7 қаңтарда Семей қаласындағы Қарағайлы шағын ауданындағы жаңа үйдің жоғарғы қабатынан су аға бастаған. Шатырда ыстық су құбыры жарылғаны анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz
Жоғары қабаттағы пәтерлерді су басқан. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, су бірінші қабатқа дейін жеткен. Суды тоқтату үшін ПИК қызметкерлері құбырды жапты. Алайда сырттағы ауа температурасының 30-40 градус болуы жағдайды қиындатып тұрған көрінеді.
«Бізде топан су болып жатыр! Мұндай үйде қалай өмір сүруге болады? Біздің көшкенімізге бір жыл да болған жоқ. Кейін не болмақ? Бұл жаңа үй! Үй салушылар, қараңдар мынаған!», дейді тұрғындар.
Тұрғындар су қатып, мұз болып қалмауы үшін түні бойы үйді тазалап шыққан. Айта кетейік, тоғыз қабатты үй 2019 жылы қолданысқа берілген болатын.