• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Қаңтар, 2021

Салаға қамқорлық саулықты арттырады

172 рет
көрсетілді

Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облы­сындағы медициналық меке­ме­лердің көлікке деген сұра­ны­сы жоғары еді. Былтыр 38 жедел-жәр­дем көлігі сатып алынды, барлық медициналық құрал-жабдықтарды жаңа­лауға қаражат 32 пайызға ар­тық бөлінді. Бұл – 3,7 млрд теңге деген сөз. Жаңадан ашылған инфекциялық аурухана қазір жұмыс істеп тұр.

Жыл бойы 8 жылжымалы меди­ци­на­лық кешен сатып алынып, алыс аудандар тұрғындарының денсаулықтарын қада­ғалау мүмкіндігі артты. Қазір об­лыс­­тық ауруханада цифрлы ангиографты орналастыру жұмыстары жү­ріп жатыр. Бұл қан тамырларын контрасты зерттеу тәсілдерін бір арнаға шоғырландыратын, өзінің құрамына рентген, компьютерлік томография, магнитті-резонансты томография сияқты зерттеулердің бәрінің басын құрап, бір қорытынды шығаратын құрал. Жаңа аппарат диагнозды барынша дұрыс қоя алатындығымен белгілі. Осы қымбат құрал облыстық ауруханаға орнатылып, өңір тұр­ғын­да­­рына қызмет көрсете бас­­тайды. Со­ны­мен бірге жаңадан тағы бір МРТ (магнитті-резонансты томография) са­тып алынбақ. Оған да тиісті қа­ра­жат бөлінген, алдағы ақпан айында об­лыс­қа жеткізіледі.

Әрине медицина саласындағы барлық жағдай өте жақсы деп айта алмаймыз. Мәселен, 250 адамды бірден қабылдай алады делінген жаңа емхананың құ­ры­лысы белгіленген мерзімінде аяқ­тал­мады. Оның құрылысының кес­те­ге сай жүргізілуіне бірінші кезекте ін­дет кесірін тигізді. Көрші елдерден жет­кізілуге тиісті құрылыс материалдары карантиннің әлегінен уақытынан кешік­тірілді. Енді оның құрылысын аяқтау биылға қалып отыр. Түрік компаниясы салып жатқан 480 орынға арналған көп бейінді аурухананың құрылысы да осы себепті сызбадан қалып келеді.

Сондай-ақ өңірде дәрігерлердің еңбек­ақысы 31 пайызға көтерілді. Ал орта деңгейдегі медициналық персо­нал­дардың жалақысы 20 пайызға артты. Пандемия індетіне қарсы күрескен меди­цина қызметкерлерінің бәріне Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен кате­горияларға сәйкес қосымша ақы толық төленді. Биыл дәрігерлердің еңбекақысы атқарған қызметіне сәйкес тағы да арта түспек.

Медицинаның жас кадрларын да­йын­дауға да назар бөлініп отыр. 2021 жылы қаладағы медициналық колледждің оқушыларына арналған 344 орынды заманауи жатахана тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл жатақхананың шығыны осы жылдың бюджетінде қарастырылған. Жатақхана ауыл жастарының оқуға деген мүмкіндігін арттырары сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы