Парламент сенатының депутаттары былтыр ғана торқалы 90 жылдығын атап өткен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне жұмыс сапарымен келді. Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Нүкетаева, конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Сұлтанбек Мәкежанов, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсенбиновтер оқу орнында қолға алынып жатқан жаңашыл бастамалармен танысып, студенттермен және оқытушы-ғалымдармен пікірлесті, деп хабарлайды Egemen.kz
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполов қонақтарға университетте атқарылып отырған ауықымды жұмыстар барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде сенаторлар аграрлық сала сала мамандарымен бірге мемлекет басшысы айқындаған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және ауылшаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін дамыту мәселелерін талқылады.
Депутаттар Вагенинген университетімен (Нидерланды) жұмыс жөніндегі институттың және Францияның Монпелье университетімен бірлескен сүт және сүт өнімдерінің референттік зертханасының ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешендегі үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеуді іске асыратын Халықаралық Агротехнологиялық Хаб жұмысымен де танысты.
– Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті аграрлық білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, жаңа белеске көтеріліп, инновациялық бағытта дамып келеді. Халықаралық және ұлттық рейтингтерде лайықты орын алатын университет Қазақстанда және ТМД елдеріне кеңінен танымал. Ұжымның ендігі мақсаты – әлемдік білім беру кеңістігінде өз орнын айқындап, әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнына айналу. Оқу орнында ашылған жаңа инновациялық орталықтар мен зертханалар бәсекеге қабілетті, сапалы мамандарды даярлауға және аграрлық нарықта сұранысқа ие ғылыми жобаларды тиімді орындауға мүмкіндік береді, дейді Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров.
Еске салсақ, 2020 жылы университетке Үкімет қаулысымен «Ұлттық зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Университет басшылығының айтуынша, қазір студенттерді заманға және әлемдік технология талаптарына сай етіп оқыту және тәрбиелеу басты назарға алынып отыр.