• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қаңтар, 2021

«Ұлттық аударма бюросы» Білім және ғылым министрлігін сотқа берді

4191 рет
көрсетілді

Бұл туралы «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы facebook-тегі парақшасында жазды.

2017 жылы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» құрылған еді. Сол уақыттан бері жоба аясында тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, кинотану, театртану салалары бойынша әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылатын үздік оқулықтар қазақ тіліне аударылған болатын. Ал бүгін «Ұлттық аударма бюросы» шығармашылық жұмысын тоқтатқан көрінеді. 

«Құрметті қауым!  Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы мазмұндық жағынан аяқталды. Әлемнің ең жақсы деген 100 оқулығы қазақ тіліне аударылды, әрқайсысы 10 мың данамен басылып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына жеткізілді. Оқулықтардың электронды нұсқаларын OpenU.kz порталынан еркін оқуға болады. Олардың негізінде дайындалған 200 видео курс та аталған порталда ашық тұр»,  деп жазды «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры.

Осындай ауқымды жұмысты атқарған мамандарға алғысын жеткізген Рауан Кенжеханұлы негізгі мәселеге де тоқталыпты.

«Алайда, арадағы шарттың талаптарына сәйкес толық орындалып, тапсырылған жұмысты Білім және ғылым министрлігі қабылдап алмады. Жұмыстың ақысы төленбеді. Осыған орай, «Ұлттық аударма бюросы» шартта көрсетілген заңды талаптарын алға тартып, сотқа жүгінді.

«Ұлттық аударма бюросы» ондаған шетелдік автор мен құқық иеленуші баспалар, бірнеше ірі баспахана және бәрінен бұрын жүздеген аудармашы мен редакторларға қаражат берешек. Алғашқы кезекте жұмысқа атсалысқан мамандар алдындағы қарыз төленеді. Оның негізгі бөлігі өтелді.

Еліміздегі заңның билігі, соттың адалдығы рас болса, сөзіміз расталып, еңбегіміз өтелуі тиіс. Оған кәміл сенеміз.

Бүкіл қоғам көз тіккен үлкен жұмыс о бастан көпшіліктің назарында. Қазір де әлеуметтік желіде түрлі талқы жүріп жатыр. Шын мәнінде анық-қанығын білгісі келетін адамға ұғынықты жауаптар әлдеқашан берілді. Жұмыстың есеп-қисабы талай рет қаралып, тексерілді. Тәртіп пен заңның бұзылмағаны дәлелденген. Бұл жолы да солай болатынына сенімдіміз. Сондықтан сабыр сақтап, ақ-қарасын ажыратуды сотқа тапсырдық»,  дейді ол.

Сол себепті «Ұлттық аударма бюросы» әзірге шығармашылық жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болып отыр.