Арқалық қаласынан 70 шақырым жердегі Аққошқар елді мекенінің 58 жастағы тұрғыны 3-қаңтар күні таңертең ауылдан ұзап кеткен жылқысын іздеп шығып кетіп, қас қарайғанша үйіне қайта оралмаған, деп хабарлайды Egemen.kz
Арқаның сақылдаған сары аязына қарамай, қаркешкіш көлігіне мініп сайын даланы шарлап кеткен тұрғыннан ешбір хабар болмаған соң, сол күні түнгі сағат 23-ке таман төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары екі көлікпен жоқ іздеушінің өзін іздеуге шығады.
«Жоғалған адам 4-қараша күні таңғы сағат 05:00-де Аққошқар ауылынан 95 шақырым жерден табылды. Жәбірленуші көлігі сынып далада қалған. Ол жерде ұялы байланыс та болмаған. Құтқарушылар табылған ер адамды Аққошқар ауылына жеткізді. Қазір денсаулығы жақсы», - деп мәлімдеді төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.