деп саналатын «1984» немесе «Фаренгейт бойынша 451 градус» антиутопия романдарының әлі күнге дейін оқылатыны содан болса керек (өкініштісі, осындай шығармалар қазақ тіліне аударылмай жатыр). Ал адамзат қоғамы үлкен өзгеріс қарсаңында тұр, алдымызда әлеуметтік, техногендік проблемалар бар екені тағы белгілі. Сол заманға жеткенде адам өзінің адамшылығын сақтай ала ма, жоқ па, «Үрейлі үш күн» осы мәселелерге жауап іздейді», дейді. Ал әдебиетші, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы бұл әңгіменің қазақ прозасына белес болатынын айтады. «Антиутопия көптеген қазақ қаламгерлерінің тісі батпай жүрген қиын жанр еді. Кезінде бәріміз де Кобо Абэнің «Баса-көктеп кіргендер», Евгений Замятиннің «Біз» шығармаларын сүйсініп оқыған болатынбыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Нобель сыйлығын еншілеген Кадзуо Исигуроның ең мықты шығармасы да оның «Қол үзбе менен» деп аталатын антиутопиялық романы. Нұржанның мына әңгімесі дәл бүгінгі таңдағы қазақ прозасы үшін үлкен жаңалық», деді.
Ерлан ЖҮНІС,
Маржан Әбіш,
«Egemen Qazaqstan»