Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы елімізде қордаланып қалған күрделі мәселелерді анықтап көрсетті. Солардың ең бастыларының бірі – республикамыздың кең байтақ жеріндегі табиғаттың тозып, бүлінуі.
Жақында теледидардан Жамбыл облысының Талас, Ойық ауылдарын және Мойынқұмдағы жайлауды қалай құм басқандығын көрсетті. Соңғы кездері Жайықтың тартылуы, Жем өзенінің мүлде жоғала бастауы баршамызды алаңдатады. Осыған орай Президент жолдауында мынадай іс-шаралар көрсетіліпті. «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн.
Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді».
Ағаштар отырғызып, орман алқабын кеңейту өте қажет әрі ұзақ мерзімді жоспарды күтпей, шұғыл қолға алынуы керек. Мәселен ауыл мен ауыл арасындағы жол бойына ағаш егіп, «Жасыл көпір» іс-шарасын қолға алу өте маңызды. Астана төңірегіндегі жасыл алқапты әр ауылдан, аудан орталығынан көргіміз келеді. Біздегі әлі күнге дейін оқыту саласында экологиялық білім мен тәрбие пәрменді түрде жүзеге аспай келеді. Президент мұны да анықтап көрсетіп айтқан. Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін Birge – taza Qazagstan экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн.
Жақында ғана Ақтөбедегі көміліп қалған бұлақтарды ашып, арнасы тарылған өзенді қалпына келтіру жұмыстарын көріп риза болдық. Мұндай шаралар Наурыз мерекесін, көктемді күтпей жылдың қолайлы мезгілдерінде дәстүрлі халықтық қозғалысқа айналуы қажет.
Туған елдің табиғаты – елдің береке бірлігінің, ынтымағының жарқын көрінісі. Оны тоздырмай ұрпақтан ұрпаққа қалдыру бабалар аманаты. Барша қазақстандықтардың бірінші кезектегі асыл парызы.
Әнуар ТАРАҚОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры
АЛМАТЫ