• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 05 Қаңтар, 2021

Кәсіпкерлер қатары көбейді

153 рет
көрсетілді

2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Алматы қаласында 196 549 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2019 жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда бұл 3,5 пайызға өсім болғанын көрсетеді. Мұндай деректі арнайы брифинг өткізген қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов айтты.

Оның айтуынша, жалпы бизнес субъектісіндегі жеке кәсіп­керлердің үлесі 60 пайызды құ­райды. Санға шаққанда 120 мың­ға жуық. Шағын және орта биз­нес иелері 40 пайыз шамасын­да. Былтырғы III тоқсанның қоры­тын­дысы бойынша 107 кәсіпорын жа­былған. Оның 29-ы – орта, 178-і шағын кәсіпкерлік нысандары екен.

– Сәуір мен қыркүйек ара­лығында кәсіпкерлер саны бір­шама өсті. Тіркелген 5 081 кәсіп­орынның 879-ы – жеке кәсіпкерлер болса, 4 000-нан астамы заңды тұл­ғалар. Біздің ойымызша, «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлер саны артып отыр. Атал­ған жоба аясында былтыр 2 600 адам оқып, 1 334-і өз кәсіп­терін ашты. Жалпы 1 705 грант бөлінген болатын. Гранттық және әкімдік бағдарламалары бойынша қолға алынған кез келген кәсіпкерлік мақсатты қолдауға дайынбыз. Шаһарда, әсіресе, сау­да және қызмет көрсету саласы басымдыққа ие. Біздің жобаны оқып кәсіп бастағандардың көбі – ателье, фотосалон, дәмхана, нау­байхана бизнестерімен айналысуда, – дейді спикер.

1-14 желтоқсан аралығында кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалдамаға қатысқан 6 мыңға жуық кәсіпкердің тең жартысы қаржылық тұрақсыздыққа тап болып отырғандарын айтқан. 4 пайызы – табыстан айырылған, 24 пайызы – сұраныс азаюына тап болған, 40 пайызы – аренда құнын, 27 пайызы – коммуналдық төлемді, 21 пайызы – салық төлеуден қиналған, 19 пайызы қызметкерлеріне жалақы беру тұрғысынан қиындыққа ұшыраған. Ал 12 пайызы жақын арада кәсіптерін жабуға мәжбүр екендерін жария еткен.

Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, бизнес иелері караоке-зал, фуд-корт, боулинг, мектеп асханасы, балалар ойын-сауық орталығы, банктер залдарының ашылуын сұрап отыр. Қазіргі кезде қалада цифрлы мониторинг жүргізудің қанатқақты жобасы қолға алыныпты. Яғни, санитарлық талаптарды сақтауды бақылайтын бейнекамералар орнатылады. Бұл бастама жаңа жылдан бастап іске қосылмақ.

 

АЛМАТЫ