Сақылдаған сары аяз Шығыс Қазақстан облысында әлі бірнеше күнге созылады. Сондықтан полиция департаментінің қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушыларға шалғай елді мекендерге шықпау керектігін ескертті.
Полицейлердің айтуынша, азаматтар елді мекендерге жүріп-тұру мәселелері бойынша жергілікті полиция қызметі басқармасының кезекші бөліміне, яғни 8(7232) 77-60-05 нөмірі бойынша тәулік бойы хабарласа алады.
Ескерте кетейік, 3 қаңтар, сағат 18-00-ден бастап қоғамдық көлікке, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында дизельді қозғалтқыштармен жабдықталған автомобильдерге уақытша шектеулер енгізіледі.
- Жүргізушілерді жолдарда барынша мұқият болуға және жол ережесін бұзбауды сұраймыз. Қатты аязда көлікпен, әсіресе тас жолдарда проблемалар туындауы мүмкін екенін ескертеміз. Сондықтан өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз, жол жүруден аулақ болыңыз, - деп кеңес берді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Мәселен, Семей қаласында бір күннің ішінде 10-нан астам азамат аяқ-қолдарының үсуі диагнозымен медициналық мекемелерге жүгінді.
Бүгін облыстың кейбір тұстарында аяз -40 градусқа дейін күшейді.