Сарыағашта 5 ай бұрын із-түзсіз жоғалған жігіт мегаполистен табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Әйел 2020 жылдың тамыз айында 33 жастағы ұлының үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан.
Жақындарының айтуынша, олар жігітті жұмыс іздеп кеткен болар деген оймен мүлде іздемеген. Өйткені бұдан бұрын да ол 2-3 рет із-түзсіз кетіп, жұмыс істеп, қайта оралған екен. Бесінші ай бола бастағанда хабарсыз кеткен ұлын уайымдаған ата-ана өз бетінше іздеген, бірақ одан нәтиже шықпаған. Осыдан соң олар полицияның көмегіне жүгінген.
Аталған жайтты полицейлер бірден тіркеуге алып, жігітті іздеуге кіріседі. Облыс көлеміндегі аудандық, қалалық полиция басқарма, бөлімдеріне бағытнамалар жіберіледі. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жоғалған жігітті тез арада табу мақсатында сұрастыру жұмысын жүргізеді.
Нәтижесінде төрт күннен соң із-түзсіз кеткен жігіттің жүрген жері анықталып, жедел уәкілдер сол мекенжайға жетеді. Яғни полицейлердің іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ол Шымкент қаласында құмар ойындарын ойнап жүрген жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Жоғалған жігіт қалтасындағы азын-аулақ ақшасымен жұмыс іздеп шығып кетіп, алайда құмар ойындарына деген қызығушылығының әсерінен тапқан ақшасының барлығын ойынға жұмсап, кері қайтайын десе жақындарына айтуға бата алмай, Шымкент қаласында қалып қойған.
Жігіттің анасы полиция қызметкерлерінің жедел түрде іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ұлын дін аман тапқанына алғысын жеткізді.
Осы ретте облыс полицейлері барлық тұрғындарға ескертеді, егерде жақыныңыз немесе танысыңыз із-түзсіз кеткен болса бірден уақыт жоғалтпай полиция қызметкерлеріне хабар беріңіз. Дер кезінде берілген хабар жоғалған жанның табылуына өз септігін тигізбек.