• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Таным 05 Қаңтар, 2021

Азаттықты аңсаған алдаспан Исатай Тайманұлының күрескерлік қыры хақында

4453 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік туралы толғанғанда алдымен елін, жерін қорғаған батыр бабалардың өшпес өнегесі ойға оралады. Қазақ халқының азаттығын аңсаған сондай біртуар перзенттің бірегейі – Исатай батыр Тайманұлы.

Исатай батырдың кіндік қаны 1791 жылы Қызылқоға ауданындағы Тай­сой­ған құмында тамған. Қазір бұл жер «Тайман жалы» деп аталады. Әкесі Тайман Бегәліұлының отбасы 1808 жылы Махамбет ауылынан 13 шақырым жоға­рыдағы Шой (Бақсай) өзегі тұсынан Жайық өзенінің оң жағалауына, ішкі орда­да отырған Бөкей сұлтанның қара­м­ағына өткен.

Ел ішіндегі есті қариялардан жеткен әңгімелерге қарағанда, Бөкей сұлтан мен Тайман әрі дос, әрі сырлас болған. Жалтыр көлінің жағасында отырғанда шешесінің жылдық асын берген Бөкей жиналғандар алдында Тайманмен достығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, балаларына даритынына сендіріпті. Исатайдың старшын болуына осы жайт әсер етсе керек. Данагөй қариялар оның 1837 жылы қазан айында хан ордасын шаппауын батырдың әкесі Тайман мен Бөкейдің арасындағы достықты бұзғысы келмегенімен топшылайды.

Исатай Тайманұлы шыншылдығымен, парасаттылығымен, батылдығымен, ақылдылығымен ішкі ордаға кеңінен танымал болды. Жасынан алымды, сөзге шешен, өжет, қара қылды қан жаратын Исатай 21 жасында старшын болып тағайындалып, ел басқару ісіне аралас­ты. Бөкей хан оның басқаруына Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Қарақамыс, Күйгін, Көлденең, Байсары, Кемелі аралдарын берді. Осылайша ордадағы беделді адамдардың біріне айналды. Хан тапсырмасымен Петербургке бара жатқан Бұхар елшісін қарсы алып, Астраханға дейін қасына ерген. Орынбор шекара комиссиясының басшысы, генерал Генстің ішкі ордаға келген сапарында қасында болған. Дегенмен, сол тұста Исатайды көре ал­мау­шылар көбейе түскен еді. Солар­дың жалған жаласымен 1818 жылы Сарайшық түрмесіне қамалды. Ал 1824 жылы тағы да тұтқындалып, Орын­бор түрмесіне жабылды. Бірақ оған тағылған кінәлар дәлелденбей, түр­ме­ден босатылды. Ол ішкі ордадағы қара халықтың мұң-мұқтажын қорғап, сұлтандар мен билердің әділетсіздігін, зорлық-зомбылығын талай рет әш­ке­реледі. Сөйтіп ішкі ордада патша өкі­ме­тінің отарлық мүддесін іске асырушы хан Жәңгірдің халыққа жасаған озбырлығына қарсы күресті.

Жәңгір ханмен келіспеушілігі ХІХ ғасырдың 30-жылдарының орта кезінен басталды. 1833 жылдың маусым айын­да Жәңгір хан осыған дейін Исатай басқарған Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы шөбі шүйгін, суы мол бес аралды Қарауылқожа Бабажановтың билігіне берді. Ал Исатайды қарауындағы елімен шаруашылыққа қолайсыз, суы да, шөбі де аз, құм басқан Мыңтөбеге аударады. Алайда бұл Исатай Тайманұлы мен оның қоластындағы халықтың Жәңгір ханға деген наразылығын туғызды.

ХІХ ғасырдың 30-жылдарының бас кезінде-ақ оның көсемдік тұлғасы анық байқалды. Ол хандық билік үшін күрескен жоқ. Халық мұңын жақтаушы болды. Сондықтан қазақ шаруалары Исатай батырдың айналасына көптеп жиналды. Өйткені олар Исатайды өз­де­рін бай-феодалдардың езгісінен құт­қарар тұлға деп есептеді.

Исатай Тайманұлы бастап, Махамбет Өтемісұлы қостаған көтеріліс екі кезеңге ұласты. Бірінші кезең – 1836-1837 жылдарда Бөкей ордасында болған көтеріліс. Екінші кезеңдегі көтеріліс 1838 жылдың алғашқы жартысында Кіші жүз жерінің батыс бөлігінде өрістеді. Бөкей ордасында 1836-1837 жылдарда болған халық көтерілісі Исатайдың басқаруындағы Каспий теңізінің солтүстік жағалауында басталып, Бөкей ордасына тарады. Ал 1837 жылдың қазан айында көтеріліс ішкі орданы толық қамтыды деуге болады. Бұл кезде көтерілісшілер көсемі Исатай батырдың қол астына екі мыңнан аса адам бірікті. Олар қара­пайым қазақ шаруаларын езіп-жан­шыған бай-феодалдардың ауылдарын шауып, олардың мал-мүліктерін кедей шаруаларға бөліп берді. Қазақ шаруаларының Исатайдың қол астына жиналуының басты себебі де осында жатыр.

Жалпы, Исатайдың маңайына Бөкей ордасындағы старшындар мен жау­жүрек батырлар топталды. Оның қата­рын­да ақын Махамбеттен басқа Үбі Үсаұлын, Сарт Еділұлын, Қабыланбай Қалды­байұлын және басқаларды ерек­ше айтуға болады. Қабыланбай Қалды­байұының көтеріліс кезіндегі қаһармандығын патша өкіметі жазалаушы әскерлерінің басшысы, подполковник Гекенің өзінің мойындағанын айтқан жөн.

Ақылды, байсалды, ұстамды Исатай батыр Жәңгір ханның патша өкіметінің әскерін шақыртуы мүмкін екенін, егер патша әскері ханға көмекке келсе, көтерілісшілердің оларға қарсы тұрар әскері де, қару-жарағы да жоғын ескерді. Өйткені патша әскері бала-шағаға, қарияға қарамай, бейбіт, қарусыз отырған елді қырып-жойып, барын тартып әкететіні даусыз еді. Сол себептен ханға халық талабын тек айбармен, қысыммен орындатар әрекетке көшеді. Исатай батыр ханға 10 күн мұрсат беріп, негізгі талаптарын орындатуға, соның ішінде елге патша әскерін шақыртпауды мақсат етіп, келіссөз жүргізуге бел байлады. Оның Жәңгір ханмен келіссөз жүргізуінің басты себебі бар. Бұл – уақытты созып, Жайық өзені қатқаннан кейін қол астындағы адамдармен өзеннің арғы бетіне өтіп кету жоспарын іске асыру. 1836-1837 жылдардағы Бөкей ордасындағы халық қозғалысының шырқау шыңы ретінде Тастөбе шайқасы болғанын айтқан жөн. Исатай батыр бастаған көтерілісшілер зеңбірекпен қаруланған патша әскерімен шайқаста қаһармандықтың нағыз үлгісін көрсетті. Тастөбе шайқасының алғашқы кезеңін қазақтың соғыс тарихына жазылуға лайық оқиға ретінде бағалау керек.

Тегінде Исатай мен Махамбет патша өкіметінің отарлық саясаты мен сұлтан Баймағанбет Айшуақов бастаған жергілікті феодалдардың қарапайым халықты езіп-жаншуына қарсы азаттық күресті ұйымдастырды. Аз уақыттың ішінде Исатай Тайманұлы Кіші жүздің бас батыры, қара қылды қақ жарған әділ биі, көшелі шешені, қысқасы Әлім, Жетіру және Байұлының көсеміне айналды. Олар алдымен сұлтан Қайыпқали Есімұлымен әскери-саяси одақ құрды. Оның себебі Исатай мен Махамбетке Кіші жүздегі патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы күресушілермен күш біріктіру қажет еді. Ал Қайыпқали Есімұлы – патша өкіметінің Кіші жүзді отарлау саясатына қарсы жан аямай күресіп келе жатқан ер.

Исатай Тайманұлы мен Қайыпқали Есімұлы құрған әскери одақ өз жемісін берді. Қос қолбасшының қол астына үш мыңнан аса сарбаз жиналды. Әрине, бұл аз күш емес еді. Тек олардың қару-жарағы ғана зеңбірекпен қаруланған патша өкіметінің әскерінен әлдеқайда аз болатын. Сонымен бірге көтерілісшілердің жеңілуіне ұйымдастыру кезіндегі қате­лік­тер мен қос қолбасшының алдына қойған мақсат-мүдделерінің алшақтығы кері әсерін тигізді. Иә, Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісшілер жеңілді. Бірақ бұл Қазақстанның батыс бөлігінің кейін­гі дамуында өзіндік із қалдырды. Әсіресе алым-салықтың көтерілуіне белгілі дәре­жеде шектеу қойылды. Ішкі ордада хандық биліктің жойылуын тездетті. Жәңгір қайтыс болғаннан кейін Бөкей хандығына хан тағайындалмады.

Өкінішке қарай, бүгінде біздің кей­бір тарихшы-ғалымдарымыз Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтеміс­ұлының батыс аймақта халықты азат­тық күреске ұйымдастыру жолын­дағы қажырлы еңбегін көрсетуде самар­қау­лық танытып отыр. Олар тек Бөкей ордасындағы көтеріліске көңіл бөліп, ал Кіші жүз жерінің батыс бөлігінде 1838 жылдың алғашқы алты айындағы болған оқиғалар көрсетілмей қалуда. Бар болғаны үш айдың ішінде үш мыңнан аса сарбаздың жиналуы Исатай мен Махамбеттің, Қайыпқалидың шаруаларды өз теңдігі мен азаттығы үшін күреске көтеру жолындағы орасан зор іс-қимылының жемісі екені сөзсіз. Егер Исатай мен Махамбет, Қайып­қали бастаған көтерілісшілер патша өкіметінің Кіші жүзді отарлау саясатына қауіп төндірмесе, патша өкіметінің зеңбіректермен қаруланған әскер жіберіп несі бар еді? Алайда біздің кейбір тарихшы-ғалымдарымыз әлі де бұл мәселеге біржақты, үстірт қарап отыр.

Әрине, көтерілісшілер жеңілгендігіне қарамастан Қазақстанның батыс айма­ғын­да отаршылдық озбырлық пен фео­далдық езгіге қарсы күрес туын жаңа сатыға көтеріп, бұқараның сана-сезі­мі­нің оянуына үлкен ықпал етті. Исатай мен Махамбет батырлар бас­тауында болған көтеріліс 1837-1847 жылдардағы К.Қасымұлы, Е.Көтібаров, Ж.Нұрмұхамедов жетекшілік еткен көтерілістерге, сонымен бірге 1869-1870 жылдардағы Орал, Торғай облыс­тары мен Маңғыстаудағы ұлт-азаттық көтерілістерге әсерін тигізді. Басқаша айтқанда, Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс XIX ғасырдың I жартысындағы Қазақстан тарихына ұмытылмастай оқиға болып енді. Көтерілістің өн бойында Исатай Тайманұлының қабі­летті ұйымдастырушы екендігі анық байқалды. Әр жақтан әлеуметтік құра­мы әртүрлі топтардың басын құрау үлкен іскерлікті, ұйымдастырушылық қабі­лет­ті қажет ететін болса, мұндай қасиет Исатай батырдан табылды. Ол кедей шаруалармен қатар ауқатты адамдарды, билер мен батырларды, сұлтандарды күреске жұмылдырды.

Исатай Тайманұлы – ар-намысқа берік, қайтпас ер, еліне мейірімді, оны қор­ғауға әрқашан дайын, артында өне­гелі ісі қалған ұлт-азаттық көтері­ліс­тің қолбасшысы. Көтеріліс басшысы басынан өткен ауыр әрі қауіпті оқи­ғаларға мойымайтын қайсарлық көрсетіп, өмірінің ақырына дейін азат­тық үшін алысып өтті. Тек Исатай ғана «өлгенінше көпті соңына ерте алды» (Х.Дос­мұхамедов). Осы көтеріліс тарихын алғашқы зерттеушілердің бірі А.Рязанов Исатайды «қазақтың ұлттық батыры» деп атады.

Қазақ халқының азаттығын аңсаған Исатай батырды ешқандай сынақ та, жеке басының қайғы-қасіреті де жасыта алмады. Орыс журналисі Н.Савичев Исатай батыр туралы: «Тып-тыныш тұрған аспанды тіліп, шуылдай ағып, жан-жағына от шашып, жұртты таң қал­дырып келе жатқан метеорды көре­сіз. Тап осы метеор сияқты жарқын бей­нелі, абзал, терең ақыл-ойдың иесі, халық қамын ойлаған қажырлы батыр – Исатай» деп жазған еді. Шындығында ол – қара халықтың қамы үшін қол бастап, қанды шайқасқа түскен, елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болған ұлт батыры.

 

Аманкелді ШАМҒОНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты

 

Атырау облысы