Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Хабаровскіде «Амур» клубымен өткізген «Барыс» екінші кездесуінде ірі есеппен жеңіліп қалды.
Екі команда арасындағы алғашқы бәсекеде жерлестеріміз негізгі уақытта мұз айдын иелерімен 4:4 есебімен тең түсіп, буллит сериясында қарсыластарының алдын орап кеткен болатын. Арада екі күн өткеннен кейінгі қарымта кездесуге «Амур» ойыншыларының жеңілістен сабақ алып, тыңғылықты дайындықпен келгені бірден байқалды. Яғни кездесудің алғашқы екі кезеңінде «Барыс» қақпасына жауапсыз төрт шайба соқты. Бірінші 20 минутта Кирилл Рассказов (10-минут) пен Гинек Зогорна (18-минут) көзге түссе, екінші кезеңде Гинек Зогорна (22-минут) дубль авторы атанды. Ал 33-минутта Александр Горшков командасының төртінші шайбасын соқты.
«Амур» ойыншылары төрт шайбамен шектеліп қана қоймай, үшінші кезеңде тағы бір гол салды. «Барыстың» бос қалған қақпасын Владимир Бутузов дәл көздеп, кездесудің нүктесін қойды. Екі кезең бойы гол соға алмаған қонақтар тек үшінші кезеңде бір голмен қарымта қайтарды. Шайба авторы – Даррен Диц. Осылайша, жерлестеріміз қарымта матчта «Амурдан» 5:1 есебімен оңбай жеңілді.