Экологиялық туризм биоалуантүрлілік пен экожүйені сақтаудың тиімді құралдарының бірі ғана емес, сондай-ақ жергілікті халықтың тұрмысын түзеуге ықпал ететін құрал. Осыған орай, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰ ДБ) екі ауқымды істі – Биоалуантүрлілікті қаржыландырудың жаһандық бастамасы (БИОҚЖБ) мен Орман экожүйелерін сақтау жобаларын жүргізіп отыр. Аталған жоба жөнінде БҰҰ ДБ биоалуантүрлілікті сақтау жобаларының менеджері Талғат КЕРТЕШЕВПЕН әңгімелестік.
– Талғат Сейітұлы, Қазақстанда тиімді қолдануға болатын халықаралық экотуризмнің қандай үлгісі зерделенді?
– Біздің сарапшылар экотуризмді дамыту мен сертификаттау жүйесін енгізуде Аустралия, Ботсвана, Қытай, Сейшел аралдары, Еуропа мен Скандинавия сияқты бірқатар елдердің тәжірибесін зерттеді. Барлық елдердің экотуризмді дамытудағы жүріп келе жатқан жолдары ұқсас. Сарапшыларымыз ең тиімді жолдарды талдап, бірқатар ұсыныс жасады. Олардың ішінде заңнамадағы негізгі нормаларды анықтау, экотуризмді дамытудың стратегиялық құжаттарын әзірлеу, экотуризмді ілгерілетуде мекемеаралық қарым-қатынастарды жолға қою, мемлекеттік ұлттық парктер аумағында бақыланбайтын жаппай туризмді реттеу мен тағы басқасы бар.
Сертификаттау жүйесін енгізудің әртүрлі мысалдары бар. Мәселен, Ботсвана мен Жаңа Оңтүстік Уэльсте (Аустралия) бірыңғай ұлттық сертификаттау жүйелері, ал Еуропа мен Скандинавия елдерінде – тәуелсіз ҮЕҰ-ға негізделген халықаралық жүйелер қолданылады. Егжей-тегжейлі зерттеу үшін Travel Life, Green Key, Green Globe, Earth Check, Nordic Eco Label сияқты жүйелердің халықаралық мойындалған мысалдары пайдаланылды. Бұл жүйелер туризмді ұйымдастыруда бизнеске қойылатын қатаң өлшемдерге негізделеді және келесідей міндетті бөлімдерді қамтиды: тұрақты басқару, қоршаған ортаны қорғау, қызметкерлерді оқыту, қонақтарды хабардар ету, жергілікті халықты тарту. Осы арада Parks Eco Pass лицензиялау жүйесін ұйымдастырған Аустралияның өте қызықты және тиімді мысалын атап өткім келеді. Жаңа Оңтүстік Уэльстің ұлттық парктері Аустралияның ең көп туристер баратын штаты. Мәселен, 2019 жылы оған 4,4 млн адам келіп, 11,5 млрд аустралиялық доллар жұмсаған. Өз кезегінде іскерлер Parks Eco Pass-та бизнесті жүргізу үшін міндетті түрде Үкіметттен рұқсат алу керек.
– БҰҰ ДБ-ның сарапшылары қандай заңнамалық бастамалар ұсынады?
– Қазақстан жағдайында экологиялық туризмнің қоршаған ортаны қорғаудың маңызды құралына айналуына барлық алғышарттары бар. Дегенмен, экологиялық туризм аңшылық туризм немесе автотуризм сияқты туризмнің қарапайым түрі емес екенін есте ұстаған жөн. Егер туризмді тамақтанумен шартты түрде салыстыратын болсақ, онда экологиялық туризм жеке «тағам» немесе жеке «ас үй» болмайды. Мысалы, «дұрыс тамақтану» сияқты тұтас бағытты білдіреді. Дәл осы жерде жоба сарапшылары бірқатар қиындыққа тап болды.
Қазақстандық заң шығару тәжірибесінде қалыптасқан классикалық тәсілдер кез келген құқықтық қатынастарды нақты сәйкестендіруді және осындай құқықтық қатынастарды реттеудің нақты тетігін айқындауды талап етеді. Мысалы, жол қозғалысы ережелерінде жаяу жүргіншінің кім екендігі, көлік құралы деген не және жолда бір-бірімен қалай қарым-қатынас жасау керектігі туралы нақты анықтама бар.
Аталған экологиялық туризмді дамытудың халықаралық тәжірибесінің және заң шығарудың қазақстандық ерекшеліктерін ескере отырып, жоба сарапшылары жаңа Экологиялық кодекстің жобасына түзетулер ұсынды. Жаңа Экологиялық кодексті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА) туристік қызметті жүзеге асырудың экологиялық негіздерін айқындайтын нормамен толықтыру ұсынылды. Осылайша, туроператорлар мен турагенттердің ЕҚТА бойынша турларды (мысалы, Бурабай, Іле Алатауы, Катонқарағай және т.б. мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне турлар) ұйымдастыру кезіндегі басты қағидаттары анықталды.
– Бір қарағанда, туризмнің қандай түрі болса да, адамға да, айналаға да, ауаға да кесіріңді тигізбегенде ғана табысты болатынын бәрі де біледі. Бірақ жеме-жемге келгенде келеңсіз оқиғалар жиі орын алады...
– Сондықтан да белгілі бір аумаққа бір мезгілде келетін туристердің жоспарланған санының осындай аумаққа қатысты жол берілетін рекреациялық жүктемелерге сәйкес келуі қадағаланады. Қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеу, зияны барынша аз көлік құралдарын таңдау, қатты тұрмыстық қалдықтарды барынша азайту және оны жинау үшін белгіленген орындарда орналастыруды не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан өз бетінше әкетуді қамтамасыз ету белгіленген. Алдымен туристерге баратын орындары мен мінез-құлық қағидалары туралы нұсқама беріледі. Әрбір қағидаттың артында мәселелер мен міндеттердің үлкен қабаты жатыр, оларды шешу үшін туризм және экология саласындағы уәкілетті органдар, әкімдіктер тиісті егжей-тегжейлі іс-шаралар мәзірін әзірлеп, бұйрықтары мен нұсқаулықтарына өзгерістер енгізуге тиіс. Әрбір турист бала кезінен бұл қағидаттар бұлжымас тәртіп екенін түйсінуі керек. Сондықтан бұл ережелер мектеп бағдарламасында көрініс табуы керек.
– Экологиялық туризмді дамытудың тағы қандай жанама түйткілдері бар?
– Сарапшылар ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауына Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеп, енгізді. Бұдан басқа, туристердің ұлттық парктердегі барлық объектілерге кедергісіз кіруін қамтамасыз ету (сервитуттарды белгілеу), экологиялық туризм саласындағы ұлттық стандарттарды міндетті түрде сақтау, туристік маршруттар мен соқпақтарда рекреациялық сыйымдылықтарды анықтап, онымен жүретін адам санын реттеу, туристік маршруттарды көрсеткіш белгілермен, бақылау алаңдары мен аялдаған кезде дем алатын орындармен жабдықтау, жер учаскелерін туристік мақсатта ұзақ мерзімді пайдалануға беруді 10 жылға дейін шектеу ұсынылды. Дегенмен, біз ұлттық парктердің аумақтарын әртүрлі тұрақты инфрақұрылымдарды салу арқылы жаппай туризм алаңына айналдыру саясатына жол бермеуіміз керек. Себебі ұлттық парктердің басты мақсаты құнды биологиялық түрлер мен бағалы табиғат кешендерін сақтап, оларды ата-бабамыздан қалған күйінде болашақ ұрпақтарға жеткізу болып табылады. Табиғатта жаппай туризм мен рекреациялық демалуды дамыту үшін Ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жер санатынан тысқары жатқан Рекреациялық маңызды және демалу жер санатында жоспарланып, осы жерлерде туризм мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылуы тиіс. Сондай-ақ сарапшылар «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» салалық заңға осындай түзетулер енгізуді ұсынды. Парламент Мәжілісі депутаттарының туризм саласындағы мемлекеттік саясатты «экологиялық рельстерге» бағдарлау жөніндегі ұсыныстарды қолдауы биыл атақты Көбейтұздағы «қызғылт көлде» орын алған осындай жағымсыз фактілердің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Экотуризм саласындағы сертификаттау жүйесін қалай дамыту қажет?
– Құқықтық негіз құру экотуризмнің дұрыс дамуының маңызды аспектісі, бірақ оны ұйымдастыруда іске асыру және мониторингілеу процесін ескерген жөн. Сондықтан БИОҚЖБ жобасы шеңберінде экотуризм саласында сертификаттау жүйесін енгізуде халықаралық тәжірибе егжей-тегжейлі зерделенді және нақты өлшемшарттары бар басшылық әзірленді. Бүгінгі таңда Тұрақты туризмнің жаһандық кеңесі (GSTC) әлемдегі жетекші сертификаттау институттарының бірі, ол дестинациялар, қонақүйлер, туроператорлар және туризмнің басқа субъектілері үшін бірқатар өлшем әзірлейді. GSTC сертификаттау жүйелерін сапа белгісі деп айтуға болады: барлық негізгі және жетекші жергілікті және халықаралық сертификаттау жүйелерін GSTC мақұлдайды және бұл халықаралық немесе жергілікті сертификаттау жүйесінің белгілі бір стандартқа сәйкестігін қамтамасыз етеді.
– Көбінесе сертификаттау жүйелерін ресми ұлттық туристік ұйым басқарады ғой?
– Егер олай болмаса, онда ҮЕҰ, мысалы, Қонақүйлер қауымдастығы осындай таңбалау жүйесінің иесі бола алады. Сертификаттау жүйелерінің кейбірі ғана жекеменшікте. Қай жолдың ең жақсы екенін бағалау қиын, өйткені оны қонақүйлердің сапасын бағалаудың рейтингтік жүйесі сияқты сертификаттау жүйелерін әзірлеудің ұлттық дәстүрі аясында қарастырған жөн. Мүдделі тараптардың сеніміне ие болу үшін олардың барлық қатысушылары даму кезеңі мен жүйені енгізу кезінде жұмысқа тартылуы өте маңызды – мүдделі тараптар жүйеге жауапкершілікті сезінуі керек. Туристік бизнес барлық өлшемдерге сәйкес келетініне көз жеткізу үшін компаниялардың мәлімдемелері тексерілуі керек. Демек бақылау механизмі іске асырылуы керек. Мұны үш түрлі жолмен жасауға болады. Бірінші нұсқа: туристік бизнес ұлттық үкіметтің ұсынымдарына негізделуі мүмкін өз жүйесін әзірлейді. Бизнес толық бақылауға ие және жүйенің дұрыстығын ешкім тексермейді. Екінші нұсқа: сертификаттау жүйесін жасаушылар бизнестің өлшемдерге сәйкестігін тексереді. Мұны компанияларға сұрақтар тізімін жіберу арқылы, содан кейін телефон арқылы сұхбаттасу арқылы жасауға болады және көшпелі инспекцияны қосуға болады (екінші деңгейлі сертификаттау деп аталады). Үшінші нұсқа: компания немесе сертификаттау жүйесін жасаушымен немесе кәсіпорынмен байланысы жоқ адам көшпелі тексеру жүргізген кезде тәуелсіз тексеру жүргізіледі (үшінші деңгейлі сертификаттау деп аталады). Барлық жетекші халықаралық жүйелер үшінші деңгейлі сертификаттауды қолданады. Өйткені бұл экотуризмдегі сертификаттау жүйелерінің ең жақсы және тұрақты мысалдарының бірі. Айта кету керек, халықаралық тәжірибеге сәйкес сертификаттау жүйелері көбінесе ерікті болып табылады, алайда елдердің Үкіметтері тарапынан оны бизнестің қолдануы үшін белгілі бір ынталандырулар қолданылады.
БИОҚЖБ жобасы аясында 2021 жылы экотуризм саласындағы сертификаттау жүйесімен жұмыс жалғасады. Ал «Қазақтуризм ҰК» АҚ туристік компаниялар, қонақ үйлер, соқпақтар үшін сертификаттау жүйесін әзірлейді
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ