Талас ауданы, Қаратау қаласының тұрғыны Аяжан Жуатай өзінің бар мүмкіндігін өнерге арнап келе жатыр. Ерекше жаратылған қаршадай қыз қаламды тістеп отырып, алуан түрлі сурет салады.
Осы қабілеті арқылы ол республикалық, облыстық байқаулардың да бірнеше рет жүлдегері атаныпты. Жас болса да ерекше қабілетке ие ару қыз өзінің өнері арқылы көпті таңдандырып келеді.
Суретші қыздың өмірдің өзіндей шынайы туындылары адам жанының құпиясына үңіліп, жүрегін керемет бір сезімге бөлейді. Ал тоқыған кестесі мен моншақтармен әдіптеп жасаған түрлі әшекей бұйымдары көрген көзді қызықтырады. Мүмкіндігі шектеулі болса да бар мүмкіндігін қазақ өнерін дамытуға арнап келе жатқан Аяжанның жоспарлары көп. Әсіресе оның өмірге, өнерге деген құштарлығы ешкімге ұқсамайды. Қайсар қыз жаратылысының өнерге құштар екенін, сондықтан да тағдырына ешуақытта налымағанын айтады. «Себебі менің екі қолым мен аяғым дамымаса да, есту, көру қабілеттерім ерекше. Сурет салу мен кесте тоқудан бөлек, жаныма жақын ақын-жазушылардың шығармаларын оқығанды жақсы көремін. Неге екені белгісіз, суретті түнде салған ұнайды. Компьютерді жақсы меңгергенмін», дейді. Сондай-ақ Аяжан жанына жақын жандардың қамқорлығы мен демеуіне де дән риза екендігін жеткізді. «Мен үшін атқан таң мен батқан күнді, анамның ақ жүзін көре алатыным, саф ауамен тыныстай отырып, ойымды жеткізу үлкен бақыт. Ең бастысы – еліміз әлемді жайлаған мына індеттен аман шықса екен деп тілеймін. Адамдар денсаулықтың қадірін біліп, ақшамен де сатып ала алмайтын дүниелердің бар екенін терең түсінсе деймін», дейді Аяжан.
Жамбыл облысы