Қазір алаяқтықтың түрі көп. Әсіресе қаржы төңірегіндегі қылмыстар күн өткен сайын көбейіп барады. Аз уақыттың ішінде 400-ге жуық адамды сан соқтырып, жалпы көлемі 67 млн теңгенің зардабын шектірген бір қылмыс жақында толық ашылып, қылмыскер жазасын тартты. Батыс Қазақстан облысында «қаржылық пирамида» ретінде тіркелген тұңғыш істі тергеп, сотқа жеткізген – Теректі аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Қуандық Оразов.
...2020 жылдың басында Теректіде WhatsApp желісінде ашылған «Шынайы ақша» (Реальные деньги) деген топтың даңқы дүркіреп кетті. Өзінің шарты да қарапайым: көрсетілген есепшотқа ақша саласың, аз уақыттан кейін өсімімен қайтарып аласың! 23 жастағы жоғары білімді қазақ қызы, «Қарашығанақ партнер» мекемесінің қызметкері құрған пирамиданың жарнамасы мықты еді. «Батпан құйрық – айдалада неғылған жатқан құйрық?!» деп атам қазақ баяғыда айтқанмен, оңай олжаға кенеле қалам деген ашықауыздар да аз емес екен. Көп кешікпей жәбірленушілер де шыға бастапты.
– Бірнеше адам алаяққа алданып, ақшасынан айырылғаны жөнінде шағым түсті. Жәбірленушілер Қаратөбе ауданының тұрғындары болғандықтан, шешім қабылдау үшін материалдар Қаратөбе аудандық полиция бөліміне жолданды. Сол жерде қылмыстық іс көтерілді. Бірақ күдіктілер Теректі ауданы аумағында әрі іс ауқымды болғандықтан, мәселені Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті өзі қадағалап, осы істі тергеуді маған тапсырды, – дейді Қуандық Оразов.
Әдетте қаржылық алаяқтық, қаржы пирамидасы – күрделі қылмыстар қатарына жатады, оны тергеу үшін арнайы тергеу тобы құрылады. Бірақ тәжірибелі тергеуші Қуандық Керейұлы бұл істі 5 ай ішінде бастан-аяқ жалғыз өзі тергеп шықты.
– Талай-талай қылмыстық істі көріп, тергеп жүрміз ғой. Бірақ бұл қылмыс ерекше болды. Істі алып қараған кезде біздің Орал қаласының өзінен 70-80 адам зардап шеккенін білдім. Мұндай іс біздің Батыс Қазақстан облысында болмаған, бұрын тергелмеген еді. Дегенмен еш қаймыққан жоқпын, тергеуге кірісіп кеттім, – деп еске алады полиция майоры.
Іске дендеп енген сайын жәбірленушілер көбейе берді. Ақыры 370 адамға жетті. Олардың шеккен зардабы 67 млн теңгеден асты.
Істің мәні былай болған. Екі қыз бала WhatsApp желісінен «Реальные деньги» деген атау қойып, екі топ ашқан. Сөйтіп оның сілтемесін жан-жаққа тарата бастаған. Жарна салушылардың қаржысы «Динараның» (есімдер өзгертілді – Қ.Қ.) kaspigold есепшотына түскен. Бірақ қаржыны толығымен «Ақерке» алып, пайдаланған. Кейін тергеу кезінде «Ақерке» И. осы қылмысты толығымен өзі ұйымдастырғанын, әріптесі «Динараны» тартқанын, қаржы пирамидасын құрып, табыс табудың жолын YouTube желісінде жарияланған нұсқау-бейнеден үйренгенін айтқан. Осылайша бүкіл қылмысты өз мойнына алып, істеген ісіне қатты өкініп, оңай олжа көрінген қаражаттың бір бөлігін иелеріне қайтара бастаған.
– Аз уақытта бұл қыздар түскен ақшаға Теректі ауданына қарасты Подстепное кентінен үй сатып алған, жер телімдерін алған. Оның бәрін анықтап, дер кезінде бұғаттадық, – дейді тергеуші.
Бұл кезде қылмыстың ауқымы тіпті Батыс Қазақстан облысы аумағынан шығып кеткен еді. Алданушылар қатарында Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары да бар еді. Коронавирус өршіп тұрған кезде оларды бір жерге жинау мүмкін емес еді. Сөйтіп ол жәбірленушілер өз тұрған жерінде тергеліп, хаттама толтырылды. Кейін бұл құжаттың бәрін біріктіріп, Қуандық Оразов өз өндірісіне қабылдады. Сөйтіп 5 айға созылған күрделі қылмыстық іс мәресіне жетті. Тергеу құжаттары сотқа жолданды.
Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық сотының төрағасы, судья Марат Мәліковтің басшылығымен өткен сот процесі кезінде алаяқтықпен оңай олжаға кенелмек болған сотталушы өз ісіне қатты өкінетінін айтып, қылмысын толық мойындады.
Осы сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан тұрғындардың азаматтық талап-арыздары толықтай қанағаттандырылды. Атап айтсақ, сот жәбірленуші Жарқын Тінәлиевке – 794 мың теңге, Гүлбану Абдуллиеваға – 46 мың теңге, Ботагөз Насиповаға – 306 мың теңге, Жанар Ақмурзинаға – 5550 теңге, Артур Әйтимовке – 320 мың теңге, Динара Дүйсеналиеваға – 139 500 теңге материалдық залалды қайтарып, мемлекет пайдасына тиісті баж салығын өндіруді үкім етті.
Сотталушыға осы материалдық залалды толық қайтару үшін 6 ай мұрсат берілді.
«И. «Ақеркені» Қылмыстық кодекстің 217-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған мүлкін тәркілеусіз 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу барысында «И.«Ақеркеге» пробациялық бақылау тағайындалып, оның жүріс-тұрысын бақылауды жүзеге асыратын мамандандырылған мемлекеттік органға хабарламай тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын ауыстырмау, әкімшілік аумақтық бірлік шегінен тыс жерге кетпеу, алкоголь өнімдерін саудалайтын ойын-сауық, көңіл көтеру орындарына бармау, өзінің тұрғылықты мекенжайынан сағат 22.00-06.00 аралығында кетпеу міндеттері жүктелсін» делінген сот үкімінде.
Бүгінде қаржы пирамидасынан зардап шеккен азаматтар алдырған ақшасын кері қайтарып алып жатыр. Олардың кейбірі автокөлігін, тіпті үйін сатып, қаржысын «қорға» құйған екен. Осы істі сауатты тергеп, сотқа дейін жеткізген полиция майоры Қуандық Керейұлына алғыс айтуда.
Сөз соңында осы оқиғаның басты қаһарманы – Қуандық Оразовты жақынырақ таныстыра кетейік. Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында туып-өскен Қуандық Керейұлы 2011 жылы Алматыдағы Ішкі істер министрлігі академиясын тергеу мамандығы бойынша бітірген екен. Еңбек жолын Қаратөбе аудандық полиция бөлімінде учаскелік инспектордың көмекшісі ретінде бастаған жас маман аз уақытта өзінің сауатты қызметкер, болашағынан үміт күттірген тергеуші екенін байқатқан. Сөйтіп он жылға жетер-жетпес уақытта Қаратөбе аудандық, Орал қалалық полиция басқармасында – тергеуші, Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің тергеу басқармасы мен Ақжайық аудандық полиция бөлімінде – аға тергеуші болып еңбек баспалдақтарынан өтті. 2017 жылы қазіргі қызметіне – Теректі аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, тергеу бөлімінің бастығы болып тағайындалған.
Осы мақаланы жазу барысында Қуандықпен жиі хабарластым. Қат-қабат жұмыспен жүрсе де әрдайым уақыт бөліп, ізетті сөйлесетін тергеушінің мәдениеттілігіне риза болдым.
– Қызмет барысында қиындықтан, күрделі істерден қаймығып көрген жоқпын. Басшылық тарапынан алған марапаттарым да жетерлік. Бірақ мен үшін ең бастысы, егде тартқан ата-анамды қуанту. Әке-шешеміз біздің сәл жетістігімізге мәз болып отырады ғой. Өзім үйдің кенжесі, алты баланың кішісі болғандықтан ата-анама жақынмын. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» дегендей, қазір өзім де екі қыз сүйіп отырмын. Сіздің бұл мақалаңыз «Egemen Qazaqstan» газетіне шығып жатса, алдымен әкем мен анам мақтанады ғой деп қуанып отырмын, – дейді Қуандық Керейұлы.
Батыс Қазақстан облысы