• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Елорда 05 Қаңтар, 2021

Көлгінов жаңбыр мен қар суын Есілге ағызу туралы айтып берді

141 рет
көрсетілді

Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Жастар» ауданындағы тазарту қондырғысының құрылысымен арнайы барып танысты, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Құрылыс жүргізіп, инженерлік желіні тарту барысында жауын-шашын кәріздері мен коллекторларды да ұмытпаған жөн. Оларды тазартып, қараусыз қалған жауын-шашын кәріздері мен арық жүйесін балансқа алып, жауын-шашын құбырларына заңсыз жалғануды анықтап, т.с.с. жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізу керек. Жарты жыл ішінде өткізу қабілетін жақсарту мақсатында 54 шақырым коллектор, 4 мың жаңбыр суын жинау және қадағалау құдығы, 32 мың метр арық жүйесі тазартылды. Арықтар мен құдықтардан шығарылған қоқыстың өзі 2,5 мың тонна болды, осындай жұмыс көп. Жауын суы ағатын құбырларға 230 үй-жайдың заңсыз жалғанғаны анықталды. Бұл жұмыс тұрақты атқарылып келеді», деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, «Жастар» ауданындағы, яғни Ж.Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысындағы тазарту қондырғысының құрылысы жауын-шашын коллекторларының реконструкциясын да қамтиды.

«Бүгінгі аралау барысында «Жастар» ауданындағы (Ж.Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) тазарту қондырғысының құрылысымен таныстым. Бұл құрылыс келіп тұрған жауын-шашын коллекторларының реконструкциясын да көздейді. Бұл жобаны біз екі кезеңде жүзеге асырамыз. Бірінші кезеңі - былтырғы күзде басталды. Бұрын қалдық су өзенге тікелей ағызылып, оны ластап, қала экологиясына кері әсерін тигізетін. Жоспарымыз жүзеге асқан соң, енді жаңбыр мен қар суы Есілге ағызар алдында тазартылатын болды», деді қала әкімі.

Алтай Көлгінов биылғы көктемде бұл жоспардың екінші кезеңі аяқталатынын атап өтті.

«Нәтижесі – жауын-шашын коллекторлары реконструкцияланады.Жаңа қондырғылардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метр. Бұл қондырғылар Ж.Тәшенов, Бараев, Ш.Уәлиханов, Ш.Иманбаева және Республика даңғылын су басудан сақтайды. Қондырғылар жер астымен жүргізіліп, ал үстіне - кіші архитектуралық мүсіндермен көмкерілген әрі жасыл желекті сквер саламыз. Сонымен бірге, Б. Момышұлы көшесіндегі проблемалы жерге жауын-шашын кәріз жүйесінің магистралдық коллекторының құрылысы аяқталды. Жаңа қондырғы қазіргі жауын-шашын кәріздерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттырады», дейді әкім.

Ал Тельман тұрғын алабының тазарту қондырғылары мен магистралды коллекторының өткізу қабілеті тәулігіне 36 мың текше метр болмақ.

«Жоба жүзеге асқан соң - осы алаптың және № 27 көшенің құрылыс жүруі мүмкін аумақтарынан жаңбыр суын ағызып әкету мүмкін болады. Бұған қоса, біршама тазарту қондырғылары мен жауын-шашын кәріздері басқа жерлерге де салынды. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді», - деді Алтай Көлгінов.