• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Білім 05 Қаңтар, 2021

Интернетте оқып жүр...

903 рет
көрсетілді

«Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы...» Иә, бұрындары қазақ баласы интернатта білім алса, бүгінде білім көзі – интернет. Онсыз да онлайн оқу өріс ала бастаған заманда індет қаупі төніп, бұл жаңашылдық білім беру жүйесіне жеделдетіп енгізіле бастады. Осы тұста олқылықтар байқалып, білім беру мекемелері қашықтан оқыту режіміне дайын болмай шықты. Мүлтіксіз онлайн оқытуға мүмкіндік беретін платформамыз да болмады.

Бірегей Bilim land

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қашықтан оқытудың кемшіліктерін атап өтіп, жедел түрде онлайн-платформа әзірлеуді тапсырды. «Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні WhatsApp-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет», деді Президент.

Бүгінде елімізде Bilim land (Online mektep), Daryn.оnline, Opig, «Сфера» сияқты платформалар қолданысқа енді. Бұған қоса шетелдік Zoom, Google Meet, Microsoft Teams, Google Classroom платформалары, WhatsApp, Telegram мессенджерлері қолданылады. Жоғары оқу орындарының көбі Zoom, Platonus платформаларын пайдаланады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Универ 2.0» атты өз платформасын жасап шығарды.

Қазақстандық мектептердің 80 пайызы қолданатын «Bilim land» компаниясы – электронды білім беру нарығында 10 жылдан аса тәжірбиесі бар ұжым. Осы ретте аталған компанияның жетекшісі Санжар Кенжеханұлын сөзге тартқан едік.

«Біздің ұжым білім беруге қажетті контентті жасаумен, оны бейімдеумен және соған қатысты технологиялар мен қызметтерді таратумен айналысады. Біз ортақ миссия – баршаға қолжетімді сапалы білім беру үшін жұмыс істейміз. Соның ішінде ең ауқымды жобаларымыздың бірі – BilimLand.kz платформасы. Орта білім беру мекемелеріне арналған жүйе – мектеп бағдарламасына сай үш тілде әзірленген интерактивті тапсырмалар мен оқыту ресурстарын ұсынатын білім алаңы. Пандемия жағдайына байланысты өткен IV тоқсандағы қашықтан оқытудағы тәжірбиемізге сүйене отырып, OnlineMektep платформасын әзірлеп шығардық. Қазіргі таңда қашықтан оқитын 4 500 мектептің ішінде 3 594-і біздің платформаға қосылған. Күніне 1 млн 821 мың қолданушы сайттағы барлық қызметті қолдануда. Платформа Қазақстандағы №1 сайт десек, артық айтқандық емес», дейді С.Кенжеханұлы.

Бейнеконференциялардың сапалы жұмыс істеуі үшін порталдың серверлік қуаты күшейтіліп, платформаны 4 млн-нан аса қолданушы ешқандай кедергісіз бір мезетте қолдану мүмкіндігі жасалды. Сондай-ақ «Bilim land» компаниясы ZOOM бағдарламасын интеграциялап, сайтқа енгізген.

Платформадағы сабақтарды әзірлеуге еліміздің орта мектеп мұғалімдері атсалысуда. Назарбаев зияткерлік мектептері мен елдегі жекеменшік мектептердің мұғалімдері сабақтарды жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұнына сәйкес әзірледі. Сабақ мазмұнын тереңірек түсінуге арналған жүйелі конспектілер, сапалы суреттер мен анимациялық видеолар, виртуалды зертханалар және бейнесабақтар дайындалды. Қазіргі таңда OnlineMektep.kz платформасында I және II тоқсанның 42 пәні бойынша екі тілде 12 мыңға жуық cабақ, 210 мың жаттығу жасалды. Алдағы уақытта қалған үшінші және төртінші тоқсан бойынша дайын сабақтар сайтқа жүктеледі.

Платформада дүние жүзі бойынша үш жылда бір рет өткізілетін, мектеп оқушыларының білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық PISA жоба­сының талаптары толық қамтылған. Мұндағы басты мақсат – қазақстандық оқушылардың білім көрсеткішін әлемдік рейтингте 62-орыннан 30-орынға көтеру.

«Қолданушылармен кері байланыс жүйелі жолға қойылған. Арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Көп ұсыныстар мен өтініштер түсіп тұрады. Соған сәйкес біз сайтта үнемі жаңартулар, толықтырулар енгіземіз. Платформада мектеп әкімшілігіне, мұғалімдер мен оқушыларға тиімді қызмет ұсынуға барынша тырысқанымызбен, оқыту форматы баршамызға үйреншікті болмағандықтан, қиындықтар да болып жатады. Кейде интернет жылдамдығының төмендігіне, байланыс сапасына, құрылғының жұмыс істеуіне байланысты қолданушылар тарапынан мәселелер туындауы мүмкін. Бірақ біз өз қолданушыларымызға үнемі ашықпыз», дейді жоба жетекшісі.

 

Daryn.оnline репетиторға балама ма?

Еліміздегі көп қолданылатын онлайн білім алаңының тағы бірі – Daryn.оnline платформасы. Бұл туралы бізге жоба жетекшісі Айбек Қуатбаев жан-жақты мәлімет берді.

«Өзіміз ауылда туып-өстік, ауыл мектебінде білім алдық. Ауыл бала­лары үшін репетитор жалдап оқу, қосымша білім алу қолжетімсіз. Ауыл балалары, әсіресе бітіруші сыныптар ҰБТ-ға дайындалу үшін қалаға барып, сабылып жүреді. «Неге осыны қолға алмасқа, онлайн арқылы шешпеске?» деген ой келді. Сөйтіп бұл жұмысты 2018 жылы бастағанбыз, 2019 жылы қазанда платформа толық іске қосылды. Білім беру стандартына сәйкес мектеп бағдарламасының барлық пәні бойынша контенттер әзірленіп, жүктелді. Оқушы үйінде отырып репетитор қызметін төлем жасап пайдаланады. Платформада жүйелі сабақ кестесі шығады. Алғашқы сабақты барлығы тегін көреді. Өзіне ұнаған пәндерді таңдап, бір айға 2 мың теңге төлеп, жазылады. Әуел баста электронды білім нарығына еніп, репетиторлыққа балама жасау мақсатымыз болған-ды», дейді А.Қуатбаев.

Қазір платформа республикада кең көлемде таралады, Моңғолия, ҚХР-дан да Қазақстан тарихы мен Қазақ тілі пәндерін осы платформамен оқып отырған қолданушылар бар. Еліміздің 1 491 мектебі, елорданың 40 мектебі аталған жоба бойынша келісімшарт жасасып, Daryn.оnline платформасы қолдануда. Қолданушыларының саны – 3 млн 200 мың.

Сапа тұрғысынан қарайтын болсақ, қол­данушылар тарапынан ша­ғым­­да­ну­шылар да, ризашылығын білді­ру­ші­лер де бар. Жалпы, сапасы әзірге 5-тік шкаланың 4,1 бағамында тұр. Дамытатын, жетілдіретін тұстары көп. Көбіне жылдам интернеттің жетіспеушілігі кедергі болады екен. Мұнда да интернет трафиктерінің әлсіздігінен бейнесабақтар, контенттер дұрыс ашылмай, қатып қалып жатады. «Контенттің сапасына байланысты қолданушылар, педагогтер тарапынан ескертулер, шағымдар болса, бізде арнайы фокус-топ жұмыс істейді. Шағымды қабылдап, ақауды, не кемшілікті екі күн ішінде түзетіп, кей тұстарын толықтырып отырамыз. Әрине, қазір ақпарат көп, күн сайын жаңаруда. Сондықтан контентті әрдайым дамытып отырамыз», дейді жоба жетекшісі.

 

Қолданушылар не дейді?

Айжан МҰҚАТАЕВА,

Нұр-Сұлтан қаласы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі:

– Біз Microsoft Teams және Bilim Lаnd платформаларын қолданамыз. Bilim Lаnd-тің Online mektep жүйесі өте ыңғайлы. Мұнда синхронды және асинхронды сабақ жүргізу мүмкіндігі бар, яғни платформадағы ұсынылған да­йын контентті қолдана отырып сабақты жүргізуге болады. Оқу бағдарламасына сәйкес конспектілер, тапсырма мәтін­дері қамтылған. Әсіресе, Twig-Bilim-де қазақ тілінде жақсы, мазмұнды бей­не­дәрістер берілген, сабағымызға пай­даланып жүрміз. Microsoft Teams плат­формасын да пайдаланамыз. Бұл плат­форманың ерекшелігі бірден 250 оқушыға дейін қамти алады. Мұнда да балаларға слайд, презентациялар көрсетуге болады. БЖБ тапсырмаларын құрастыратын функциялары жақсы. ZOOM секілді уақыты шектеулі емес, трафигі де тиімді. Microsoft Teams-тің тағы бір ерекшелігі топпен жұмыс істеуге ыңғайлы. Оқушылардың барлығында құралы бар. Аз қамтылған, көп балалы отбасыларға әкімшілік тара­пынан ноутбуктар, планшеттер тара­тылды. Интернетке қосылу мүм­кін­­дігіміз жоқ деген ата-аналарға роу­тер­лер (интернет) берілді. Қорыта айт­қанда, мектебімізде онлайн оқуға бар­лық мүмкіндік жасалған.

 

Әлия ИМАШЕВА,

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Балықты ауылының И.Рыбалко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Біздің ауданға Daryn.Online платформасы бекітілген. Платформаның ресурстары, сапасына шағым жоқ, алайда толыққанды қолдана алмадық. ZOOM-мен де өте алмадық. Себебі ауылда интернет байланысы нашар. Үйіне Wi-Fi орнатқан бала сабаққа қосыла алады, орнатпаған бала қосыла алмайды. Мысалы, бір сыныпта 23 оқушы болса, соның 7-інде ғана Wi-Fi болады. Қол телефонның трафигімен білім беру платформаларының контентін игеру мүмкін емес. Тіпті әр баланың бас-басына телефон жоқ. Бір үйде 3-4 бала бір телефонға телміріп отырады. Ата-анасының телефонын қолданатындар бар. Қалаға, ауданға жол жүрсе ата-анасы телефонды өзімен алып кетіп, тапсырмаларын дер кезінде орындай алмай қалатын кездер болады. Осының бәрі білім сапасына кері әсер етуде. Интернеттің жылдамдығы төмен, бейнесабақтар ашылмайды. Сол себептен біз сабақты баршаға қолжетімді WhatsApp месенджері арқылы өтеміз.

 

Гүлжазира ЫСҚАҚОВА,

Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі:

– Біз Google Meet платформасын қолданамыз. Жалпы, Google өнімдерін біздің мектеп 2017-2018 оқу жылынан бері қолданып келеді. Яғни fizmat.kz доменін мектептің барлық оқушылары мен мұғалімдері пайдаланады. Наурыз айынан бастап онлайн оқуға көшкенде Google Meet платформасын қолдана бастадық. Google – әлемге танымал брау­зер. Мүмкіндіктері өте көп. Jamdoard тақтасы, Google формасы арқылы бізге тест жұмыстарын алу өте тиімді. Барлық құжатымыз, оқушылардың жұмысы Google-дискте сақтаулы тұра­ды. Bilim Lаnd, Daryn.Online сияқты білім алаңдарында дайын контенттер ұсынылған. Бізде оған рұқсат етілмейді. Өзіміздің Fizmat Media контентіміз бар. Өзімнің Youtube арнамды ашқанмын, сабақты сонда жүктеп қоямыз.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист