Алматы қаласында бүгінде бала туу көрсеткіші жаман емес, көші-қон үдерісі де белсенді. Дегенмен, пандемия денсаулық саласынан бастап, білім және балабақшалармен қамту ісін қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Жуырда қала әкімінің жетекшілігімен білім беру жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі алқалы кеңес өтті. Бірінші кезекте мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын азайту, апатты мектептер мен үш ауысымды білім беру мәселелерін шешу, қашықтан оқытудың сапасы, сондай-ақ жекеменшік балабақшалардағы ата-аналардың төлемін субсидиялау шаралары қаралды.
«Шетсіз қала» қағидаты аясында қалада білім берудің сапасын арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте қоғамдық ұйымдармен өзара тығыз іс-қимыл орнатылды. Балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы мен кезек күту мәселелерін шешу шаралары күшейтілді. «Біздің міндетіміз – пандемияға қарамастан, өз парызымызды жауапкершілікпен және адал орындау. Балаларды тәрбиелеу көбінесе балабақшаларда мектепке дейінгі білім беру процесінің қалай ұйымдастырылуына байланысты», деген қала әкімі Б.Сағынтаев пандемия кезінде ата-аналардың білім беру процесіне ынтасының арта түскенін атап өтті.
Қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева бүгінде мектепке дейінгі тәрбиемен 1-6 жасқа дейінгі 65 080 бала, 3-6 жасқа дейінгі 57 020 бала қамтылғанын баяндады. Әкімдік 5 жыл ішінде балабақшаларда 20 мыңнан астам жаңа орын ашуды жоспарлап отыр. Қосымша білім беру үшін Алатау мен Наурызбай аудандарында 2 инновациялық шығармашылық орталығын салу жоспарланған, келер жылдан бастап қазіргі Оқушылар сарайын модернизациялау басталады. Пандемияға қарамастан, контингент 12 мың балаға артты, оның ішінде 1-сыныпқа 27 мыңнан астам бала қабылданды. Мектептерде орын тапшылығын кезең-кезеңмен шешу үшін 2025 жылға дейін білім беру нысандарының құрылысын үдемелі салу бағдарламасы әзірленді.
Орта білім беру саласында апатты мектептерді жою және мектептердің шамадан тыс жүктелуі бақылауға алынған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2021-2022 жылдары апатты және шамадан тыс жүктелген деп танылған мектептердің орнына жаңа мектептер салынады. 2022 жылға дейін 12 600 орындық 8 мектеп және 6 550 орынға арналып мектептерге жапсарластыра 13 қосымша құрылыс салу жоспарлануда. Сондай-ақ, апатты мектептің орнына 2021 жылы 1500 орындық жаңа мектеп салынады. Білім берудің алғашқы жаңа нысандарын 2021-2022 оқу жылының басында пайдалануға беру және сол арқылы мектептердегі орын тапшылығын 73%-ға төмендету жоспарлануда. Сонымен бірге қашықтан білім беру сапасын арттыру үшін отандық «Online Mektep» және «Сфера» отандық білім беру платформалары белсенді қолданылады. Жергілікті бюджет есебінен 42 мың компьютерлік техника және Үкіметтің резервтік қоры есебінен 38,5 мың компьютерлік техника сатып алынды. Интернет өткізгіштігі төмен 169 аумақта желі жылдамдығын арттыру үшін қосымша антенналар орнатылды. 30 мыңнан астам симкарталар мұқтаж отбасыларға берілді. Ең бастысы, қала әкімінің бастамасымен жеке меншік балабақшалардағы ата-ана төлемін жергілікті бюджет есебінен субсидиялауға ерекше назар аударылып отыр.
«Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік тапсырыспен жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтануды жергілікті бюджеттен субсидиялау бойынша қабылдаған іс-әрекеттері қолайлы жағдай жасайды және қаламыздың жеке мектепке дейінгі білім беру кәсіпкерлігін дамытуды ынталандырады. Мемлекеттік тапсырысты орналастырмайтын жеке меншік балабақшалар адал бәсекелестік арқылы баға деңгейін реттейді. Мұндай іс-шаралар біздің алға жылжитынымызға, жұмысымыздың нәтижесін көретінімізге сенім береді», деді Жекеменшік білім беру ұйымдары республикалық қауымдастығының төрайымы Роза Садықова.
Өз кезегінде еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин білім беру процесінің қауіпсіздігі, инклюзивті және қосымша білім беру, тамақтану сапасы, сондай-ақ білім беру саласындағы ұйымдарды басқару сапасын арттыру әдістері мәселелерін қозғады.
Алқа отырысында балабақшалар мен мектептердегі балалардың тамақтану сапасын бақылау, жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Алматы «сары» аймаққа кіргендіктен, оқушылардың денсаулығын қорғау үшін кезекші топтарда санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейту тапсырылды.
«Ең маңыздысы – балалардың денсаулығы. Сондықтан эпидемиологтар белгілеген қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет», деді Б.Сағынтаев.
Алдағы бес жыл ішінде қала балабақшаларында 20 мыңнан астам жаңа орын ашылмақ. Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қазір мектепке дейінгі тәрбиемен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 65 080 бала, 3 жастан 6 жасқа дейінгі 57 020 бала қамтылған. Балабақшалардағы кезекті азайту үшін келелі шаралар қабылданып отыр. Биыл 670 орындық 4 мемлекеттік балабақша пайдалануға беріліп, 120 орындық тағы 1 мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталып келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 520 орындық тағы 3 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса биыл 1 378 орындық 48 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Осы 5 жылда 360-қа жуық жекеменшік балабақшада 14 900 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын кезең-кезеңмен орналастыру жоспарланған. Сонымен қатар орын тапшылығын төмендету мақсатында жеке білім беру ұйымдарына жалға берілген мемлекеттік балабақшаларды қайтару бойынша шаралар қарастырылған. Осы жұмыс аясында Әуезов ауданындағы жалға берілген «Сказка» балабақшасының ғимараты қайтарылды. Қазір күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, 2021 жылы онда 320 орындық 14 топ ашылатын болады.
АЛМАТЫ