Былтыр Қазақстанда жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізуде бірыңғай операторды тағайындау мәселесі іскер ортада әжептәуір талқыланып, екіұдай пікір қалыптасқаны есімізде. Бизнес қауымдастық бұған үзілді-кесілді қарсы болғанымен ақыры мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі «Қазгеология» АҚ еншісіне тиді. Бұл аз болғандай, таяуда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ресейдің «Росгеология» АҚ-мен геологиялық барлау саласында әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
Шығыны көп «Росгеологияның» пайдасы бар ма?
Тиісті ведомствоның ақпаратына сүйенсек, осы келісім екі елдің геологиялық барлау саласын дамытуға жаңа серпін береді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «Росгеология» АҚ-ның дамыған өндірістік әрі жинақталған геологиялық ақпараттар базасы, жоғары кәсіби құзыреті бар.
«Геологиялық барлау секілді саладағы әріптестік туралы меморандум стратегиялық тұрғыда өте маңызды. Бұл екі елдің аталған саладағы әлеуетін аша түсуге септігін тигізеді. Жаңа озық технологияларды енгізу арқылы геологиялық барлаудың тереңдігін ұлғайта түсу қажет деп есептеймін. Бұл бағытта Астана халықаралық қаржы орталығымен әріптестік байланыс орнату елдеріміздің инвестициялық тартымдылығын арттырады», деді М.Мырзағалиев.
Меморандум аясында тараптар геология бағытында қаржыландырудың банктік емес балама әдістерін қолдану арқылы бірлесіп жұмыс істеуге, атап айтқанда қаржыландырудың биржалық құралдары мен жасыл қаржыландыру тетіктеріне жүгінуге келісті.
«Бұл құжат геологиялық барлау саласында Ресей мен Қазақстан арасындағы тиімді ынтымақтастықты дамытуға жол ашады. Бірлесіп жұмыс істеу арқылы саланың инвестициялық тартымдылығын, тұтастай алғанда елдеріміздің экономикасын көркейтуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін», деді «Росгеология» АҚ басқарма төрағасы Сергей Горьков.
Осылайша, ресейлік компания және еліміздің құзырлы органы жер қойнауына барлауды реттеу мен дамытуда озық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасып, әріптестікті күшейтпек ниетте. Аталған ынтымақтастықтың нәтижесінде инвесторлардың геологиялық жобаларға қызығушылығы арта түседі деп жоспарланып отыр.
Бұл орайда «Росгеология» – геологиялық барлауға қатысты қызметтердің толық спектрін жүзеге асыратын ресейлік көпсалалы холдинг екенін айта кеткен орынды. Оның қызметі аймақтық зерттеулерден бастап, деңгейлік бұрғылау мен жер қойнауының жай-күйін бақылауға дейін қамтиды. Холдинг теңіз геологиясы бағытында және қайраңда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Компанияға қарасты кәсіпорындар мыңнан астам кен орнын ашты. Олардың қатарында көмірсутегі шикізаты мен қатты пайдалы қазбалардың ірі көздері бар, делінген ұйымның интернет ресурсында. «Росгеология» АҚ акцияларының 100% Ресей үкіметінің меншігінде. Демек, оның «Қазгеологиядан» еш айырмашылығы жоқ. Ресейлік квазимемлекеттік ұйымның былтырғы қаржылық есебіне сәйкес, 2018 жылы кіріс көлемі 521 млн рубльді құраса, 2019 жылы шығын мөлшері 4,5 млрд рубльге жеткен. Тұтастай 2019 жыл компания үшін табыссыз болды.
Холдингке қатысты сот ісі қозғалды
Newstracker ақпараттық порталының мәліметіне сенсек, жуырда Солтүстік-Кавказ федералдық өңірі бойынша жер қойнауын пайдалану департаменті «Росгеология» АҚ-ын сотқа берген.
Нақты айтқанда, СКФӨ-нің (Кавказнедра) жер қойнауын пайдалану департаменті «Росгеологиядан» 2017 жылы жасалған мемлекеттік келісімшарт аясында 35 млн рубльден астам өсімпұлды өндіріп алмақ. Келісімшартқа сәйкес, холдинг Орталық және Шығыс Кавказ аумағында кешенді геологиялық және геофизикалық жұмыстар жүргізді. Оның мақсаты Ставрополь өлкесі мен Солтүстік Кавказ республикаларының аумағында көмірсутекті шикізаттарының ықтимал көздерін табу. Бұл келісімшарттың құны 607 млн рубльден астам қаражатты құраған еді. Жоба 2017 жылдан бастап, 2019 жылға дейін жүргізілді. Былтыр мамырда «Росгеологияның» баспасөз қызметі компания мамандары Солтүстік Кавказда мұнай мен газдың жаңа кен орындарының перспективалы көздерін тапқанын хабарлаған болатын.
«Кәсіпорын мамандары Терск-Сунжен аймағында тау жыныстары қабаттарының үзілмелі жылжуын қалыптастырудың іргелі моделін жасады. «Дуплекстердің» даму аумағы Иранның Гечсаран кен орны орналасқан Загрос аймағына ұқсас келеді. Бұл ұқсастық Кавказдағы учаскенің болашағы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік берді», делінген еді компания таратқан ақпаратта.
Алайда 2019 жылы тапсырыс беруші (СКФӨ жер қойнауын пайдалану департаменті) мердігерге келісімшарттағы міндетті мерзімінен кешіктіргені үшін 6,7 млн рубль көлемінде айыппұл белгіледі. Қарашаның соңында ведомство сотқа жүгініп, «Росгеологиядан» айыппұлды өндіріп алуды талап етті.
«Талап арыз қабылданып, өндірістік іс бастау туралы қаулы шығарылды. Арбитражды соттың алдын ала отырысы 2021 жылдың 12 қаңтарында сағат 10-нан 30 минут кеткенде тағайындалсын», делінген Ставрополь өлкесінің арбитражды сотының хабарламасында.
«Қазгеология» әділ бәсекелестікті сақтамайды
Түйіндей келгенде, мұндай компанияның елімізде жарытып жұмыс істеуі екіталай. Себебі өз мемлекетінде белгіленген мерзімнен кешігіп жатқан ұйым басқа елде жүктелген міндетті қалай атқармақ деген заңды сауал туындайды. Онсыз да отандық «Қазгеологияның» жұмысына сын тағып отырғандар аз емес. Айталық, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Геология, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің геология саласы жөніндегі қосымша комитеттің отырысында «Қазгеология» ҰГК» АҚ мен еліміздің жекелеген компаниялары арасында жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарын орындауда тең жағдайлардың сақталмайтындығы айтылды. Кәсіпкерлік субъектілерімен бірге Ұлттық геологиялық барлау компаниясы нарықтың басқа қатысушылары сынды сервистік компания болса да, құзырлы органның қолдауымен тікелей мемлекеттік тапсырысты алу арқылы әділ бәсекелестіктің талабын бұзып отыр. Осындай теңсіздіктің нәтижесінде жекеменшік геологиялық компаниялар қызмет көрсету нарығынан еріксіз кетуге мәжбүр. Осыған байланысты комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Атамекен» ҰКП-мен бірге басқа да мүдделі тараптарды тартып, «Қазгеологияның» қызметін қайта қарауға, сол секілді жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізуде ұлттық компанияға мемлекеттік тапсырысты орындауға заңнамалық тұрғыда шектеу қоюды ұсынды. Бұған қоса сала мамандары жер қойнауына жүргізілетін геологиялық зерттеу жұмыстарын қосылған құн салығынан босатуды сұрап отыр. Өйткені аталған жұмыстардың ғылыми болжамы басым болғандықтан оның нақты ресми нарықтық құны жоқ. Жоғарыдағы ұсыныстарға қаныққан Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев заңды тұлғаларды аккредиттеу тетігі бойынша пікірін жеткізді.
«Аккредиттеу тетігінің болуы, яғни содан өткен адам құзыретіне сәйкес, белгіленген талаптар бойынша жүктелген міндеттердің орындалуына кепілдік береді. Бұл ретте аккредиттеу жүйесі тәуелсіз болуы тиіс, сонымен қоса аккредиттелуші тұлға Геология комитеті мен ЖҚМГЗ орындайтын қызмет ұсынушы арасындағы қарым-қатынасқа ықпал етпеуі тиіс. Сондай-ақ ЖҚМГЗ орындайтын заңды тұлғаны аккредиттеу үшін нақты стандарттар мен талаптарды анықтау қажет», деді С.Брекешев.
Юниорлық компанияларға басымдық берілді
«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ бұл бағытта ұлттық оператордың қызметіне жүгінгеннен гөрі юниорлық компанияның қызметін таңдауды құп көрді. Мәселен «Тау-Кен Самұрық» Discovery Ventures Kazakhstan-мен бірлесіп Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында геологиялық барлауды бастағанын хабарлады. Осы жобаны іске асырудың болжамды мерзімі – 6 жыл. Алғашқы кезеңде геологиялық барлауды Discovery Ventures Kazakhstan қаржыландырады. Келісімшарттық учаскелердің жалпы ауданы шамамен 1500 шаршы шақырымды құрайды. Операторлық келісімде алтын, мыс, мырыш және ілеспе металдарды барлау қарастырылған.
«Қазір отандық минералдық-шикізат базасының айтарлықтай төмендеуі өзекті мәселеге айналып отыр. Таяу болашақта Қазақстанда жаңа кен орындары ашылмаса, тау-кен саласының құлдырауы мүмкін. Жоғары тәуекелге қарамастан геологиялық барлау жобаларын қолға алу туралы шешім қабылдадық. Бұл әлемдік үрдіс. Қазір ірі компаниялар осы жолмен дамуда», деді «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Құдайберген.
«Тау-Кен Самұрық» АҚ юниорларды қолдау бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Геологиялық барлауға бағдарланған юниорлық компанияларға холдинг бір терезе қағидаты бойынша жан-жақты жәрдем ұсынады. Осы арқылы тау-кен секторын дамытуды ынталандырып, минералдық-шикізат базасын молайту жөніндегі бастамаларды қолдау көзделіп отыр.